• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Мамыр, 2024

Көшбасшылық қабілеттің берері мол

65 рет
көрсетілді

Биыл сәуірде Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан арасындағы «Capacity Building» бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастықтың негізінде «Kazakhstan Executive Leadership Program 2024» оқыту бағдарламасы басталды.

Елордада басталған офф­лайн оқыту семинарында елі­міздегі әріптестеріне БАӘ үкімет мүшелері мен мемлекеттік ұйымдармен тығыз жұмыс істейтін беделді тұлғалары дәріс өткізді. Екі күнге созылатын оқыту аясында ел экономикасындағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдары түсіндірілмек.

Екіжақты ынтымақтастық аясында әлеуетті арттыру тәжіри­бесіне көңіл бөлініп отыр. Бағдарлама аясында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен  Мұхаммед бен Рашид мемлекеттік басқару мектебі мемлекеттік органдардың басшыларын бірлесіп оқытып жатыр. Яғни Қазақстан БАӘ-ге цифрландыруға жауапты вице-министрлерді оқытуға жібер­се, олар жасанды интел­лектіні қолдана отырып, түрлі сала­лардағы мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдері мен әдістерін бөлісуге ниетті.

БАӘ Министрлер Кабинеті министрінің бәсекеге қабілеттілік және тәжірибе алмасу мәселелері жөніндегі орынбасары Абдулла Нассер Лута бастаған делегация да екі ел арасындағы мәдени, экономикалық байланыстың нығаюына мүдделі. «Тек ол ғана емес, бүгін мемлекеттік қызметкерлер тәжірибе алмасып жатыр. Бұл дегеніміз біз үшін де үлкен мәртебе. Алдағы уақытта ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз», дейді мәртебелі мейман.

Президент жанындағы Мем­лекеттік басқару акаде­миясы­ның ректоры Ерлан Әбілдің сөзін­ше, мемлекеттік саясатты жүргізуде араб халқының тиімді тәжірибелері көп. Бүгіннің өзін­де бұл елдің ведомствоаралық коммуникацияларды оңтайлы қолдану және жүзеге асыру бағытындағы жұмысын үлгі етіп отырған мемлекеттер бар. Сондықтан вице-министрлер мен орынбасарлары, квазисектор мен департамент басшылары, академия өкілдерінен 33 адам әр түрлі топқа бөлініп, өз салалары бойынша араб әріптестерінің дәрісін тыңдады. Ал келесі жолы Қазақстан делегациясы БАӘ-ге бару көзделіп отыр. Себебі даму қарқыны жоғары, тәжірибесі озық елден үйренер дүние әлі де көп.