Бүгінгі таңда ел болып етек-жеңін жиған түрік текті халықтар өз тарихын түгендеп, бұрмаланған беттерін түзетіп жатыр. Ел болып еңсемізді көтерген біздің жұрт үшін де өткендегі барын бағалап, жоғын жоқтайтын кезең туған сияқты.
Біз сөз еткелі отырған «түрік» этнонимі VI ғасырда пайда болған Түрік қағанатымен тікелей байланысты. Көне түріктер өз жазбаларында qrut (түрүк) немесе Krut (түр(ү)к) түрінде жазып, «түрүк» деп айтты. Көне түрік бітіг жазуының ерекшелігі негізінде қарайтын болсақ, бұл жазбалардағы «түрік» сөзінің бастапқы нұсқасы екі түрлі жазылғанымен, бірдей оқылатын еді. Транслитерациясы мен транскрипциясына қарайтын болсақ:
q r u t K r u t
Транслитерациясы: ü k r ü t k r ü t
(оқу бағыты оңнан солға)
Транскрипциясы: türük tür(ü)k
Бірінші сөздегі лигатуралық таңба q (ük-kü, ök-kö) түрінде оқылады. Ал екінші сөздегі қызылмен белгілеген таңба u (ö,ü) дауысты дыбысының жазылу заңдылығы бойынша, егер бірінші буында еріндік дауысты дыбыс жазылса, келесі буындарда да еріндік дауысты дыбыс үндесім заңдылығы негізінде дыбысталуы керек. Яғни транcлитерацияда осы екінші буындағы u (ö,ü) еріндік дауысты дыбысы жазылмағанымен, транскрипциясында біз u (ö,ü) еріндік дауысты дыбысын жазуымыз керек. Мысалы: NDUB bud(u)n – халық деген сөздегі сияқты.
Көне ұйғыр жазуларында «түрік» сөзі еш өзгеріссіз көне түрік тіліндегі сияқты «түрүк» деп жазылған.
Транскрипциясы: Түрүк
Тарихи кезеңдерде түрік халқының түрлі жазуларды қолдануының да тіліне әсер еткендігін байқауға болады. Оның ең нақты көрінісін түріктердің дауыссыз дыбыстарға негізделген араб жазуын пайдалануынан аңғарамыз. Араб жазуына көшкен кезде біз «түрүк» сөзін бірден «түрік» сөзіне айналдырғанымыз байқалады. Шағатай және араб графикасына негізделген қазақ жазуларында біз «түрік» сөзінің өзгергенін анық байқаймыз. Шағатай және қадым жазуларында дауысты дыбыстар көбінесе жазылмады. Тек еріндік дыбыстар алғашқы буында көрсетілді. Осы кезеңнен бастап көне түріктердегі «түрүк» сөзі «түрік» болып өзгерген. Яғни қазақ халқының этнос ретінде қалыптасу үдерісімен бірге «і» дыбысы қалыптасып, «түрүк» атауының «түрік» болып өзгеруі байқалады.
«Түрік» сөзі қытай деректерінде «tie-le» (鐵勒) немесе «tu-jue» (突厥) түрінде кездескенімен, ресми түрде 542 жылы «tu-jue» (突厥) деп жазылды (Liu Mau-Tsai, Die Chinesischen Nachrichten zur Geschichte der Ost-Türken, I, Wiesbaden, 1958, s. 28; Harper, Douglas . «Online Etymology Dictionary». Ohio University. 2003. Archived from the original on 2007-02-11). Қытай тілінде «р» дыбысының болмауына байланысты көбінесе оның орнына «л» дыбысын білдіретін таңбалар қойды. Сонымен қатар грек деректерінде Thrak, Targita, Tyrkae, үнді деректерінде Turukha, Turuška, Кіші Азиядағы басқа деректерде Turukku деп кездесетін атаулардың осы түріктермен байланысты екендігін білеміз. Тіптен кейбір ғалымдар Тауратта жазылған (Тор кітабы) Togharina атауының осы түріктермен байланысты екендігін алға тартады (İbrahim Kafesoğlu, «Tarihte «Türk» Adı», Reşid Rahmeti Arat İçin, Ankara, 1966, s. 307).
«Түрік» сөзінің мағынасына байланысты ең көне дерек – қытай жылнамасы Сүй-шуда «tu-kie» сөзінің қытай тілінде «дулыға» деген мағына беретіндігі жазылған. Оның түріктердің темір өндірумен айналысып, Алтай тауын мекен еткендігімен және өздеріне арнап жасаған, соғыста басына киген бас киімін осы тауға ұқсатып жасағандығымен байланыстырады. Кейіннен бұл сөз парсы тіліне «targ» түрінде еніп «дулыға» деген мағынаға ие болса керек (Bernhard Munkacsi, «Die Bedeutung des Namens der Türken», Körösi Csoma Archivum, I, (1921-925), s. 60- 61). Түріктердің өз тарапынан берілген алғашқы анықтамаға жүгінсек, Махмұт Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде сол кезеңдегі ислам философиясының әсерімен «Бұл қауымның атын Тәңірінің өзі қойған, Нұх пайғамбардың Түрік деген ұлынан тараған қауымға берілген атау» деп көрсетіледі (Kaşgarlı Mahmud, a.g.e., I, s. 353).
