Биылғы алапат су тасқыны елді біраз әбігерге салды. Ендігі міндет – алдағы уақытта осындай төтенше жағдайды болдырмау үшін су тасқынының алдын алуда орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан жол берілген елеулі кемшіліктерді талдап-талқылап, тағылым алу.
Тек Төтенше жағдайлар министрлігінің шенеуніктері «Биылғы су тасқыны – 80 жылда бір-ақ рет қайталанған құбылыс. Енді көп уақыт мұндай төтенше жағдай болмайды», деп арқаны кеңге салып, жайбасарлық пен жайбарақаттық танытпаса, құба-құп. Өйткені апат айтып келмейді. Мәселен, 2010 жылғы наурыз айында Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасындағы бөгет бұзылып, топан су Қызылағаш ауылындағы 450 үйді қиратып, 45 адамды мерт қылғаны жадымызда. Осы қасіретті оқиғаға байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланған еді. Адамдардың қаза табуына әкеліп соққан төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, кінәлі лауазым иелері сот арқылы жазаға тартылған. Кейін Қызылағаш ауылының алдында су тасқыны құрбандарына арналған ескертіш монумент орнатылған. Алайда өкінішке қарай, Қызылағаш оқиғасынан ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдар сабақ алды деу қиын. Биылғы алапат су тасқыны соны айғақтап берді.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек. Сондықтан табиғат апаттарымен күресетін пәрменді шаралар қабылдау үшін мемлекет пен ғылымның ықпалдастығын іс жүзінде қайтадан түзу қажет. Менің тапсырмаммен Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады. Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылады. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартамыз. Оның арнайы техникасының, тікұшақтары мен ұшақтарының санын көбейтеміз. Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Бұл қызмет жерасты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысады», деді.
Мемлекет басшысының Үкіметке берген осы тапсырмалары ойдағыдай іске асырылса, елімізде су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи апаттардың алдын алуға қажетті мүмкіндік туары анық. Бұл ретте ендігі ең маңызды мәселе – орындаушылық тәртіпті күшейту, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін арттыру. Мәселен, Сенат депутаты Серік Шайдаров жуырда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында «Министрліктердің жұмысында жүйелілік пен сабақтастық жоқ. Он жыл бұрын министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, еріген қар суын жинау, су қоймаларын салу, гидротехникалық ғимараттарды қайта құру және жөндеу, өзен арналарын тазарту бойынша үлкен жоспарлар жасады. Алайда сол жоспарлардың көпшілігі қағаз жүзінде қалды», деді.
Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы мәселе бойынша Бас прокурорға депутаттық сауал жолдады.
«Елімізде кейінгі отыз жылда болған ірі су тасқындарына назар аударсақ, олар 1993, 1994, 2008, 2010, 2011, 2012, 2014, 2017 және 2018 жылдарға келген екен. Сарапшылардың есептеуінше, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 315,2 млн доллардан асады. Ал биылғы шығын бұлардың бәрінен асып түсіп, антирекорд болғалы тұр. Алайда осы кезге дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылмапты. Бұл жерде мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген – Үкімет емес, жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады. Қылмыстық кодекстің 3-бабында аса ірі залал және ауыр зардап деген ұғымдар бар. Биылғы су тасқынында мемлекет те, азаматтар да аса ірі көлемде шығынға ұрынды, ең қиыны – адамдарымыздан айырылып қалдық. Осыған байланысты Президент сізге нақты тапсырма берді. Сондықтан мен бір топ депутат арнайы барып, қалыптасқан жағдайды зерттеген екі өңір – Батыс Қазақстан облысының және Атырау облысының Құлсары қаласының мысалында тексеруді Бас прокуратура деңгейінде, кешенді түрде ұйымдастыру қажет деп есептеймін», деді А.Құспан.
«Бұқаралық ақпарат құралдарына, жоғары жаққа жалған ақпар беретіндерге қатаң жаза белгіленуі шарт. Бұл – қиын шаруа емес. «Сөз бен істің арасында саңылау қалмаса екен» деген халықтың тілегі бар. Қазіргі заманда әр деңгейде шұғыл шешім қабылдап, жауапкершілікті мойынға алатын тұлғалар қажет. Тиісті лауазымға тағайындау кезінде талап етілетін өлшемдердің бірі нақ осы қасиет болғаны жөн», деп жазды мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Тағы бір ойланарлық жайт – мәжілісмен Мақсат Толықбай ризашылықпен атап өткен Атырау облысындағы Миялы ауылы сияқты тұрғындары сын сағатта жұдырықтай жұмылып, апатқа қарсы тұра білген ауызбірлігі мықты елді мекендерді өзгелерге үлгі-өнеге ету шараларын қарастыру. Бәлкім, аудандық немесе облыстық мәслихаттар олар үшін «Ұйымшыл ауыл» құрметті атағын тағайындап, оның куәлігін салтанатты жағдайда тапсырған жөн шығар.