• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 24 Мамыр, 2024

Абыройлы жол өнегесі

147 рет
көрсетілді

Бүгінгідей алмағайып заманда табиғи қалпын бұзбай, адамдық асыл қасиеттерінен айнымай, уақыт желімен құбылып соқпай, жүзі жарқырап жүріп жатқан жайсаң азаматтар, алғадай ағалар арамызда баршылық. Сондай кісілігі мен кішіпейілділігін тең ұстаған, мені кем, алды кең азаматтардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым, байыпты болмысы мен ерекше зеректігі биік парасат-пайымы, рухани кемелдігі сай жарасқан зиялы тұлға Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ.

Жапсарбай Ілиясұлы жастай еңбек пен тәрбиенің қадірін біліп өсті. Өйткені ата-анасы өмірден ерте озды. Өзі бауырларына сүйеніш болып қалды. Оны мектеп өсірді, ортасы жетілдірді. 70-жылдардың басында халық ақыны Қалқа Жапсарбаев атын­дағы орта мектептi бітіріп, әскери борышын өтеді. Абай атындағы мемлекеттік пе­даго­гикалық институттың тарих фа­куль­тетін үздік аяқтап, Ғылым акаде­миясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтына қызметке орналасты.

80-жылдары Мос­квада Ғылым академия­сының КСРО тарихы институтында тағы­лымдамадан өтті, аспирантурасына түсті. 1987 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, Алматыға қайтып оралды. Инс­ти­туттағы ғылыми қызметін сәтімен жал­ғастырып, институттың ғалым-хатшысы дәрежесіне дейін көтерілді.

Ол желтоқсан көтерілісіне дейін-ақ қоғамдық-саяси үдерістерге ден қойып, жаңа­дан құрылып жатқан түрлі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына белсене араласты. Бас­пасөз бетінде жиі мақалалар жиі жариялап тұрды. Қазақ телеарнасында «Ақиқат» пікірталас клубын құрып, тікелей эфирде өзекті мәселелерді талқы­лап, одақтық орта­лық­тың жымысқы сая­сатын әшкерелеуге бір кісідей атсалысты.

Егемендіктің елең-алаң жылдары іскер­лік, атқарушылық, тын­дырымдылық қабілет­терімен та­нылған білікті маман, зейінді ға­лым, зерделі азамат басшылық, ұйым­­дастырушылық жұмыстарға да еркін тартылды. 1992 жылдан бастап ұзақ жылдар Президент Әкім­­шілігі ішкі саясат бөлімінің референті, аға сарапшысы, сектор мең­герушісі, Мемлекеттік хатшының кеңесшісі, бөлім меңгерушісі сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. «Қазмедиа орталығы» Басқа­рушы компаниясы» ЖШБ Бас директоры, Тұңғыш Президент кітапханасы директорының орынбасары қызметінде болды. 2018 жылдың маусымынан Білім және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Мемлекет тари­хы институтында бас ғылыми қыз­меткер болып орналасты.

2001 жылы диссертация қорғап, саяси ғылымдар докторы дәре­жесіне ие болды. Тарих және қоғам­дық ғылымдар академиясының акаде­мигі атанды. Ұзақ уақыт бойы әлеуметтік, қоғамдық-саяси және ұлт­ара­лық қатынастар мәселелерімен тұ­рақты айналысып келеді. Бірнеше мон­ографиялардың, оқу құралдары, жинақ­тардың авторы. Жарияланған ғылыми-көпшілік мақалаларының саны жүзден асады.

Жапсарбай ағаның тағдырына айтар іштей бір тәубесі – ұзын сонар өмір жолында сапарлас болған, бірге қызмет еткен, жауапты жұмыстарға қоса жегілген атпал азаматтар ішінде адами қасиеттерімен де, кәсіптік қарым-қабілетімен де өзіне арқа тұтқан, көпке үлгі-өнеге еткен тұ­ғырлы тұлғалар көп болды. Әбіш Кекілбаев, Оралбай Әбді­кәрімов, Ахметжан Есімов, Қасым-Жомарт Тоқаев, Марат Тәжин, Әділбек Жақ­сыбеков, Махмұд Қасымбек, Иман­ғали Тасмағамбетов сынды биік парасатты, жампоз, жайсаңдармен қа­наттаса қызмет атқарды. Көбісінен дәріс алды, пікірлес, ниеттес болды. Қоян-қолтық еңбек ете жүріп, өмір мектебінен өтті, тәлімді тәжірибе жинақтады. Тә­уел­сіздіктің тұрлаулы жылдары іс басында, елдің бетінде, желдің өтінде жүр­ген ардақты азаматтар адамшылық абзалдығымен де, көп жылғы іс-тәжірибесімен де ағаның ініге жасар ізгі ықыласындай ерекше ықпал етті. Тек қызмет бабы емес, өмірде, отбасылық жағдайда жақын араласқан жандардың арасында да адалдық-ақтықты мұрат тұтқан, көңілі хош, ниеті өрісті тұлғалар көп болды. Оларды Жапсарбай аға ғұмы­рының бір-бір бекеті санайды.

