• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Тағзым 30 Мамыр, 2024

Суреткер мұрасына құрмет

83 рет
көрсетілді

Түлкібаста жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Түркістан облысы, Бәйдібек, Түлкібас аудандарының Құрметті азаматы, халқының біртуар азаматы Мархабат Байғұтты еске алу жиыны өтті.

Жазушының туған күніне орайлас­тырыла ұйымдастырылған іс-шарада бір қауым қаламдастары, тілеулестері туған жері Түлкібастағы Түркібасы әулие­нің етегіндегі Азаттық аулындағы қабірі­не барып құран бағыштады. Аудан­дық ­Мә­дениет үйінде дәстүрлі «Марха­бат ­оқу­лары» байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. «Мархабат-Мирас» қоры 10 жылдан бері өткізіп келе жатқан «Мархабат оқу­ларының» биылғы байқауында көкем­нің өзі жоқтығы көңіл құлазытты демесе­ңіз дәстүрлі дағдысынан жаңылмай бұл жолы да талай талантты жастың тұ­сауын кесіп, томағасын сыпырды. Ға­сырмен құрдас ғажайып тарихшы, ұлы Абайды ұлықтауға есепсіз тер төк­кен, қазақ руханиятына мұнан өзге де қосқан еңбегі өлшеусіз аңыз адам Мекемтас Мырзахметұлы түңлігін түр­ген Түлкібастағы ізгілікті іс-шарада халық Хан-апа деп еркелеткен адуынды ақын Ханбибі Есенқарақызы бастаған, жазушының сүйікті перзенті һәм мұ­расын зерттеуші, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университет­тің доценті, ғылым кандидаты Ақлима Мархабатқызы, жазушының інісі Ны­шан Байғұт, белгілі жазушылар Захардин Қыс­таубаев, Есқара Тоқтасынұлы, аудар­машы Зәкіржан Момынжанов, ақын Анар Жаппарқұлова, ардагер кітапхана­шы Шәрбану Дінәсілова, Ы.Алтынса­рин атындағы кітапхана директоры Ақмарал Құдайбергенова қошта­ған зиялы қауым өкілдері жүрекжарды ле­біз­дерін білдіріп, «Мархабат оқу­лары» байқауының жеңімпаздары мен жүл­дегерлерін марапаттады. Мара­паттан жас­тардың көркем әдебиетке сүйіс­пен­шілігін оятуға белсенділік танытқан кітапха­нашылар мен мұғалімдер де құ­р­алақан қалған жоқ. Жүлдегерлер Мар­хабат Байғұттың жазған дүниелерін мәнерлеп жатқа оқып, көркем туындыларын көпшілікке насихаттайтын эссе жазды. Ал ақындар қабырғалы қаламгердің сан алуан қырына үңілген өлеңдерін арнады. Сөзін Мархабат Байғұт жазған, әнін Сәкен Қалымов шығарған «Түркіба­сым» да нәшіне келтіре орындалды. Әсіресе жа­зушының «Ақтолғай» жинағынан сыр шертетін сахналық қойылым әдебиет­сүйер қауымға әдемі әсер сыйлады. Мар­хабат көкем туралы сағынышпен сыр­ланған әңгімеміздің таусылмасы анық. Өз басым да көкемді сағынғанда жазушы өмірінің сан түрлі қатпарларынан тіл қат­қан құнды шығармасы – «Ақтолғай» авто­биографиялық эсселер жинағын қол­ға аламын. «Ақтолғай» Махаңның елітіп, сүйіп тыңдайтын халық әні еді. Оны өзі де әр кез айтып жүретін. Тіпті шы­ғармаларында бұл туралы әдемі штрихтер де бар. Осы «Ақтолғайдың» жазы­луына, эссе жинақтың жарық көруіне сол жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақ­стан» газетін басқарған Бейсенбай Тәжібаев­тың түрткі болғанын да айта кетейік.

 – «Уақыт – емші» дегенді жиі айтамыз. Алайда бір жарым жыл өткенімен, Әкеге деген сағыныш үдейе түсуде. Сағы­нышымызды оның шығармаларын қай­та оқу, қанатты сөздерін жадымызда жаң­ғырту, көркем жымиысты жүзін көз ал­дымызға әкелу, осындай шуақты кезде­сулерде айтылған жылы естеліктермен басуға тырысудамыз... Тірі болса, ертең 79-ға толар еді... Мархабат Байғұт отбасы, әулет шеңберінен шығып, қалалық, облыстық, елдік, тіпті Түркі дүниесіне ортақ тұлғаға айналған. Іздеушісі де, жоқтаушысы да – халық. Келесі жыл­ғы 80 жылдық мерейтойы бірмезеттік ұсақ шара­лармен шектелмей, өзіне тән жинақы­лықпен, руханият пен келешек ұрпақ үшін есте қаларлық тағылымды іс­термен жалғасын табуын тілейміз, – дейді Ақлима Мархабатқызы.

