Түркістан облысындағы су нысандарының 70 пайызы ескірген. Көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Ескі болған соң шаруалар бөлінген суды толық ала алмай келеді. Жалпы, су тапшылығы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Трансшекаралық аймақта орналасқандықтан басқа елдерден келетін суға тәуелдіміз. Ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейі төмен. Ескірген технология, жердің құнарлылығының нашарлығы, минералды тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланбау оған басты себеп болып отыр.
Түркістанда «Оңтүстік аймақтағы агроөнеркәсіптің жай-күйі: проблемалары мен шешу жолдары» тақырыбында өткен көшпелі мәжілісте сенаторлар осындай деректер келтірді. Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысында комитет төрағасы Әли Бектаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына агроөнеркәсіп секторындағы өндіріс көлемін 70%-ға өсіру міндетін алға қойғанын атап өтті. «Бірінші кезекте ауыл шаруашылығын еш кедергісіз жүргізу үшін жағдай жасау керек. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі мен сапасын арттыру үшін жер мен табиғи ресурстарды пайдалану бойынша тиімді жағдайлар, инновациялық технология мен жабдықтар қажет», деді сенатор. Сондай-ақ Әли Бектаев оңтүстікте тозығы жеткен су нысандарының көп екендігін жеткізіп, аталған жағдайларды шешу үшін су үнемдеу технологиясын пайдалану қажеттігін айтты. Аграрлық саладағы өзекті мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. «Аграрлы салада мәселе өте көп. Ең бірінші – қайта өңдеуге қатысты қаржы жетіспейді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау мәселесі де бар. Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау мәселесін болашақта жергілікті жердегі өкілетті органға, мәслихаттарға беру керек. Себебі әр өңір аграрлы сектордың қай саласын дамыту қажеттігін жақсы біледі. Егер республикадан қаржы бөліп, трансферт ретінде облыстың бюджетіне түсірсе, содан мәслихатқа тәртібін бекітіп, саланы дамыту қажеттігі туралы талап қойылса, облыс өзіне қажетті өндірісті дамытуға мүмкіндік алады деп ойлаймыз», деді комитет төрағасы. Субсидияны беру тәртібінің өзінде бюрократтық мәселелер өте көп. Шаруа бір қағазды рәсімдеу үшін бірнеше құжат толтырады. Бірнеше жерден рұқсат алуы және жобалар жасап, қаржы шығару керек. Бұл жүйемен шаруа субсидия алмайды. Ал алмағаннан кейін аграрлы сектор дамымайды. Майда шаруашылықтарды біріктіріп, кооперация құрған тиімді. Ол өнімділікті арттырып, бағаны реттейді. «Ұсақ шаруашылықтан алынған өнімнің көлемі төмен, өнімділігі де аз. Сол себепті оның бағасы жоғары болады. Сондықтан біз су үнемдеу технологиясын, дұрыс суару системасын реттеуіміз керек. Сапалы ұрық егу, техникамен қамтамасыз ету қажет. Майда шаруашылықтардың басын біріктіріп ауылшаруашылық кооперацияларын көбейтсек, олардың жері ұлғаяды. Содан тың жерлер пайдаланылса, өнім көбейіп, өнімділік артады. Баға төмендейді. Біз осы жағына көңіл бөлуіміз керек. Ауыл шаруашылығына бөлінген қаражат сондай қажетті жерлерге жұмсалуы қажет», деді Әли Бектаев. Бұл орайда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы 2030 жылға қарай облыста су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу қарастырылғанын, биыл жаңадан 22 мың гектарға су үнемдеу технологиялары орналастырылатынын айтып өтті. Төрт айда су үнемдеу технологиялары жаңадан 7 мың гектарға ендірілген. Сондай-ақ Е.