Ғылыми тұрғыда «түрік» сөзінің этимологиясына үңілген алғашқы ғалым А.Вамбери болды. Ол «түрік» сөзін түрік тіліндегі «türe» сөзімен байланыстырып, «пайда болу, жаратылу» деген мағына берген дей келе, türe = tür= tür+ük (ük – көптік жалғауы) түріне айналған деген болжам ұсынған. Бұл да түріктердің тарих сахнасына шығуына қатысты әпсанамен тығыз байланысты сияқты. Қасқырдан тараған (пайда болған) деген мағынамен астасып жатқан секілді. Бұл көне замандағы халықтардың өз тарихын ұлықтау үшін жасаған мифологиялық қиялынан туса керек. Бұл жағынан ежелгі рим мифіндегі Римнің негізін қалаған, қасқыр емізген Ромул пен Рем оқиғасына ұқсайды. Дәл осындай бейне көне түрік бітігтастарының ішінде Бұғыты мәтінтасында кездеседі. Қытай деректерінде де түріктердің қасқырдан шыққандығы жөніндегі мәліметтер мен түріктердің өздерінің бөрі текті және бөрілі байрақ алып жүруінің астарында осы таным жатса керек (Wolfram Eberhard, Çinin Şimal Komşuları, Ankara, 1996, s. 86). Ал неміс ғалымы Ф.В.К. Мюллер көне ұйғыр тіліндегі «erk» сөзі мен «түрік» сөзі арасында байланыс құрып, «түрік» сөзінің мағынасын «күшті, мықты, құдретті, ерікті» деп берген.
Алғашында тек билеуші тайпаның атауы болған «түрік» атауы кейіннен көшпелі киіз туырлықты біраз халықты қамтыды. Ал Түрік қағанаты тұсында оның қол астындағы барлық тайпаларға жалпылама түрде берілген атау болғандығын біз сол кезеңде жазылған мәтіндерден аңғарамыз: «Түркеш қаған түрігім, елім еді» (Білге қаған мәтіні, шығыс беті, 16-жол), «Түрік, оғыз бектері, халқы тыңдаңдар...» (Күлтегін мәтіні, оңтүстік беті, 22-жол), «Түрік сыр халқының орнында халық қалмады» (Тоныкөк І мәтіні, батыс беті, 4-жол). Осы мәтіндер негізінде сол кезеңде «түрік» аталған тайпалар ретінде Түргеш, Басмыл, Тоғыз оғыз, Отыз татар, Он оқ, Сыр, Оғыз тайпаларын атай аламыз. Ал кейіннен «түрік» атауы түрік тілінде сөйлейтін көптеген тайпалардың жалпылама атауына айналды. Кейіннен «түрік» атауымен бірге «түрікмен» атауы да қалыптасты. Оны Махмұт Қашғари өз сөздігінде: «Сен кімсің?» деп сұрағанда, «Мен түрікпін» деген мағынада «түрікмен» сөзі қалыптасты дейді. Қызығы, түріктердің отырықшылыққа бейімделуіне байланысты жергілікті халық отырықшы түріктерді «түрік», ал көшпелілерді «түрікмен» деп атағанын көруімізге болады.
Ал тарихтан біз «Түрікстан» атауының «түрік жұрты» мағынасында қолданылғандығын және батыста Каспий (Хазар) теңізінен бастап шығыста Алтай тауларына дейінгі, оңтүстікте Ыстықкөл мен Аралдан, солтүстікте Сібірге дейінгі аймақты қамтығанын білеміз. Кейіннен Шығыс және Батыс Түрікстан деген атаулар қалыптасты. Шығыс Түрікстан қазіргі Қытайдағы Шығыс Түрікстан автономиясынан бастап Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағын қамтыды. Ал Батыс Түрікстан деп Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның оңтүстік-батыс аймақтары мен Ауғанстанның солтүстік аймақтарын қамтыды. Парсы тілінің ықпалы негізінде «-стан» сөзі және «түріктерге тиесілі» деген мағынада «-и» жалғауы жалғанып, Түркистан=Түркістан болып кетті. Кейін Тұран мен Иранның таласы басым шекаралық аймағында қалыптасқан Түрікстан қаласының атауы да ислам діні мен Иран өркениетінің ықпалы негізінде, орыстардың да тілдік ерекшелігіне жақын болуына байланысты «Туркистан», «Туркестан» атауы негізінде қазірде Түркістан деп аталып кетті.
Тарихты терең білген Алаш қайраткерлері еңбектерінде де «түрік» атауы қазақ тілінің емле ережесіне сай «түрік» деп жазылды.
Патшалық Ресей империясы тұсында империяның басты қарсыласы болған осман түріктері мен Ресей қол астындағы түріктерді ажырату әрі бұл халықтардың арасындағы тамырлас байланысты ұмыттырып, жою мақсатында «тюрк» және «тюрки» деген терминдер қалыптаса бастады. Кеңес билігі де осы ұстанымды қолданып, 1926 жылы Бакуде өткен Түркология құрылтайында Осман империясынан бөлініп шыққан жаңа Түркия мемлекетіндегі түріктерді «түрік», ал Ресей құрамындағы түріктерді «түркі» деген айырым енгізді.
Қорыта айтар болсақ, «түрік» атауы әртүрлі тарихи кезеңдерде халықтың тілдік ерекшелігі негізінде өзгеріске ұшырап отырды. Бірақ ешқашан ұлттық фонологиялық жүйесінен алыстамады. Тек ХХ ғасырдың басында саналы түрде түрік халықтарын бір-бірінен ажырату мақсатында совет идеологтері саналы түрде ұлттық фонологияға қайшы термин қалыптастырды. Егемен ел ретінде біздің де өз тарихымызға, тілімізге, танымымызға мұқият қарағанымыз жөн. Ендеше, қазақ ұлтының өркендеуімен бірге, қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сай түлеген «түрік» сөзін өз тұғырына қондыратын кез келді деп санаймыз.
Талғат МОЛДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының доценті, түріктану PhD