• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 08 Маусым, 2024

Сарбаздың басты парызы

111 рет
көрсетілді

Сайдың тасындай сарбаз сан түрлі жағдайға сақадай сай. Сыптығыр болмысы ширыққан ол сынаптай сырғыған уақытта сілтідей тынып, Отан қорғау жолында туабітті жауынгерге айналды. Ол – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі, қатардағы Оразбек Ермекбай.

«Адамға өскен ортасы ықпал етпей қоймайтын тәрізді. Мысалы, мен Түркістан облысынан әскерге ша­қырылдым. Жалынды студенттік жыл­­дардан кейін зырылда­ған өмір күрт өзгеріске ұшырайтындай болып көрі­нетін де тұратын. Еңселі білім ордасын өзіңмен бірге тәмамда­ған үзеңгілес қатарластарың жалақысы жоғары жұ­мысқа кіріп, аздаған уақыттан кейін баз біреуі қымбат көлік тізгіндеп, кей­біреуі болса үйлі болып шыға келеді. Ал сенің әлі де шай-пұлыңнан аспайтын жалақыға қарап күнелткенің шынымен жаныңа батады. Мардымсыз нәпақаны талғажау еткеніңе бурадай буырқанып аласұрғаныңмен, іштей тынасың. Мен сияқты қомақты ақша төлейтін лайықты жұмыс тапсам деген аудандағы жолдас жігіт те талай кеңселердің табалдыры­ғын тоздырып, кенеуі кетті. Екеумізді бокс үйірмесі таныстырған. Талай жыл атақты боксшы боламын деп былғары қолғап кигенім бар», деп бастады сөзін кейіпкеріміз.

Өмірдің күйбең тірлігі мен ауырт­палық адам баласын әртүрлі жол­ға са­лады. Өкінішке қарай, аз ғана уақыт­­тың ішінде астына су жаңа кө­лік мініп, шықырлатып ақша санап жүр­ген досының іс-әрекеті күдік тудыра бастаған. Арада біраз жыл өткенде жол үстінде келе жатқан ол «Ананы ұс­таңдар» деп көшені басына көтерген дауыстан жалт қараған. Көз жүгір­тім жерде медициналық бетпердемен тұмшаланған біреу тура алдынан орғи жүгіріп бара жатыр. Арты­нан тұра ұмтылғандарға жеткізер емес. Дене бол­мысы өзінің бұрынғы досына келің­кірейді екен.

«Күдіктіден көзжазым жерден айырылып, ашуға булыққан қуғыншылар­дан жеткізбей кеткен желаяқтың кім екенін сұрадым. Үй ауласына есірткі жасырып жүрген өзімнің танысым екенін білгенде, төбе шашым тік тұрды. Бір мезетте мұндай қадамға барған адамды соңы­на дейін өзімнің танысым емес екеніне сендіріп те көрдім», дейді Оразбек Ермекбай.

Сол күні жол бойы замандастарының жаман әдетке құмар болып, жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылуы ұлтқа жапа шектіріп жатқанын ой елегінен өткізген ол осы оқиғадан кейін қоғам дертіне қарсы күресуді мақсат еткен екен.

«Өкініштісі сол, қазір синтетикалық заттарды тасуға әуес жастар көп. «Ку­рьер қажет» деп шақырып алып, қыл­мыс­қа итермелейтіндердің құрығы­на ілін­ген танысымның тағдырласта­рына тосқауыл болу керек деп ойла­дым. Қазір Ұлттық ұлан қатарында, есірткі тасымалдаушыларды құрықтап жүр­мін. Осылай­ша, есірткінің таралу жолдарына балта шабуға тырысып келемін. Ұлттық ұлан сапында қызмет етуім­нің де себебі осында жатыр. «Әскери бө­лім – өмірлік мақсаттарымның жүзеге асуына серпін берген мекен» деп жиі айтатыным да сондықтан», деп ағы­нан жарылды ол.

Алайда сарбаз атану үшін алға қой­ған мақсат аздық етеді. Бұл үшін таудай талап, қажырлы еңбек пен жоға­­ры жауапкершілік қажет. «Қылмысқа тос­қауыл болу үшін жаяу жасақ құра­мын­дағы мерзімді әскери қызметшілер­дің жек­пе-жек ұрыс тәсілдерді жетік мең­ге­ру деңгейлері әрқашан сын-сынақ­тан өтіп, үнемі бақылауда болады. Өйт­кені жауынгерлік қызмет кезінде бұзақы қол көтеріп, суық қару пайдаланған сәт­те тойтарыс беруі керек. Шаршы алаңда тер төгіп, байрақты бәсекеде топ жармасам да, жұдырықтасу өнеріне әб­ден дағдыланғаным қызмет барысында көп көмегін тигізеді. Қазір бұл жерде де физикалық дайындығымды күн сайын­ шыңдаймын. Өйткені қылмыскер­ді құ­рықтауда ширақ қимыл аса қажет», дейді Оразбек.

Сарбаз үшін тұрғындардың ты­ныш­тығы, бейбіт өмірден асқан марапат жоқ. Сондықтан Оразбек Ермекбай күнде­лікті әскери міндетін абыроймен атқаруды басты парызы деп біледі. Мәселен, сәуір айынан бастап әскери бөлімінің жауынгерлерімен, полиция қыз­меткерлерімен, бірлесе отырып, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұз­ғаны үшін жүзден аса адамды жет­кіз­ген. Қатар­­дағы жауынгер Оразбек­тің де бұл ба­ғытта атқарған жұмысы жетерлік.