Кенжеханұлы үнемдеу технологияларын ендірудегі өзекті мәселелерге тоқталды. «Жаңа «Инвестициялық субсидия» ережесі жобасында су үнемдеу технологияларын ендіру шығыстарын 50%-ға өтеу, жергілікті бюджет есебінен өтеу үлесін қосымша 30% ұлғайту, яғни жалпы 80%-ға субсидиялау қарастырылған. Қажетті қаржы көлемі 2024 жылға 28,0 млрд теңгені құрайды. Бұған облыстық бюджеттің мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын тиісті деңгейде орындау үшін, қажетті қаржы толық республикалық бюджеттен қарастыруды ұсынамыз. Сонымен қатар ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығында бірнеше өзекті мәселе туындап отыр. Агроқұрылымдарды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша, АШМ-нің жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жол картасына сәйкес, облыста минералды тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу қажеттілігін 156,3 мың тоннаға қарастырылған. Облыстық бюджет есебінен 83,2 мың тонна тыңайқыштардың құнын субсидиялауға 7,0 млрд теңге бөлінді. Ендігі кезекте, республикалық бюджеттен 73,6 мың теңге тыңайтқыштарды субсидиялауға 5,4 млрд теңге қажет», деді облыс әкімінің орынбасары. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға септігін тігізетін бірқатар жұмыс та қаржыны қажет етеді. Бұл орайда Е.Кенжеханұлы нақты деректер келтіріп, ұсыныстарын жеткізді. Ал сенатор Сәкен Арубаевтың айтуынша, тұқым шаруашылығы саласында да проблема бар. Мысалы, Қазақстандағы жоғары тұқымның үлесі − 0,8, ал элиталық тұқымның үлесі 7,1%-ды құрайды. Бұл көрші Ресейге қарағанда едәуір төмен. «Демек дәнді дақылға арналған тұқымның – 40 және көкөніс пен жеміс-жидекке арналған тұқымның 100 пайызын импорттан алуға тура келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау деңгейі де төмен. Тиімді сақталатын өнім көлемі 900 мың тоннаны құрайды, бұл азық-түлік бағасына және олардың қолжетімділігіне айтарлықтай әсер етеді», деді сенатор.
Осы арада ауыл шаруашылығында пайдаланып жүрген техникалардың орта есеппен 76%-ы тозғанын айта кетелік. Бұл орайда сенатор Әли Бектаев Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында қолдағы бар 150 мың трактордың 95 мыңы, 38 700 комбайнның 23 мыңы 16 жылдан астам қызмет жасап келе жатқанын айтқан болатын. Елімізде норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайн қажет, яғни қазіргі кезде 65 мың трактор, 43 мың комбайн тапшы. Ал ауыл шаруашылығы техникаларын жыл сайынғы жаңарту деңгейі 4,5%-ды ғана құрайды. Тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек. Депутаттық сауалда келтірілген деректерге қарағанда, елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт пен өздігінен жүретін техникалар шығаратын 8 кәсіпорын бар. Ол кәсіпорындар 2023 жылы 5 400 трактор, 1000 комбайн, 17 мыңнан астам тіркемелі құрылғы шығарған. Яғни, олар тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттіліктің 80%-н, ал тіркемелі техникалардың 30%-ға жуығын құрады. Өкінішке қарай, елімізде шығарылатын тракторлар мен комбайндардың қазақстандық мазмұны 42-44% ғана. Негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келеді. Сондықтан да олардың бағасы өте қымбат. Тауар өндірушілер ала алмайды. Сондай-ақ сенатор депутаттық сауалында халықты алаңдатып, наразылығын тудырып жүрген «кәдеге жарату алымы» (утиль сбор) мәселесін де көтерді.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Түркістанда өткен көшпелі отырысында, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов салаға келетін инновация, ал Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары Ерболат Ибрайханов су ресурстары саласындағы проблемаларды шешу жолдары, Сауда және интеграция министрінің орынбасары Айдар Әбілдабеков АӨК саласындағы өндірісті дамыту және кәсіпкерлерді қолдау қарқыны туралы баяндама жасады. Сенаторлар көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылармен бірге Үкіметтің атына жіберілетін бірқатар ұсыным әзірледі.
Түркістан облысы