Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында еліміздің ішкі, сыртқы мәселелеріне қатысты 14 заң жобасы қаралды. Соның ішінде елдегі маңызды құжаттар ғана емес, «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары, Қытай мен Қазақстан Үкіметтерінің көлік бағыты, «Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне өзгерістер енгізу» жөнінде хаттама да бар.
Түркі мемлекеттеріне қажет транзиттік көлік
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айтуынша, «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандта жасалған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық аралас жүк тасымалы туралы келісімді ратификациялауға арналған. Келісімнің мақсаты – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік көлік әлеуетін және сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту. Құжат түркі мемлекеттері елдері арасында теміржол, су және автомобиль көлігі орындайтын жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондықтан маңызы жоғары құжат егжей-тегжей сараланып, мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің алдынан өткен. Сондай-ақ комитеттің кеңейтілген отырысында да қаралып, Мәжілістің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын ұсынған.
Бұдан бөлек, комитет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімнің маңыздылығына тоқталды. Оның сөзінше, өзара келісім екі елдің аумағы бойынша контейнерлік пойыздар үшін экспорттық-импорттық, транзиттік тасымалдарды ұлғайту жөнінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізбек.
«Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев: «Бұл құжат – әлемдік мұхитқа шығатын теңіздер мен су айдындарындағы балық аулауды және онымен байланысты қызметті қамтитын тарихтағы алғашқы көпжақты сауда келісімі. Осы арқылы заңсыз, хабарланбайтын, реттелмейтін кәсіпшілікке ықпал ететін субсидиялар беруді шектеу арқылы балық ресурстарының сақталуын қамтамасыз ету көзделеді», деді.
Әділ механизм енгізу көзделеді
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы биыл 2 мамырда өткен палата отырысында бірінші оқылымда мақұлданған. Құжат деректерді басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленіп отыр. Мәселен, деректерді басқару саясаты саласындағы өкілеттіктер мен құзыреттерді бөлу, Ұлттық статистика бюросына сапалы деректерді қалыптастыру бойынша қосымша өкілеттіктер беру мен деректерді жинау әдістерін жетілдіру, үлкен деректерді талдауға көшу, әкімшілік деректердің сапасы мен анықтығын арттыру мақсатында деректер бақылаушыларын енгізу көзделген. Бұдан басқа, «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық платформасының жұмысын құқықтық реттеу қарастырылған.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, құжат Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты былтырғы Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында әзірленген. Онда экономикалық сипаттағы құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру мен кәсіпкерлерді салық қылмыстары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін айқындайтын әділ механизм енгізу тапсырылған.
Осы мақсатта Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге түзетулер енгізуге бастама жасалды.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелеріне қатысты заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты.
«Заң жобасының негізгі мақсаты – құжатты «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру, жылу энергетикасы мен жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлық жиынтығын реттеу үшін толыққанды құқықтық негіз белгілеу», деді комитет басшысы.
Ал Парламент Сенаты жаңа редакцияда ұсынған «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жекелеген баптарын түсіндірген Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельева: «Сенат 35 түзету енгізді, оның ішінде 11-і нақтылау сипатында, 24-і жаңа түзету. Комитет заңға Парламент Сенаты енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісуге болады деп есептейді», деді.
Санавиация қызметіне сенім бар ма?
Бұдан кейін депутаттар елдегі өткір мәселелерді жіпке тізіп, Үкімет басшысынан бастап тиісті министрліктердің атына сауал жолдады.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев ұшаққа автокөліктің жанармайын құйып ұшыратын, жарты ғасырлық ғұмыры бар әуе көліктерінің «өлім аузында» жатқанын жеткізді. Айтуынша, ауыл медицинасы тұрмақ, қаладағы медицина шатқаяқтап тұр. «Біздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек. Мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Алыстағы ағайынды емдеуге, орайын тауып орталыққа әкелуге аттанған ұшақтың сиқы сол. Аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме деп қорқады енді қарапайым ел. Хош, Қостанайда суға қонамын деп төбесімен төңкеріліп түскен санавиацияға тиесілі АН-2 ұшағы біраз былықтың бетін ашты. Қазбалап кеп жібергенде жантүршігерлік жайттар әшкере болды. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Соның тең жартысы АН-2 ұшағының еншісінде», дейді ол.
