• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Музей 23 Мамыр, 2024

Музейдің тәлімді түні

124 рет
көрсетілді

Мыңбояулы шаһардың тұрғындары Мемлекеттік Орталық музейде өткен дәстүрлі «Музей түні» жобасынан айрықша әсер алды. Тарих пен дәстүрді дәріптеуге бағытталған үш күндік шараға биыл 35 мың адам қатысты.

Әсерлі түннің қонақ­тары ел тарихында есімі алтын әріп­­пен қашалған тұғырлы тұл­ға­­лардың өмір тынысы­на қатысты деректермен «Ұлы даланың ұлы есімдері» көр­месі арқылы таныс­ты. Көрмеге А.Құнанбайұлы, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Тыныш­баев,Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, К.Ақышев, Ө.Жәнібеков, Б.Қожамқұлова мұралары қойылған. Олардың тіршілігінде тұтынған бұйым­дарын, құжаттары мен фото­сурет­терін көзбен көру көрер­мен­дерге шабыт сыйлады.

Қазақ бейнелеу өнерінің бас­тауында тұрған ұлы су­рет­­шілер Ә.Қастеевтің 120 жыл­дық, Ү.Әжиевтің 100 жылдық, Н.Нұрмұхамедовтың 100 жыл­дық, С.Қожықовтың 100 жылдық, Г.Исмаилованың 95 жыл­дық мерейтойларына ар­налған «Қылқалам шебер­ле­рі» атты көрме де дәл осы шара аясын­да ашылды.

Қылқалам әлеміне қызыға­тын қонақтар мұндағы «Дәс­түр­дің бет-бейнесі: Қазақс­танның этностық симфония­сы» көрмесі арқылы Нағима Ибрашева, Ләйла Жарқын, Әсем Сүлейменова, Алтынай Байжанова, Динара Закарадзе сынды жаңа заман сурет­ші­ле­рінің шығарма­шы­лығымен танысты.

Ең қызығы, музейдің рес­таврация орталығының қыз­мет­керлері қонақтарға кескін­демелерді, керамика мен металды, ағаш пен матаны, киізден жасалған бұйым­дар­ды қалпына келтіру­ден ше­берлік дәріс өткізді. Әсі­ресе «Көне заман көлең­ке­­лерінің құпиялары», «Архео­лог­тің дала қосыны», «Әлем халықтарының музыка­лық аспаптары», «Кал­лиг­ра­фия – ғылым мен өнер түрінде», «Алыс-жақын шетел­дің ақша түрлері» тақырып­тық-та­ным­дық жобалары жас көрер­­мен­дер­дің қызығу­шы­лы­ғын тудырды.

Қонақтарға «Білім беру және зерттеудегі музейлер» тарихи-танымдық маршруты ұсынылды. Онда бала экс­курсанттар жүргізген «Му­зейдің таңғажайып әлемі» бағдарламасы, Қазақстан тарихы бойынша квесттер, «Мен қазақтың тарихын білемін» және «Ұлы Жібек жолының тарихы» викториналары ұйым­дас­тырылды.

Дәл осы түні ерекше жан­дар­ға арналған «Тактиль­дік жә­­ді­герлер: қазақ халқы­ның мәде­ниетімен танысу» жаңа инк­люзивтік жобасының та­ныс­тырылымы өтті. Жоба «Qazaq-Оner» Ұлттық қауым­дас­тығының, «Aigul Line» брен­дінің негізін қалаушы әрі пре­зи­денті А.Жансерікованың, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер кол­леджі мен «Бақыт» сәндік және қолданбалы өнер орта­лы­ғының қолдауымен жүзеге асқан.

Көрермен назарына ұсы­ныл­ған «Он саусағынан өнер тамған» танымдық кластері аясында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, суретшілер мен қолөнершілер ашық шеберлік сағаттарын өткізді. Жобаға үн қосқан Daru университеті «Музейдегі AI: технология мен өнердегі революция» шарасы аясында музей экспонаттарына жан бітіру үшін жасанды интеллектті пайдалана отырып алдыңғы қатарлы озық тех­нологиялардың әлеуетін көрсетті.

«Бұл жылғы шара музейдің білім саласындағы алар орнын, өскелең ұрпақты тарих пен дәстүрді дәріптеу арқылы тәр­биелеу және ұлттық мә­дениетті насихаттаудағы музей­дің өлшеусіз үлесін айқын­дау үшін «Білім беру және зерттеудегі музейлер» тақы­ры­бында өтіп отыр. Таңда­лып алынған тақырып музейдің негізгі қызметінен бөлек тәрбие және білім беру саласын да қамтитын серпінді ғылым-білім орталығы екенін көрсетеді», дейді Мемлекеттік орталық музейдің директоры Рашида Харипова.

«Музей түні» мерекесінің шең­берінде жарияланған «Му­зейге сыйлық – ұрпаққа мұра» акциясында азаматтар музейлік құны бар заттар мен көне бұйымдарды музей қорына тапсырды. Атап айтар болсақ, әнші А.Нұрмағанбетованың, күйші Қ.Жантілеуовтің, жазушы А.Мекебаевтың, тағы басқа тұлғалардың жеке қорындағы құндылықтар Орталық музей қорына қабылданды. Арнайы концерттік бағдарламада Ха­лық әртістері, мемлекеттік оркестрлер, музыкалық және шы­ғар­машылық ұжымдар мен ансамбльдер өнер көрсетті.

 

АЛМАТЫ