Құлсары қаласының тұрғындары жақында Жылыой аудандық әкімдігінің алдына жиналған еді. Күн тәртібіндегі мәселе – тасқын су басқан тұрғын үй үшін лайықты өтемақы алу.
Бір күнде баспанасынан, дүние-мүлкінен айырылған тұрғындар жанайқайын жергілікті атқарушы органға жеткізу үшін осындай қадамға барды.
Әкімдік ғимаратының алдындағы алаңға жиналған тұрғындардың талабын алдымен Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов тыңдады. Кейін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Құлсарыға арнайы барды. Бір күннен соң облыс әкімі Серік Шәпкенов құлсарылық тұрғындармен кездесті.
Облыс әкімі шырылдаған тұрғындарға келтірілген шығынды төлеудегі ерекшеліктерді түсіндірді. Әкімнің айтуына қарағанда, апатты деп танылған, жөндеу жүргізуге шешім қабылданған үйлер үшін өтемақы беріледі. Бірақ өтемақы да, залал шығыны да нарық бағасына сәйкес төленеді.
«Барлық зардап шегушіге бірдей сомада өтемақы беру мүмкін емес. Бағалау кезінде көптеген параметр, атап айтқанда, құрылыс материалдарының сапасынан бастап үйдегі есіктің санына дейін ескеріледі. Сондықтан апатты үйді жөндеу және төлеу сомасы әртүрлі болады. Қазір үйді тұруға жарамсыз деп таныған кезде орташа өтемақы бір шаршы метр үшін шамамен 200 – 240 мың теңге аралығында белгіленді», деді С.Шәпкенов.
Әкімнің дерегіне сүйенсек, қазір Құлсары қаласындағы тасқын су басқан үйлерді бағалау жұмысы жалғасып жатыр. Оны осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал жылжымайтын мүлікті бағалау комиссиясына 2 727 өтініш түскен.
«Тасқын су басқан 1 мыңға жуық үй апатты деп танылды. Қазір 500 тұрғынға бағалау қорытындысы туралы ақпарат берілді. Оның ішінде апатты үйдің 105 иесі, баспанасына күрделі жөндеу жүргізілетін 53 тұрғын өтемақы сомасына келісіп, келісімшартқа отырды. Тұрғын үйлерді бағалау осы аптаның соңына дейін жүргізіледі. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жүр», деді облыс әкімі.
Аудан орталығы – Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында 70 үйдің құрылысы басталды. Бұл шағын ауданда 150 үй салу жоспарланып отыр.
«Тасқын судың салдарынан зардап шеккен 301 кәсіпкерден келтірілген шығынды өтеу жөнінде өтініш түсті. Зардап шеккен кәсіпкерлерге кеңес беру орталығы ашылды. Ал тұрғындардан мүліктік залалды өтеуге 2 707 өтініш түсіп, оның 416-сының қорытындысы дайын болды. Мүліктік залал үшін 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы беріледі», деді С.Шәпкенов.
Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың мәліметінше, тасқын судың салдарынан тұрғындар иелігіндегі 876 мал мен 532 құс өлгені анықталып отыр. Осыған байланысты аталған бөлімге 101 өтініш түсіпті.
«Су тасқыны кезінде өлген малдың ішінде 697 қой-ешкі, 93 мүйізді ірі қара, 55 жылқы, 31 түйе және 532 құс бар. 20 мамырдан бері 23 тұрғынға өлген малына жалпы сомасы 25,6 млн теңгенің өтемақысы төленді. Енді 78 тұрғынға өтемақы мамырдың соңына дейін төленеді. Өтемақының жалпы сомасы 93,5 млн теңгені құрайды», дейді Н.Қуатбаев.
Құлсары қаласына төтенше жағдай енгізілген 4 сәуірден бері 1 мың тоннадан аса гуманитарлық көмек жеткізілді. Осындағы еріктілер штабының жетекшісі Жанаргүл Шарғабаеваның айтуынша, гуманитарлық көмек орталығында азық-түліктің мол қоры бар. Азық-түлікті 60-қа жуық ерікті тұрғындарға таратып жүр.
«Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік арнайы кестеге сәйкес таратылады. Қазір 500-ге жуық отбасын қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырмыз. Жақында 20 тонналық жүк көлігімен гуманитарлық көмек жеткізілді. Оны 4 пункт арқылы таратуды қолға алдық. Қазір ұн, мұздатылған құс еті, жұмыртқа, жарма, жаялық пен төсек жабындысы секілді азық-түлік пен қажетті заттардың қоры жинақталды. Құлсары қаласына ұзақ сақталатын азық-түлік, гигиеналық құралдар мен тұрмыстық химиялық заттар облыс орталығынан жеткізіліп жатыр», деді Ж.Шарғабаева.
Міне, Құлсары қаласында тасқын судың зардабын жою мақсатында осындай жұмыстар іске асырылып жатыр. Мұның бәрі зардап шеккен тұрғындардың қалыпты тірлікке оралуына ықпал ету үшін қолға алынған. Кеше Жылыой ауданы әкімдігінің алдында бірнеше күн тұрған құлсарылық тұрғындар тарады. Мұны аудандық әкімдік тұрғындардың су басқан үй үшін берілетін өтемақыға байланысты жұмыстарға түсіністікпен қарауы деп бағалады.
Атырау облысы