Түлкібастағы еске алу жиыны күні кеше жалғасын тауып, Түркістандағы облыс­тық «Фараб» кітапханасында Мархабат Бай­ғұт атындағы зәулім залдың лентасы қиыл­ды. Залдағы жазушының кітап көрме­сін, өнегелі өсиет сөздерін, тарих тереңінен сыр шертетін фотосуреттерді, сарғайған газет тігінділерін, тұтынған заттарын, алған марапаттарын, көрнекілік ақпараттарды көз көріп көңіл толқыды. Түркістан облысы әкімнің орынбасары Бейсенбай Дәулет­ұлы бұл оң бас­тама біртуар қаламгердің алдағы 80 жылдығын кеңінен атап өте­тін ауқымды іс-шараларға ұласатынын айт­ты. Сол ауқымды іс-шаралардың қатарын­да Мархабат Байғұттың әр үш жыл са­йын өткізілетін төл жобасы – «Таупіс­телі тағылымы» халықаралық фестивалін ұйымдастыру да ұмыт қалмауы қажетті­гін әкімнің орынбасарына көпшіліктің көзінше әдейілеп құлаққағыс еттік. Махаң 80 жасқа толуымен төртінші рет өткізі­луі тұспа-тұс келетін фестивальды «Түркі­нің текті қыздары» деген тақырып аясында жүзеге асыруды жоспарлап жүрген еді. Өкініштісі, жазушының 80 жас мерей­тойын тойлау маңдайға жазылма­ған екен. Енді Пістелі аулында кіндігі кесіл­­­ген классиктің «Таупістелі тағылымы» жо­­басы 80 жылдығын еске алу кезінде еске­ру­­сіз қалмай тірі шағында өзі жоспар­ла­­ған­­­дай орындалады деген ойдамыз.

Ойды ой қозғайды. Облыстық ақса­қал­дар алқасының төрағасы Жарылқа­сын Әзіретбергенов Түркістандағы жа­ңадан салынып жатқан заманауи «Жай­лы мек­тептің» бірін Мархабат Байғұт атын­дағы деп атау туралы батыл бастама кө­терді. Жазушы, драматург Сая Қасым­бек Мархабат Байғұттың көрермен жү­ре­гіне жол тапқан «Асқаровтың аққа­йыңдары», «Жоғалған жұрнақ» пьесаларын қоюға Түркістан театрлары көңіл бөлуі керектігіне тоқталды. Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қаламгерлер Абай Балажан және Бақытжан Алдияр талантты жазу­шының өшпес ізін, өлмес қолтаңбасын айқындайтын қырлары мен сырларын өз естеліктері арқылы өрбітті. Алқалы жиында жазушының жары Қыздаркүл Пернебайқызының өмірлік серігінің шы­ғармашылығын қолдаудағы адалдығы, адамгершілігі, шынайы жанашырлығы нақты дәйектермен әдемі, әсерлі әңгі­меге арқау болды. Облыстық әкімдік, мәдениет басқармасы тарапынан жасалып жатқан қолдауларға ризашылы­ғын білдірген Қыздаркүл апа халықтың қошеметіне бөленген Мархабатының ерекше еңбектеніп жазылған, әлемнің бірнеше тіліне аударылған «Түркілер төрі Түркістан» кітабын жазушының тілеулестеріне сыйға тартты. Жазушының жанашыры, рухани інісі, жерлесі Дархан Қуандықұлы басқарған Халықаралық Түр­кі академиясының қолдауымен төрт жыл бұрын жарық көрген кітаптың тұ­саукесері Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп, оған төрт мемлекеттен – Түркия, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстаннан әдебиетшілер, ғалымдар және еліміздің әр аймағынан зиялы қауым өкілдері, қо­ғам қайраткерлері, Парламент, мәслихат депутаттары онлайн, офлайн қатысқан болатын. Мархабат Байғұттың 75 жасқа толуымен сәйкес келіп дүркіреп өткен осы халықаралық масштабтағы алқалы жиынды жүргізу, тізгінін ұстау бақы­ты біздей пақырыңызға бұйырғанын бүгін­де тәтті мұңға шомып сағынышпен ес­ке аламын. Жанымда журналист Әбдез Рахманұлы, түлкібастық талантты жас жазушы Абылай Есімбаймен бірге «Түркілер төрі Түркістанның» сиясы кеппеген алғашқы данасын Пістелі аулына апарып беріп, тебіреністі күй кешкен Махаңмен үйіргелік бақтың беткейіндегі сәкіде ұзақ уақыт сырласқанымыз да есімізде. Пістелі демекші, «Сұрасаң біздің ауыл Пістеліде» дегенді жиі айтатын қаламгер Пістелісайда өсетін таупістесін, Аққұзар жақтағы доланалы беткейін, Бөкейтаудағы көкемарал мен киікотын өз шығармаларында шабыттана суреттейді. Сірә әр жазушының бір жұмақ мекені бар. Махаңның жұмақ мекені Пістелі болар. Түркістандағы басқосуда жазушымен бір ауылда туып, бірге өскен сыныптасы Қалаубек Анашов Пістеліде өткен балалық шақтарын әсерлене баян­дап берсе, Түлкібастағы жиында 5-сынып оқушысы Дариға Нұрланқызы­ның Пістеліде өсетін киікоты туралы зерт­теу жүргізіп жүріп даңқты қаламгер атасынан бата алуға қара шаңыраққа іздеп барған бейнетаспасы жан дүниемізді еріксіз елжіретіп жіберді.

