Елімізде кеңес заманында құрылған бірқатар ауданға ұлттық ерекшелігімізге сәйкес Абай, Амангелді, Жамбыл, Исатай, Махамбет сынды тарихи тұлғалардың тегі емес, есімі берілген. Сол кезде үстемдік құрған орыс мәдениетінің ықпалымен Жангелдин, Байғанин аталған аудандар да бар.
Осылайша, халқымыздың ұлы перзенттерінің құрметіне берілген аудан атауларында ұлттық бірізділік қағидаты сақталған жоқ. Өкінішке қарай, бұл мәселеге еліміздің тәуелсіздігі жылдарында да жете мән берілмеді. Көптеген ауданның атауы қазақыланғанмен, «әркім өз бетінше түйе айдағандай» жағдай қалыптасты. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяқ шені мен осы ғасырдың басында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы белсенділерінің ұйытқы болуының нәтижесінде аудандардың көпшілігінің атауы қазақыландырылған. Бірақ Қызылжар өңірінен шыққан ұлы тұлғалардың аты-жөндерін алған аудандардың атаулары әрқилы жазылған: бұрынғы Сергеев ауданы – Шал ақын ауданы, Булаев ауданы – Мағжан Жұмабаев ауданы, Целинный ауданы – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан болып қайта аталған. Облыста Жамбыл ауданы бұрыннан бар болғандықтан, сол үлгімен «Мағжан ауданы», «Ғабит ауданы» деп жазу, ал Уәлиханов ауданын «Шоқан ауданы» деп өзгерту қажет еді.
Қостанай облысында бұрынғы Обаған ауданы – Алтынсарин ауданы, Таран ауданы – Бейімбет Майлин ауданы болып қайта аталған. Жамбыл облысында бұрынғы Луговой ауданы Т. Рысқұлов ауданы болып өзгертілген. Түркістан облысындағы бұрынғы Ленгір ауданы Төле би ауданы болып өзгертілгенімен, ресми құжаттарда «Төлеби ауданы» деп жазылып кеткен.
Республика аудандарының атауларын шолып қарасақ, оларды бірізділендіруде атқаратын жұмыс әлі аз еместігі аңғарылады. Соның ішінде мағынасы түсініксіз және еліміздің тарихына тікелей қатысы жоқ тұлғалардың құрметіне берілген, сондай-ақ патшалық және кеңестік отарландыру саясатымен байланысты атауларды өзгерту қажеттігі анық. Мысалы, Қарағанды облысындағы Осакаров ауданының атауы қазақтың «аса қарлы» деген сөзінен шыққан деген болжам бар. Осы ауданның мәслихаты 2022 жылы аудан атауын Сарыбел деп өзгерту туралы шешім қабылдаған. Алайда бұл шешім жоғары жақта әлі бекітілген жоқ.
Павлодар облысындағы қазақтың «темір» сөзінен шыққан Железин ауданының және патшалық отарлаушылардың діни ұғымымен байланысты Успен ауданының атауларын да өзгертетін кез жетті. Қостанай облысында Денисов және Федоров тектерімен аталатын аудандар да отаршылдықтың ескерткішіндей мызғымай тұр. Батыс Қазақстан облысындағы мағынасы түсініксіз Қазталов ауданының атауын да ауыстыру керек сияқты. Бұған қоса, аудандардың атауларының қайталануы да – ойланарлық жайт. Мәселен, Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында жыр алыбы Жамбыл есімімен аталатын аудандар бар. Есіл өзенінің атауы Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы және Астана қаласындағы аудандарға берілген. Ақсу атауын Жетісу және Павлодар облыстарының аудандары еншілеген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», деген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолданыстағы заңнамаға ономастикаға байланысты өзгерістер енгізіліп, осы салада қордаланып қалған түйінді мәселелер түпкілікті шешімін табады деп сенеміз.