• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Мамыр, 2024

Ат байлар алтын қазық (Эссе)

347 рет
көрсетілді

Акбар аға, Акбар Мәжитұлы. Бұл есім – аңызға айналған, миллиардтарды мойын­дат­қан, Қытайдағы қазақтың Олжас Сүлейменові атанған, әр қазаққа таныс һәм қастерлі есім.

Мен Акбар ағаны, нақтырақ айтқанда, Акбар Мәжитұлы шы­ғар­машылығын өткен ХХ ғасыр­дың 80-жылдарының соңынан бері  білемін. Оның атақты «Ақсақ құланын» біз 9-сыныпта оқып жүргенде орта мектепке арналған әдебиет оқулығынан, содан сәл кейін жазушының «Ақсақ құлан», «Көк көгершін» деген әңгімелер жинағын басымызға жастанып оқыдық. Ол – Қытай­дың Бейжің қаласында тұратын қазақ ұлты­нан шыққан атақты қаламгер. Шығармала­рын қытай тілінде жазады. Өзінің шығармала­ры арқылы қытай прозасына жаңа реңк, стиль әкелген суреткер. Қытай прозасы­ның классигі, атақты жазушы Уаң Мың мырза Акбар Мәжитұлының туындыларына баға бергенде: «Ол бұрын-соңды тұрмысты дайын қалыпқа негізделіп көшіре салмайды немесе көптеген оқиға желісін ойдан ойдырып, шалағайлық істемейді. Керісінше тұрмыстың әр қилы жақтарына жіті назар аударып, кейіпкердің көңіл күйін, оқиғаның шиеленісуін, пейзажды және қарама-қайшы құбылысты ұстап қалуға құлшынып, проза жасампаздығына өзінің өзгеше үлгісін ен­гіз­ді. Сол үшін де ол – қытай прозасындағы орны бөлек суреткер»,  депті.

Акбар Мәжитұлы ҚХР-дың Шың­жаң провинциясына қарасты Іле қазақ автономиялық облысы, Қорғас ауданының Сарыбұлақ ауы­лында дүниеге келген. Ол зиялы отбасында тәрбиеленіп өсті. Зиялы да оқымысты әке орысшаны жақсы меңгеріпті. Содан болса керек, ұлын орысша оқытқысы келіп, Құлжадағы орыс мектебіне әкелсін. Бірақ аймақтағы жалғыз орыс мектебіне оқу­шы саны толып кетіпті де, оған түсе алмай қалады. Алыс келешекті болжаған әкенің бір ойлағаны болуы керек, не келешекке соз­ған үлкен бір арманы болған шығар, бола­шақ жазушыны Құлжадағы қытай мектебі­не береді. Сөйтіп, қытай мектебінде оқы­ған жасөспірім үлкен арманға қол созады. Бірақ балалық жасөспірім ша­ғы Қытайдағы атышулы «мәдениет зор төңкерісіне» дөп келді. Мектептерде сабақ тоқтаған, экономика құлдыраған, елдің бәрі «оңшылдарды» әшкерелеумен сын тезіне алу, стиль дұрыстау күресімен айналысып кеткен, тоқыраған заман болды ол кез. Мектепті енді бітірген Акбар Құлжа ауданының «Қызыл жұлдыз» коммунасына қайта тәрбие алуға түседі. Бағына орай жазу, сызуға икемі бар, елгезек, кішіпейіл, елге үйірсек бозба­ланы коммуна басшылығы ком­муна­ның ақпарат және үгіт қыз­ме­ті­не жауапты етіп көп ұзамай-ақ оны ақпарат жоралығына өсіреді. Өңірлік баспасөзде (газет, радиоларда) хабарлары, шағын мақалалары, очерктері мен репортаждары жария­ланып тұрады. Бұның болашақ жа­зу­­шының шығармашылығындағы ал­ғаш­қы дерлік қадамы болғаны анық.

