Найман Қаракерейдің Жаңбыршы руынан өсіп-өнген, өркен жайып, дәулетті ел болған, қазірде қабырғалы жұртқа айналған бір ата – өз дәуірінің әділ қазысының бірі, Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтерген билер кеңесінің мүшесі болған Толыбай бидің (1705-1785) ұрпақтары.
Атақты Толыбай би елінде жаны жайсаң, ержүрек батырлар, қиын-қыстау заманда жол нұсқап, дұрыс бағыт-бағдар берген ақыл иелері, бір тоқшылық, бір жоқшылық тығырыққа тіреген кезде де мол дәулетімен қамкөңіл ағайынға пана болған жомарт жандар да аз болмады. Сол Толыбай бидің кең бұтақ жайған ұрпақтарының бірі, заманында ірі бай ғана емес, батыр, болыс, әділ би атанған Басшығұл (1826-1894) мен оның баласы Байбатырды (1852-1934) ұрпақ ұмытпағаны дұрыс. Көнекөз қариялардың айтуынша, Басшығұл қосарлап ат мініп жүретін батыр тұлғалы, қатал мінезді, қасиетті адам болған екен.
1994 жылы тамызда Басшығұл бабаның қайтыс болғанынан дәл 100 жыл өткен соң, «Байбатыр қыстағының» аумағында оған ұрпақтары күмбез көтеріп, сол жерде жер қойнауынан табиғи түрде атқылап жатқан субұрқақтың жағасында сегіз қанатты 12 киіз үй тігіп, мыңнан аса адамға арнап үлкен ас берілді. Құран-қатым түсіртіп, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, сауапты шара өтті.
2000 жылдың басында табылған аса құпия қылмыстық істегі деректерде батыр бабамыз Басшығұл бидің баласы Байбатыр сөзге шешен, қайсар да дәулетті әрі әділ би, болыс болғаны айтылады. Ал Байбатырдың балалары Әмірхан 1912-1916 жыл аралығында болыс, екінші ұлы Әлиасқар 1916-1926 жылдары би де, болыс та болған.
Алайда Байбатыр мен Әлиасқар кеңес өкіметі орнаған кезеңде, бай, болыс, би болғандары үшін ғана жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Әлиасқар негізсіз, ешқандай дәлелсіз «халық жауы» атанған. Сөйтіп, «Қазақстанда кеңес өкіметін күшпен құлатып, Жапонияның ықпалындағы буржуазиялық ұлтшыл мемлекет құрмақ болды», «Елде бүлік ұйымдастырмақшы болған, басқа бандылық топтармен байланыс жасаған», «Алашордашыларға әскер жиюға көмектесті» деген айыптармен Мемлекеттік саяси басқару органы жанындағы «үштіктің» шешімімен мал-мүліктері тәркіленіп, 1931 жылы 15 қаңтарда жазықсыз ату жазасына кесіледі. Сол жылы 15 ақпанда бұл үкім қазіргі Алматы қаласындағы Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы ғимаратының жертөлесінде ресми түрде орындалып, Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов бастаған 28 халық комиссары және қазақ психология ғылымының негізін қалаған, Алаш қозғалысының үлкен тұлғасы Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге Боралдай кентінде «Қандысай» деп аталып кеткен төбедегі жыраға көмілген. Осылайша, қатыгез коммунистік тоталитарлық режім Әлиасқарды сотсыз, заңсыз атып тастады. Байбатыр мен Әлиасқар да өздеріне тағылған айыптарды растамаған. Тек «Алашордаға» ұлттық әскер жасағын құруға атсалысқандарын, оған қаржылай көмек бергендерін мойындаған.
Жетпіс жылдан кейін табылған осы аса құпиялы қылмыстық іс бойынша Бас прокуратураның 2000 жылғы шешімімен 1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның негізінде Байбатыр мен Әлиасқар Басшығұловтар, сондай-ақ осы іспен бірге айыпталған жазықсыз адамдар (Құсайын, Хасен, Мұхамеджан Сембаевтар, Төлеген Тұмабаев, Тұрша Қоғажанов, Шаймардан Мамашев) ресми түрде ақталды. Аталарымыздың «Алашорда» өкіметі қайраткерлерінің жанында еңбек еткен, оларға барынша қолұшын созғаны айқын.
Осы тұрғыда тарихқа қысқаша көз жүгіртсек, 1917 жылы 10 қарашада халық әскерін жасақтау туралы Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Ахметжан Бірімжанұлы, Елдес Омарұлы, Кәрім Досжанұлы бірігіп қол қойған «жанды, малды, қатын-баланы қырғын талаудан қорғайтын күн туды» деген сарында «Үндеу» жарияланды.
1917 жылы 5-12 желтоқсан аралығында Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде үлкен саяси маңызы бар, қазақ жастарынан ұлттық халық әскерін – Алаш әскерін құруға, яғни жалпы саны 13 500 адамнан тұратын милиция жасақтауға 44 миллион сом шығын кететіндігі туралы қаулы қабылданды.