Жазушының кейіпкері: «Сол қоңыр кітабыңыз тоқсан үшінші жылғы маусым айында шыққан. Бағасы бар болғаны елу бес тиын-тұғын. Мен жынданған адамдай сіздің сол қоңыр тысты кітабыңызбен сөйлесетінмін. Бір бетін ашып біра-а-аз сөйлеп отырамын. Екінші бетін аударып және бірдеңелерді айтамын. Кітапқа айтамын, кейіпкеріне айтамын, сізге айтамын. Осылайша, төрт жүз беттік кітабыңыздың әр бетін қайырып қойып, тілдесетінімді түк те білмейсіз», демеуші ме еді. Бүгінде Мархабат Байғұттың шығармаларын жата-жастана оқитын оқырмандарының қатары қалыңдай түскені анық. Еске алуға жиналған қауым жазушының: «Түптің түбінде жазушылардың небір атақтары да, абырой-беделі, орден-медальдары да – бәрі қалады. Өздері өлгеннен кейін тек шынайы шығармалар, көркемдік құнар ғана ұмытылмай, ұлтпен бірге жасай бермек» деген сөзінің шынайылығына тағы бір көз жеткізді.

Уақыт өткен сайын Мархабат көкеме деген сары сағыныштың да бояуы қалыңдай түсіп, жиі еске аламын. Махаң жазған «банктің иттері» емес, көреалмаушы­лық пен іштарлықтан айтақталған иттер­дің шәңкілі бүгін де жүйкені жұқартады. Сондай сәттерде жалғыздық бағында жаңа бүрлеген ойын сан рет қайталап, өз әлемінде ғана тыныштық табатын парасатты, айқайдан алыс абзал болмыс­ты Мархабат көкеммен әңгімелесіп, жұ­қарған жүйкені тыныштандырып қана қоймай, көп келеңсіздікті ұмытқым да келеді. Көкем туралы былтыр «Егемен­де» жарық көрген эссемде: «Көке! Әсерлі әң­гімелеріңіздің көптеген кейіпкері тұ­ратын Н. уәлаятының халқы сізді іздейді. Әлі де. Сіз жиі баратын кітапханаларда арнайы ұйымдастырылған жиындарда зиялы қауым, оқырмандарыңыз еске алады. Сондай жиындарда жаным жабыр­қап, жүрегім жүдеп жымиып күлген жылы жүзіңізді көз алдыма елестетемін. Көңіл осындай кештерде сізді іздейді. Көптің арасынан. Арқамнан қаққан аялы алақаныңыздың табын сеземін. Кейде аңсаймын. «Көкем-ау», деп оңашада көз жасқа ерік берген кез де болды. Сағы­ныштан. Арқасүйер адам іздегеннен», деппін. Сол сағыныш, аңсау, іздеу, елес­тете еске алу әлі де жиі...

Батыста ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі атында орталық бар. Оңтүстікте де Мархабат Байғұт атында орталық болу керектігін халықтың аузынан жиі естіп жүрміз. Халық айтса қалт айтпайды.

 

Түркістан облысы