• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Маман 07 Маусым, 2024

Заңгер даярлаудың көкейкесті міндеті

107 рет
көрсетілді

Мемлекет пен қоғам өмірінде құқықтың атқаратын рөлі аса маңызды. Өйткені барлық сала құқық нормалары арқылы реттеледі. Құқық ережелерді белгілеп, олардың орындалуын қамтамасыз ету арқылы қоғамдық тәртіптің сақталуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепілдік беретін жүйені қалыптастырады. Ал құқықтық білім – осы маңызды міндеттерді жүзеге асырудың негізгі тетігі.

Елімізде жоғары оқу орын­да­рын­дағы құқықтық білімнің жағдайына, заңгер мамандардың сапасына қатысты сын пікірлерді, әсіресе жұмыс берушілердің заң факультетінен шыққан түлектердің даярлығына көңілі толмайтындығы жиі айтылады.

«Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің сәуір айындағы жиынында еліміздегі құқықтық білім мәселелерін анықтап, оларды шешу мақсатында құқықтық білімді дамытудың тұжырымдамасын жазу ұсынылды. Жоспар бойынша елімізде заңгерлерді даярлайтын 60 университеттің осы саланы дамытуға қатысты, тұжырымдамаға енгізетін ұсыныстары алдын ала жиналып, сұрыпталады. Одан соң тұжырым­да­маның құрылымы жасалып, Астанада өтетін стратегиялық сессияда барлық университет өкілдері жұмыла талқылап, тұжырымдама жобасының соңғы нүктесін қоймақ болып келісілді.

Жақында Maqsut Narikbayev University-де «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдіс­темелік бірлестік ұйымдастырған стратегиялық сессия өтті. Бұл іс-шараға құқық саласындағы жетекші мамандар, академиялық қауымдастық өкілдері, 52 жоғары оқу орны, мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Сессияның басты мақсаты – еліміздегі құқықтық білімді дамытудың негізгі бағыт­тары мен басымдықтарын айқын­дайтын бірыңғай тұжырымдама әзірлеу. Сессияға дайындық барысында заң факультеттері жіберген ұсыныстар жүйеленіп, қазіргі жағдайдың SWOT және PESTL талдаулары жүргізілді.

Университеттер ұсынған деректер мен ұсыныстарды негізге ала отырып, тұжырымдама жоспары әзірленді. 52 жоғары оқу орны өкілдері саланың мә­се­­лелерін анықтап, шешу жолдарын, дамы­тудың негізгі бағыттарын талқылап, тәжірибелерімен алмасты.

Тұжырымдаманы талқылау барысында проблемалар да сөз болды.

Біріншісі – оқу бағдарламалары сапа­сының төмендігі. Еліміздегі 60 университет сан түрлі бағдарламамен заңгер даярлайды екен. Оған қоса көптеген университетте білім бағдарламаларының теориялық және жария құқықтық сипаты басым. Оқу орнында берілген білімде практика мен нарықтың қажеттілігі ескерілмегендіктен түлектер жұмысқа тұрғанда теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруда, нарыққа қажетті құқықтық мәселелерді шешуде қиындыққа кездеседі.

Екіншісі – кадр мәселесі. Елімізде білікті оқытушылардың инфра­құ­рылымы жақсы, ірі қалаларда шоғыр­лан­ғаны бел­гілі. Басқа шаһарларда орналасқан универ­ситеттерде жоғары білікті оқыту­шылар, халықаралық тәжірибесі бар мамандар тапшы. Алайда маман аздығына қарамастан, елімізде 60 жоғары оқу орны заңгер даярлап жатқанын айта кеткен жөн. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы, техникалық, педагогикалық бағыттағы уни­верситеттер де бар. Кадр мен бағ­дарлама сапасына, оқу орнының про­филіне қарамастан, сұраныс бар екен деп барлығы құқық жүйесіне кадр даярлайды. Сонда берілген білімнің сапасы, түлектің құзыреттілігі қайда қалды? Тиісті ынталандырудың жет­кі­лік­сіздігінен, университеттерде ұрпақтар сабақтастығы үзіліп, жас оқытушыларды жетілдіретін ғылыми мектеп жүйесі тоқырай бастаған.