Әлімхан Ермекұлы «1917 жылы декабрьдің 12-і күні түс ауа сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды деп «Сарыарқа» газетінде хабарлама жариялады. Алаш әскерінің өте белсенді соғыс әрекеттері Жетісу майданында болды. Мұны кеңес билігі жақтырмады. 1920 жылы Алашордаға большевиктер тарапынан кешірім жарияланып, ақтар мен қызылдардың сатқын саясатының нәтижесінде «Алаш» автономиясы толық таратылды, соңынан аяусыз қудаланды. Өкінішке қарай, Алаш әскері туралы түйткілді мәселелер әлі де толық зерттеліп, жүйеленбей келеді.
Меніңше, Алаш қайраткерлерінің саны қандай да бір тізіммен есептелмейді. Олар бүкіл қазақ халқын түгел қамтыды, таяқ ұстаған қарапайым қойшысынан билік тізгінін алған саяси жетекшілерге дейін барлығы атсалысты. Бұл – бірегей ұлттық идея төңірегінде топтасқан құбылыс еді. Алаш қайраткерлері қандай қызмет атқарғанына, қандай мамандық иесі болғанына қарамастан, ұлт дамуы жолында аяғына дейін тік тұрған саналы азаматтар болды. Ұлтшылдық бағыттағы демократиялық құндылықтарға негізделген мемлекет құру барысында бастарын қатерге тігіп, ұлт азаттығын көкседі.
Тарих ғылымдарының докторы, академик, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді Алаш қайраткерлері қатарында тек оқығандар мен ұлт зиялылары ғана болмағанын, олар ел ішімен тығыз қарым-қатынаста, елге тұтқа болар бай, ауқатты адамдармен бірге тізе қоса қимылдағанын айтып, жазып жүр.
Кеңес одағы кезінде өз руының, елінің қамқоршысы болған байларды қасақана халық жауы ретінде қабылдады. Кәмпескеледі, кедейлерге қарсы қойды. Сол сыңаржақ, сұм саясат халыққа тірек болып отырған тұтас бір әлеуметтік институттың түбіне жетті. Шындығында, қазақтың байы қанаушы емес, өз елінің қорғаушысы, қолдаушысы болды. Олардың қатарында қайсар мінезді Байбатыр мен өжет, бірбеткей Әлиасқар да болған. Алаш идеясын өздерінің ісімен де, сөзімен де қолдағанын қылмыстық іс материалдарымен қатар, басқа да көз көрген адамдардың айтып кеткен әңгімелері айғақтайды. Ең бастысы, қазақ халқының жарқын болашағы мен кемел келешегі үшін күрескен ардақты Алаш қайраткерлеріне сол кездің ірі байлары, дәулетті адамдары сапында өз еріктерімен қолынан келгенше көмек бергенін ұрпағы ретінде зор мақтаныш тұтамыз.
Әлиасқардың әкесі Байбатыр Алакөл аймағында би-болыс, өз заманында ірі бай-шонжар, қазіргінің тілімен айтқанда, меценат болған. Ол Алашорда үкіметін бар жан тәнімен сүйді, оның қатарына жастардан әскер жинауға белсенді көмектескен. ОГПУ-дің тергеушісі жауап алған кезде бұл ісін ашық мойындаған. Кеңес үкіметіне қарсы шыққан. «Қызыл террор» идеясының қазақ халқы үшін аса қауіпті екенін түсінген. Сол уақыттағы ауқатты адамдардың қатарында болған оларды большевиктер үш мәрте (1920-1921, 1925-1926, 1929-1930) ешқандай негізсіз барлық дүние-мүлкін, малын заңсыз кәмпескелеп, өздерін қаңғытып жіберген.
Ірі бай, болыс, би болған Әлиасқар 1931 жылы 15 ақпанда Алматы (Верный) қаласында ОГПУ-дің түрмесінде атылып кеткеннен кейін қылмыстық іс бойынша қалған «айыптыларды» Сібірге айдайды. Итжеккенге кетіп бара жатқан жолдағы Ақтоғай кентінде жасы сексенге келген әкесі Байбатырды тергеуші Семипаловтың көмек-рұқсатымен алып қалып, немерелері Сәкен мен Мәдіш бір түннің ішінде Қытайға асырып жіберген. Бапаң сол жақта 1934 жылы қалған ұрпақтарының ортасында 82 жасында қайтыс болды.
Аталарымыз терең білімі болмаса да, арабша сауаты бар, зерек те, зерделі, елін, жұртын, ұрпағын жаудан қаймықпай, қорықпай қорғаштай білген жүректі, саяси сауатты, Алаштың қайсар да алғыр азаматтары болды.
Жетпіс жылдан кейін Байбатыр мен Әлиасқар Басшығұловтарға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен аса құпиялы саналған «қылмыстық іс» материалдары табылып, қолымызға тиіп отыр. Осы айтулы оқиғаға орай жазықсыз жапа шеккен, елі мен жері үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда жандарын пида қылған ата-бабаларымыздың рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды.
Жаңа дәуірде өмірге келген азат ойлы әрбір қазақ аштықтан, саяси қуғын-сүргіннен қынадай қырылған бес миллион қазақтың есесін қайтару жолында еңбек етіп, өмірлік мақсат тұтуы керек. Бұл – жазықсыз жапа шегіп, өлім құшқан Алаш арыстарының асыл арманы еді. Халқымыздың ендігі өмірі бейбітшілікте өтіп, тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болғай.
Советхан СӘКЕНҰЛЫ,
әділет полковнигі