Ж.Қуанышевтің біз білетін, баға­лайтын басты бір қыры – ғалымдық, қайраткерлік болмысынан бастау алатын қаламгерлігі, көсемсөзшілігі. Жапсарбай аға әуелден тәуелсіздікпен тыныс тартқан еліміз өміріндегі әрбір өзгеріс, жаңалыққа сергек қарап, қоғамда қордаланған, күл­білтелі тақы­рыптарға қатысты өз көз­қарасын батыл, ашық айта білді. Оған әр кезеңде жазылған «Мемлекеттілікті нығайту қамы», «Аймақтық дамудың әлеуметтік әлеуеті», «Бір халық, бір ел, бір тағдыр жолын­дағы зиялы қауым», «Жаңарған жүйе жауапкершілігі», «Та­рихи сананың мәдени аспектілері», «Ұлттық бірегейлік – тұрақтылық негізі», «Ұлттық экономиканың осал тұсы», «Сәтті сапар сапалы жолдан басталады», «Қоғамдық келісім – тұрақтылық тұ­ғыры», «Бұрынғыша өмір сүру енді мүмкін емес», т.с.с. жазбалары дәлел. Бұдан шығатын қорытынды – Жапсарбай аға қай кезде де қоғам өмірінің қайнаған ортасында жүрді, қай кезде де қаламын суытқан жоқ. Үнемі әрекет, ізденіс, жазу үстінде болды. Ұлт жоқшысы, қоғам қайраткері ретінде бәрі-бәрін көңіл таразысынан өткізіп, жүрек күшімен жеріне жеткізе айтты, жазды, толғады.

Жапсарбай аға кәнігі қаламгер емес, дегенмен ой өрісінің кеңдігі, жан-жақты білімділігі, әсіресе ұлт тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне жақындығы, рухани құндылықтарға мол қанықтығы, өз ойын айтып та, жазып та жеткізе алатын қабілеті өмірдің әр кезеңінде, әртүрлі жағ­дайларда, сан қилы тақырыптарға байыпты пікір айтуына, орнықты ой қосып отыруына мол мүмкіндік берді. Ғылыми негіздегі жарияланымдары өз алдына, заман, қоғам, адам проблемаларына қатысты өзіндік ой-толғамдары мер­зімді басылымдарда, атап айтқанда, «Еgemen Qazaqstan», «Aqiqat» сынды беделді газет-журналдарда жүйелі жарияланып тұрды. Автордың азаматтық позициясы қашанда мығым: жазбаларында түрлі пікірлердің, сиқыр саясаттың жетегінде кетпей, ұлттық, адамгершілік аспектілерді әрдайым алға шығарып отырады. Нені болса да нақты дерек-дәйектермен баяндайды. Мақа­лаларында бұрын-соңды белгілі жай-жапсарларды қай­­таламай, үлгілерді шиыр­ламай, тың­нан түрен тартады, орнықты ой қозғайды, соны сөз айтады. Ойға ой қосады, оқырман танымын байытады, өрісін кеңейтеді.

Жапсарбай аға сонша жұмыстың сыртында өнегелі отбасы иесі, ардақты әке. Халқы­мызда: «Жақсы әйел күн секілді, есікті жапсаң түндіктен түседі» деген құдіретті мақал бар. Осы орайда ағайдың шырайлы шаңырағындағы ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы – Тұрсахан апай. Аға болашақ өмірлік жарымен бір мектепте, қатар сыныптарда оқыды. Жапсарбай мектептің комсомол ұйымының хатшысы болып жүргенде, ол өз сыныбының комсоргы еді. Дегенмен нағыз жақын таныстық, екі жастың бір-біріне ықылас, көңі­лінің ауған кезі 1971 жылдың қазан айы, мектептегі мұғалімдер күніне арналған кеш болды.

«Аталған іс-шараны Алматыдағы «Просве­щенец» демалыс үйінде өт­кен мектеп комсомол ұйымдары хат­шыларының республикалық семинарына қатысып, сонда көріп, үйреніп келіп ұйымдастырған едім. Ол ойын «Бақытты жұлдыз астында» деп аталатын. Сол кеште, сол бақытты жұлдыз астында билеп жүріп өз бақытымды да, жұлдызымды да таптым», деп еске алады Жапсарбай ағаның өзі.

Тұрсахан Қазтайқызы да ға­лым, био­логия ғылымдарының кандидаты, елімізде моле­кулалық биология мен биотехнологияның негізін қалау­шылардың бірі, академик Мұрат Айтхожиннің шәкірті. Төре­гелді Шарманов басқаратын одақтық медицина ғылымы академиясының тағам институтында ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеді.

Бесігін қыдыр тербеген берекелі отбасынан тәлімді ұрпақ өрбіді. Қызы Ажар банк саласын меңгерсе, шетелде білім алған ұлы Азат – бүгінде білікті маман.

Еселі еңбек бағалануымен баянды. Ж.Қуа­нышев қалаулы қызмет­кер, қажырлы қайраткер, іскер ұйым­дастырушы, байыпты басшы ретінде жоғары мемлекеттік және салалық марапатқа ие болды. Ең бастысы – қауымы, орта­сы қадірін біледі, орынды мақ­таныш, құрмет тұтады.

Бүгінде мерейлі белеске көтерілген Жапсар­бай Ілиясұлы үздіксіз ізденіс, үзіліссіз толғаныс үстінде. Тәуелсіздік мұратының тұғырлы, ел өмірінің еңселі болуында Жапсарбай Қуанышевтай арда азаматқа артылар жауап­кершілік жүгі әлі де зор. Абыройлы жолы талапты жастарға өнеге болғай.