Білікті, халықаралық тәжірибеге ие мамандардың жоқтығы – үшінші мә­селенің туындауына себеп. Жаңашыл, тың көз­қарастың жоқтығынан кейбір жо­ғары оқу орындары заңгер маманды­ғының заманауи рөлін жете түсінбейді. Бүгінде әлемнің дамыған елдеріндегі заң факультеттері, ең алдымен, бизнестің сұранысына жауап беретін, озық техно­ло­гиялардың, жасанды интеллектің, смарт келісімшарттардың, блокчейн мен транс­ұлттық корпорациялардың құқық­тық мәселелерін шешетін заңгер даярлай­ды. Ал біздің заң факультеттеріміздің көпшілігі әлі күнге Кеңес одағында қа­лыптасқан менталитеттен, қылмыстық құқық пен теорияның басымдылығынан арыла алмай келеді. Сондықтан бұл университеттер өнімінің басты тұтынушысы бизнес немесе халықаралық заң фирмалары емес, көбінесе ішкі істер органдары немесе мүлдем басқа салалар.

Төртінші мәселе – қазақ тіліндегі құ­қықтық білімнің мүшкіл жағдайы. Құқық жүйесінің тілі орысша қалып­тасқан. Заңдарымыздың қазақ тіліндегі нұсқасындағы қателер, бірізді құқық терминологиясының жоқтығы, қазақ тілінде сабақ беретін мамандар мен оқу материалдарының тапшылығы сияқты кемшіліктер студенттердің сапалы білім алуына, кейін түлектердің тәжірибеде құ­қықты дұрыс қолдануына кедергі кел­тіреді.

Бұған қоса еліміздегі құқық жүйесінің Ресей құқық доктринасына шамадан тыс тәуелділігі де назар аударатын фактор. Қазақстандағы құқықтық білім, доктрина, құқық қолдану, заң шығармашылығы ресейлік стандарттар мен практиканың ық­палында. Өкінішке қарай, бұл жағ­дай еліміздің тәуелсіз және өзіндік құқықтық жүйесінің дамуын тежеп отыр. Мем­ле­кет­тік тілдің құқық жүйесінен тысқары қалып қоюының басты себебі де осы.

Стратегиялық сессия барысында құ­қықтық білім тұжырымдамасының негіз­гі бағыттары айқындалды. Бірінші бағыт білім бағдарламаларының сапасын көтеруді көздейді. Ең алдымен, ортақ стандарттар мен құзыретілігі қарастырылған бірыңғай түлек профилін енгізу көзделіп отыр. Жоғарыда атап өткендей, құқықтық білім саласында университеттердің білім бағдарламалары әртүрлі. Бірыңғай бітіруші профилін әзірлеу және бекіту арқылы заң факультеттеріне сапалы түлек даярлауға басымдық беріледі.

Сондай-ақ бакалавриат түлектеріне кәсіби қауымдастық тарапынан ұйымдас­тырылатын бірыңғай біліктілік емтиханын енгізу ұсынылады. Қазіргі кезде әрбір жоғары оқу орнында оқу бағдарламасының мазмұны, оқыту әдістемесі, жалпы студенттерге қойылатын талаптар әртүрлі бол­ғандықтан, нәтижесі де сан қилы. Бірыңғай біліктілік емтиханын енгізу түлек сапасын институционалды деңгейде реттеп, сапасыз түлектерді мамандықтан шет­тетуге мүмкіндік береді. Десе де, бұл ұсыныстың тұжырымдамаға енуіне түсінікті себептермен, университеттердің көпшілігі қарсы болды.

Жаһандану, технологиялар мен жасанды интеллекттің даму жағдайында болашақ заңгерлердің Soft Skills, басқа да заманауи құзыреттіліктерін дамыту да негізгі ұсыныстың бірі болды. Қазір түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабі­леттілігін қамтамасыз етуге құқық саласымен қатар, олардың қосымша дағды­ларын қалыптастыру, тілдерді игерту өте маңызды. Осы тұрғыда заңгерлерге ағылшын тілі мен мемлекеттік тілдің қажет­тілігі ерекше екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар құқықтың тек теориясымен шектелмей, практикасына да баса назар аударылады. Құқықтық пәндер бойынша қазақ тілінде сапалы оқулықтар әзірлеу де – басым бағыттың бірі. Сондай-ақ оқыту бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, заңгердің дүниетанымын кеңейтетін жаңаша форматта құқық философиясы және салыстырмалы құқық әдістемесін қосу, көптілді траекторияларды дамыту да ұсынылды.