Былтыр санитарлық авиацияға 11,9 млрд теңге жұмсалған. Бірақ саладағы сорақылық азаймай тұр. Өкініштісі сол, еліміздегі санавиацияда қолданылатын АН-2 – кеңес кезінде, 1947 жылдан бастап шыққан ұшақ. Ал ЯК-40 – 1966-1981 жылдары құрастырылған әуе көлігі. «Осы тұрғыда орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан ұшақтарын қолданатын еліміздің санавиация қызметіне сенім бар ма?» деген депутаттың сауалына құзырлы мекемелер құрғақ жауап бермес деген үміттеміз.
Шағын шаһарлардағы іс шатқаяқтап тұр
Шағын шаһарлардағы өндіріс өнеркәсіптерімен қатар шағын бизнес те шатқаяқтап тұр. Бұл туралы «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков айтты. Оның сөзіне сенсек, Түркістан облысына қарасты Кентау мен Арыс қалаларында инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, халықтың жайлы ортада өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Дегенмен моноқалада шешімін таппай отырған өзекті мәселелер әлі де бар. Атап айтар болсақ, Кентаудағы жылу жайы. Қазір 1934 жылы салынған жылу орталығының қызметін 14 мыңнан астам абонент тұтынып отыр. Оның ішінде 347 көпқабатты тұрғын үй, 2000-нан астам жеке сектордағы тұрғын үй және 106 бюджеттік мекеме мен 441 коммерциялық нысан бар. Жылу орталығы жабдықтарының 85 пайызы тозған. Салдарынан былтыр кентаулықтар қыс бойы тоңып шықты.
Депутат Кентауда тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам адам тұрғанын алға тартты. Соған қарамастан қалада 2019 жылдан бері көпқабатты тұрғын үй салу ісі тоқтап қалған. Оның сыртында жеке тұрғын үй салу мақсатында 10 000-нан астам адам жер кезегінде тұр. Алайда инфрақұрылым жүргізілмеуіне байланысы бұл мәселе де шешімін таппай келеді. Мәселенің барлығы қаржыға келіп тіреліп тұр.
Су бөгеттерінің 60 пайызы тозған
Сондай-ақ депутат Қайрат Балабиев еліміздің бірқатар өңірінде су тасқынынан туындаған өзекті мәселені қаузады. Осы қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты өткен шұғыл кеңесте Үкіметке барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндеті жүктелген. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», дегенін алға тартқан ол: «Ордабасы ауданының бір топ бұрынғы су шаруашылығы қызметкерлері елде болған соңғы су тасқынына байланысты «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты. Биыл наурыз айында әлеуметтік желіде ауыл шаруашылығының белгілі сарапшысы К.Павлов та «Бөген» су қоймасының бұзылудың аз-ақ алдында тұрғанына алаңдатушылық білдірген болатын. Түркістан облысы әкімдігінің қарамағындағы Ордабасы ауданындағы стратегиялық маңызы бар «Бөген» су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген, бөгетінің ұзындығы – 5,4 шақырым, ал биіктігі – 19,3 метр. Бұл су қоймасы «Бөген» елді мекенінен 25 метр биіктікте орналасқан. Сыйымдылығы – 370 млн шаршы метр, облыстың бес ауданына су береді және 120,0 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етіп келеді», дейді.
57 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан бұл су қоймасы әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Салдарынан бөгеті мен жағалауы тозып, бүгінде апаттық күйге жеткен. Ең сұмдығы, су тораптарын басқарып отырған қазіргі басшылары су мамандары емес екен.
Елдегі соңғы жағдайларды еске салған депутат төтенше жағдайды болдырмау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі қауіпті жағдайда тұрған «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына кезектен тыс қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жауапкершілік алу қажет екенін жеткізді.