Сонда ақпарат қызметімен айналысып жүргенде Құдай айдап Акбар қызмет істеп жатқан коммунаға сол кездегі Қытай көшбасшысы Маудың (Мао Цзэдун) «Ұйымдастыру бө­лі­міне келген жас» деген повесімен назарын аудартқан атақты жазушы, қытай прозасының классигі Уаң Мың шығармашылық сапармен келеді. Бірақ жазушының келген жұмысы біт­пей, шығармасы жазылмай қалады. Есесіне ­туындыларын қытайша жазатын өңірлік БАҚ-та мақалалары жарияланып жүрген қазақша, ұйғырша, қытайшаға бір­дей ағып тұрған жас Акбармен танысады. Бұл 1973 жылдың көктемі болуы керек, содан көп өтпей Акбар Мәжитұлы сол жылдың кү­зінде Ланчжоу университетінің қы­тай филологиясы бөліміне оқуға түседі. Бұл арманшыл да, талапшыл жастың болашағына үлкен жол ашады. 1977 жылы оқуын бітіріп, Құлжаға қайта оралған ол Іле қазақ автономиялық облыстық үкіметтің аппаратына қызметке тұрады. Осы кезден, яғни 70-жылдардың со­ңынан алғашқы әңгімелері жариялана бастайды. Бір қуантарлығы, Уаң Мың баяғы өзі танысқан Акбарды сырттай сұрастырып, жағдайын біліп тұрыпты. Кейін келе оның шығармашылығына назар аударып, жазғандарын жоғары бағалап, байланыста болыпты. Уаң Мың мырза 80-жылдары Қытайдың мә­дениет министрі қызметінде болды. Акбардың 1979 жылы жазған тырнақалды шығармасы  – «Нұрман қарт және оның тазысы Барыс» деген әңгімесі «Қытай жазушылары» журналына жарияланады. Шығарма сол жылы бүкіл мемлекет бо­йынша шығармаларды бағалауда үзік әңгіме болып бағаланып, Қытай мемлекеттік сый­лығын алады. Бүкіл Қытайдың әдебиет сах­насы дүр сілкінеді. Акбар Мәжитұлы Қытай Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады.

Акбар 1980 жылы Бейжіңге Қы­тай Жазушылар одағына қызметке шақырылады да, атақты Лу Шүн әдебиет институтында оқумен бір­ге жаңа шығып жатқан «Ұлттар әде­биеті» журналына редактор болады. Журналдың негізін қалап, бас ре­дакторлық қызметін атқарады. Бүкіл Қытайға танымал журнал болуына Акбар Мәжитұлының сіңірген ең­бегі мен үлесі ересен. Қытайдағы қытай, қазақ, ұйғыр, заңзу (тибет), чаушиян (кәріс) ұлтынан шыққан жас қаламгерлердің әдебиет сахнасына шығуына, бүкіл елге танылуы­на Мәжитұлының ықпалы болға­нын айтпай кету әділдік болмас еді. Әрбір провинциядан редакция­ға келіп түскен жас қаламгерлер­дің шығармаларын саралап, оны жур­налға жариялап қана қоймай, олар туралы рецензия, мақала жазып, жариялап отырды. Ол мықты ұйым­дастырушылық редактор­лық қабілетімен әріптестерін ғана емес, бүкіл Қытайдың әдеби ортасын мойындата білді. Алғашқы әң­гімелер жинағы «Ақсақ құлан», «Көк көгершін» кітаптары осы тұс­­та баспадан шықты. Акбар Мәжит­­ұлы әр жылдары «Қытай жазу­­шылары» журналының бас ре­­дак­торы, Қытай Жазушылар ода­­ғы­­ның жанындағы кино, телеви­зия әдебиеті басқармасының басқарма төр­ағасы, бүкілқытайлық кино, әде­биет ғылыми қоғамының шығар­машылық жөніндегі директоры, үнемділік істерге жауапты бірінші орынбасары, Қытай Жазушылар баспасы корпорациясының бас­қа­ру комитетінің меңгерушісі, Қытай Жазушылар одағының бас­қармасының хатшысы қыз­мет­терін атқарды. Мемлекет және қоғам қайраткері сана­тын­да Бей­жің қалалық сая­си мәслихаты құ­рылтайының тұрақты мүшесі, бү­кілқытайлық саяси кеңес құрыл­тайының тұрақты мүшесі ретінде қоғамдық міндеттерді де жүзеге асырды. Сонымен қоса Орталық ұлттар университеті, Ланчжоу университеті және Шыңжаң уни­верситетінің  профессоры ретінде аспиранттарды тәрбиелейді.

Бейжің қаласы мәслихатының мүшесі ретінде 300-ге тарта ұсыныс жобаны, бү­кілқытайлық саяси кеңес мүшесі ретінде 150-ден аса ұсыныс жобаны ұсынған. Қайрат­кер жазушының биік мінберден көтерген мә­селелері негізінен ұлттың руханият саласын қамтиды. Соның бір-екі дәлелі – бір ұлттың жаны мен рухына, оның күретамыры есеп­ті материалдық емес рухани байлықтар­ды қорғау жөніндегі ұсыныстары. «Осын­дай ұсыныстардың негізінде қазір Қытайда бейзаттық мәдениетті (материалдық емес рухани мәде­ниет) қорғау» жөніндегі заң қа­был­данған. Акбар Мәжиттің тіке­лей арала­суымен Қытайдағы ең үл­кен «Halyk» интер­нет порта­лы­ның қазақша және ұйғырша сайт­­тары, Қытай Жазушылар одағы­ның жанындағы Лу шүн әде­биет институтында Шыңжаң­да­ғы жас қаламгерлердің тәрбие­ле­ніп жатқанын, олардың шығар­ма­шылығына үлкен өріс ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді.

Акбар Мәжитұлының ең алғаш­қы әңгі­мелер жинағы «Ақсақ құ­ланнан» (бұл кітап­қа Уаң Мың алғысөз жазған) соңғы жа­рық көрген «Аспантаулар аясында» деген жи­нағына дейін отызға тарта кітабы, «Акбар Мәжитұлы шы­ғармаларының» 10 томдығы, «Мұ­хаммед пайғамбар» (Жыжияң оқу ағарту баспасының «Әлемге әйгілі 100 адам сериясы» бойынша жазылған), «Мұқали» (Алтын орда тарихын терең меңгерген қаламгер ескі қытай архивтерінде, мұрағаттарында отырып жазған) кітабы жарық көріпті. Ал аудармашы ретінде Шыңжаңдағы қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақ әдебиетінің классикалық үлгілерін («Абай жолы» эпопеясы секілді), Абай қа­ра­сөздерін, қазақ әндерінің антологиясын, ұйғыр­дың классикалық музыкалық мұрасы «12 мұ­қанды» қытай тіліне аударды.

Әрине, бұл – үлкен рухани байлық, ұлт руханиятына салған үлкен олжа деген сөз. Шығармалары әлемнің біраз тіліне (ағылшын, неміс, орыс, француз, жапон, түрік, корей, испан) аударылған жазушының кітаптары мен шығармалары елі­мізде дүркін-дүркін жарық көріп отырмаса да, республикалық әдеби басылымдарда әңгімелері жарық көрсе, «Ақсақ құлан» («Фолиант» бас­пасы), «Мұқали», («Алатау» бас­пасы) және Дүние жүзі қазақ қауым­дастығының жанынан «Акбар Мә­житұлы шығармалары» (4-том) жа­­рық көріп, атажұрттағы оқырман­да­ры­ның қолына тиген болатын.

Акбар Мәжитұлы ұлтаралық келісім мен үйлесімділікті сақтауға, еларалық дип­ло­матиялық байла­ныстар мен мәдениетті үй­лес­ті­руге айырықша үлес қосты. Со­ның бір ғана дәлелі – Қазақстан Президентінің Жар­лығымен ІІ дә­режелі «Достық» орденімен, Қазақ­стан халық Ассамблеясының Ұлт­ара­лық келісім мен үйлесімділік­ті сақтауға қос­қан үлесі үшін меда­лімен марапатталуы.

Акбар Мәжитұлы азамат ретінде де, жазушы ретінде де, қайраткер ретінде де оның атқарған жұмысы бір басына көп деуіңіз әбден мүмкін. Бірақ өзінің айтуынша, жоқ көп емес екен. Оның өмір жолы кешегі ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ұмыт бола бас­тап, содан көп кейін Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ортамызға қайта орал­ған Алаш зиялыларының жолымен, ру­хымен, тағдырымен үндес, сабақтас секілді. Халқына не қажет, соған ұмтылды. Жақында әлеуметтік желідегі жазбасында жазушының бір оқырманы Акбар Мәжитұлын заңғар тауға, зәулім бәйтерекке, арналы өзенге, сәулелі жұлдызға теңеп жазыпты. Ол – бүгін жазушы ретінде әдебиеттің ақсақалына, қайраткер ретінде ел ағасына айналған, әр қазақтың, ұлттық руханияттың ат байлар алтын қазығы. Қазақтың көрнек­ті қаламгері Рахымжан Отарбаев­тың «сіздермен қанаттас өмір сүргені­ме бақыттымын» деген сөзі бар еді. Біз де Акбар ағамен бірге жүрме­сек те, рухтас інісі болып, қанат­тас өмір сүргенімізге өзімізді бақыт­ты сезінеміз.

 

Сержан Сәрсенбайұлы