Тұжырымдамадағы келесі бағыт – кәсіби қауымдастықпен интеграцияны күшейту.

Заң факультеттерінің негізгі тұтыну­шысы – жұмыс берушілер, оның ішінде заңгерлердің кәсіби қауымдастықтары екені белгілі. Оларды академиялық ортаға тарту оқу үдерісінде теория мен тәжірибені ұштастырмақ. Сол себепті жұмыс беру­ші­лерді білім бағдарламаларын әзір­леу мен жетілдіруден бастап, пән­дердің мазмұнын жаңартуға, лекция оқуға, клиника жұмысы мен халықаралық үдерістік ойындарға тарту, яғни оларды заңгер кадрлар даярлау жүйесіне іс жүзінде қатыс­тыру өте маңызды.

Үшінші бағыт – сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы мәдениетті және академия­лық адалдықты дамыту.

Заңгер кадрларды даярлаудың ең басты талаптарының бірі академиялық адал­дық стандарттарын қатаң сақтау екен­дігі мәлім. Сол себепті болашақ заңгер­лер­дің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдылары университетте қалыптасқаны абзал.

Ғылым және ғылыми кадрлар сабақ­тас­тығына қатысты бағыттың да орны бөлек. Осы бағытқа қатысты маңыз­ды ұсыныстың бірі – жастарды оқытушылық, ғылым, академиялық мансапқа ынталандыру жүйесін енгізу. Бүгінде университетте, академиялық салада жұмыс істеу жас мамандарға тартымды кәсіп емес. Құқықтануды ғылым ретінде жаңғырту үшін ғылыми мектептер мен ғылыми кадр­ларды даярлау, оларды қолдау жүйе­сін қайта қалпына келтіру қажет.

Ғылымда ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіру де – аталған бағыттағы өзекті мәселенің бірі. Құқық ғылымының кенжелеп қалуының басты себебі – ғылыми кадрлар сабақтастығының болмауы. Ол профессорлардың жолын жалғайтын шәкірт даярлауы арқылы жүзеге асады. Ғылым жолына, академиялық салаға келген жас мамандардың алдында түсінікті, сенімді, жақсы жалақымен қамтамасыз етілген айқын жол картасы болғанда ғана олар бұл салаға бет бұратыны сөзсіз.

Стратегиялық сессия барысында, өкінішке қарай, жиынға қатысқан кейбір жоғары оқу орындарының өкілдері тұжырым­дамаға қатысты ұсыныстарын бер­ген жоқ, құрылымдық диалогке бел­сен­ділік танытпады. Кейіннен талқы­лау нәтижесінде шыққан құжатқа сенімсіздік танытуға тырысты. Дегенмен басқа да жоғары оқу орындары белсенділігінің арқасында жұмыс сәтті аяқталды. Стра­те­гиялық сессияда 52 университет өкілінің үш күндік еңбегінің нәтижесі ретін­де шыққан құқықтық білімді дамыту тұжы­рым­дамасының жобасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне жіберілді.

Стратегиялық сессияның алдына қойыл­ған мақсат орындалды деуге толық негіз бар. Мәселеге тікелей қатысы бар университет өкілдерінің ортақ жұмысының нәтижесі ретінде еліміздегі құқықтық білімді дамыту тұжырымдамасының жобасы дайындалды. Бұл тұжырымдама заңгер кадрларды даярлаудың сапасын арттыруға, кәсіби қауымдастықпен қарым-қатынасты тереңдетуге, заманға сай білім технологияларын енгізуге, ғы­лыми кадрлар даярлайтын ғылыми мек­теп жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат болмақ. Құқықтық білім­ді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу – елі­міздегі құқықтық білім беру жүйе­сін жетілдіру жолындағы маңызды қадам. Стратегиялық сессия болашақ заң­гер­лерді даярлаудың тиімді тәсілін қа­лып­тастыруға негіз болып, еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына тың серпін беретініне сенімдіміз.

 

Марат Ахмади,

Maqsut Narikbayev University ғылыми қызмет және зерттеулер жөніндегі вице-провост