Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, депутаттар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтсақ, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру, Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобалары талқыланды.
Рухани шаһардың мәртебесі
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов баяндама жасап, «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасының қорытындысын әзірлеу туралы хабарлады.
Сондай-ақ «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының қорытындысын әзірлеу шешімдері қабылданды. Бұл мәселе туралы баяндаған депутат Н.Сабильянов аталған заң жобалары Түркістан қаласын дамыту үшін тиімді институционалдық ортаны құруға, қаланың еліміздің рухани және тарихи орталығы ретінде қызмет ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтауға, құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөніндегі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның баяндамасынан соң, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжанов қосымша баяндама жасады. Осы заңның арқасында Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы пайда болмақ.
Лудоманияға тосқауыл қойылады
Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасы бойынша Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев баяндама жасап, бұл мәселенің де қоғамдағы өзектілігіне тоқталды.
– Қоғамдағы өзекті мәсеселердің бірі – ойын бизнесін, лудоманиямен күресті реттеуге арналған заң жобасы бүгін тағы да қарастырылғалы отыр. Құжат бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Өздеріңіз білетіндей, бұл ең көп талқыланған заң жобасы болды. Заң жобасы ретінде әзірленіп, үздіксіз талқыланып келе жатқанының өзіне 2 жылдың жүзі болды. Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жылдай уақыт кетті. Қоғамдық диалог алаңдарында да, Парламентте де кеңінен талқыланды. Күні кеше Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында да лудоманияға қарсы іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу жайы арнайы сөз болды. Бұл осы мәселенің аса өзекті екендігін көрсетеді. Бұған Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет арнайы тоқталып, оны ауыздықтау жөнінде нақты тапсырма берді, – деді Е.Бейсенбаев.
Бұл заң ендігі кезекте мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салмақ. Ол туралы Мәжілісте екінші оқылымда қабылданған ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметіне қатысты өзгерістер енгізілген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жазылған. Заңға Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікпен күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында депутаттар бастамашы болды.
Түзетулерге сәйкес тұрғындардың белгілі бір тобына құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынады. Олардың қатарында 21 жасқа толмаған азаматтар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген (6 айдан 10 жылға дейін), сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне сәйкес өтелмеген міндеттемелері бар тұлғалар кіреді.
Бұл қатарда мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері де бар. Олар тыйымды бұзғаны үшін жұмыстан босатылады.
Заңды тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына алғашқы үш санатқа рұқсат бергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін – лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жаза ретiнде 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады.
Енді букмекерлік кеңселер өздерінің аппараттық-бағдарламалық жүйелерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті. Осылайша мемлекет олардың барлық қаржылық операциясын көріп отырады.
Сонымен қатар Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды. Уәкілетті органның шешімімен қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жүргізіледі.
Букмекерлік кеңселерді жарнамалауға жол жоқ
Елімізде букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға жол жоқ. Нақты айтсақ, ойын бизнесі туралы заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салады.
Дегенмен букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады.
Сонымен қатар түзетулерде ұялы байланыс операторларына электронды казинолар, онлайн-казинолар, сондай-ақ халықтың абоненттік құрылғыларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салу көзделген.
Жаңа заңда лотерея билеттерін тарату ережелері белгіленеді. Лотерея билеттерін, оның ішінде электронды билеттерді тек лотерея операторы мен агенті арқылы таратуға болады. Оларды сатуға лотерея терминалдары, стационарлық емес сауда объектілері, пошта операторының пошта байланысы филиалдары және лотерея операторының филиалдары арқылы рұқсат етіледі.
Бұл ретте тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, діни ғимараттар мен құрылыстарда лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады.
Осы заң жобасы жайлы баяндаған депутат Е.Бейсембаев 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынатынын да айтты. Енді энергетикалық сусындарды сатып алу үшін азаматтардың жасы 21-ден асқан болуы керек. Оларды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға (соның ішінде сатушының қатысуынсыз – автоматтар, басқа электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы) тыйым салынады. Тиісті түзетулерді Мәжіліс депутаттары қабылдады.
Бюджетті болжауға білік керек
Үкімет және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөнінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады.
– Өткен жылдың қорытындыларының оң серпіні байқалды. Мәселен, былтыр ішкі жалпы өнімнің өсуі 5,1%-ды құрады. Бұған негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі мен экономиканың негізгі салалары, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда-саттық, көлік салаларының дамуы есебінен қол жеткізілді. Жылдық инфляция деңгейі 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендеп, 9,8%-ды құрады. Қажетті қаржыландырумен қамтамасыз ету, мемлекетке өзінің әлеуметтік міндеттемелердің барлығын орындауға мүмкіндік берді, – деді министр.
Сондай-ақ осы мәселе туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов қосымша баяндап, Мәжілістегі саяси партиялар фракциясының жетекшілері сөз сөйледі.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов депутаттардың ұсынысы бойынша биыл да аудиторлар мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып қарағанын атап өтті. Алайда жоспарланған макрокөрсеткіштердің жартысына жуығын статистиканың кеш қалыптасу себебінен бағалау мүмкін болмаған. Ол жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудағы болжамдау функциясын жақсарту үшін шұғыл шаралар қажет екенін атап өтті.
Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева қосымша баяндамасында бөлінген қаражат пен нәтиже көрсеткіштері арасындағы байланыстың жоқтығына тоқталды. Оның айтуынша, 177 макрокөрсеткіштің 22-сіне қол жеткізілмеген және 86-сының орындалуы туралы деректер жоқ. Бұл жалпы алғанда, барлық макрокөрсеткіштердің 60 пайыздан астамын құрайды.
«Аmаnаt» фракциясы есепті көрсетілген ескертулермен бекіту керек деп есептейтінін айтты. «Ауыл» фракциясы да Үкімет есебін бекітуді қолдады. Ал Қазақстан Халық партиясы мен «Ақ жол» партиясының фракциялары қарсылық білдірді. Бұл ретте «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Мәжіліске Жоғары аудиторлық палатасы анықтаған бюджеттік бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Парламенттік тексеру жүргізу құқығын беруді ұсынды. Жалпыұлттық социал-демократиялық патриоттық партиясы фракциясы дауыс беруден мүлде қалыс қалды.
Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметке айтылған сын-ескертпелердің орынды екенін атап өтті. Басты мәселелердің бірі – бюджетті болжау мен жоспарлаудың сапасыз жүргізілуі. Спикер оларды заңнамалық деңгейде шешу қажеттігіне назар аударды.
– Біз қазір жаңа Бюджет кодексінің жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Жақында Парламентке жаңа Салық кодексі енгізіледі. Кейбір мәселелер бойынша Үкіметпен әзірге ортақ түсіністікке келген жоқпыз. Мысалы, дивидендтер, бюджеттік емес қорлар және қаржы ағынын Парламенттің толық бақылауы бойынша бір шешімге келмедік. Үкімет депутаттардың ұсыныстарына байыппен, мұқият қарауы қажет. Осы кодекстермен бірлесіп жұмыс істегенде аталған мәселелерді ескерген жөн. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда, бюджет үдерісінде де бізге ортақ жауапкершілік жүктелгенін ұмытпауымыз керек, – деп түйіндеді Палата төрағасы.
Регламентке сәйкес Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қорытынды қарау Парламент палаталарының бірлескен отырысында өтеді.