• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Музей 21 Мамыр, 2024

Қазақстандағы ең басты үш музейге ұлттық мәртебе беріледі

189 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең маңызды үш музейге ұлттық мәртебе беріледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімі барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Былтыр менің Жарлығыммен еліміздегі іргелі мәдениет ордаларына ұлттық және академиялық мәртебе берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. Еліміздегі ең басты үш музейге, яғни үш мұражайға ұлттық мәртебе беріледі», деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы музейдің қазіргі заман талабына сай қоғамдық сананы жаңғыртуға ықпалы зор озық мекемеге айналуы керектігін тілге тиек етті. 

«Қазіргі заман талабына сай музей қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды», деп қосты Президент.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті