• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Айбын 13 Маусым, 2024

Сот қарауылына салғырттық жат

110 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімнің айдауылмен алып жүру­ жөнін­дегі ротасында жүзге жуық әскери қызметші бар. Сот қарауылы сапын­да­ғы жауынгерлердің арасында атқыштар рота­сының қарауыл басшысы, аға сержант Алтай Жухин де 15 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Әскери қызметке бала кезінен қы­зы­ғу­шы­лығы оянған Алтай Фар­ман­ұлы «Саптағы сарбаз атану ар­ма­ныма қанат бітірді», дейді. Осылайша, мер­зімді әскери қызметке шақы­рылғаннан кейін елдің тыныштығы жолында еңбек етіп, тер төгуді мақсат еткен. Содан бері айдауыл­дау жөніндегі атқыштар ротасында аға сарбаз-атқыш, бөлімше командирі, взвод сер­жанты қызметтерін абыроймен орындады. Ал 2013 жылдан бері қарауыл қызметінің сапында жүр.

Мерзімді қызметте жүріп мықты коман­дир­лердің алдын көрген ол қазір қарауыл басшысы қызметін атқарады. Қоғам тыныштығы жолындағы қауіппен жиі бетпе-бет келетін қызметте алдыңғы буын ағалардың сілтеген жолы, демеуі кәсіби маман ретінде шешім қабылдауға әлі күнге дейін көмегін тигізетінін тілге тиек ете келіп: «Айдауылмен алып жүруге арналған атқыштар ротасының басты мақсаты – қарауыл қызметін қамта­масыз ету. Нақты айтқанда, қарсы алу және сот қарауылдарына жауаптымыз. Қарсы алу қарауылы теміржол бекеттерінде атқарылса, сот қарауылы сот ғимараттарында жүргізіледі. Сот қарауылының басты міндеті сол, айыпталушыларды сотқа айдауылмен жеткізу, олардың қашуына жол бермеу, сот үдерісіндегі тұлғалардың қауіпсіздігіне жауап беруге тиіспіз», дейді. Оның айтуынша, қоғам қауіпсіздігін сақтаудағы жауапты сәтте жауынгерге қырағылық керек.

– Қызмет барысында өзіме бағынысты жеке құрамның қызметіне қырағы, мұқият болуына мән беремін. Сонымен қатар әр әскери қызметшінің өзінің ар-намысын биік ұстап, алдына қойылған тапсырманы уақтылы және сапалы орындауын талап етемін. Оқыс оқиға бола қалса, жедел әрекет етіп, жылдам шешім қабылдау да басты қаперде ұстайтын қағидамызға айналуға тиіс, – дейді Алтай. – Ал қарауыл қызметіне түсетін әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйі одан да маңызды. Өйткені адамның қажет кезде батылдық танытып, жауапкершілікті сезіне білуі үшін эмоционалдық көңіл күй өз бабында болғаны жөн. Сондықтан сот қарауылына түсетін әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйіне ерекше ыждағаттылықпен қараймыз. Қызметке шығар алдында олардың көңіл күйі мен денсаулығы тексеріледі. Өйткені мұның бәрі жауапты міндет атқару кезінде әскери қызметшіге кедергі келтірмеуге тиіс.

Сот үдерісі кезінде ұландық әскери қыз­мет­шілерге өз әрекеттеріне баға беруді де үйренуге тура келеді. Бұл – өте маңызды ереже. Өйткені сот үдерісінде әскери қызметшілер сотталу­шылардың қашуына жол бермеуге міндет­ті болғандықтан, тәртіпті қадағалап, қатысушылардың қауіпсіздігіне жауап береді. Сондай-ақ бір мезетте сотталушымен қарым-қатынас кезінде айдауыл қызметшінің қаперде ұстауы керек қағиданың бірі – әскери қыз­метші және құқық қорғау саласының өкілі екеніңді бір сәт те ұмытпау. Демек бұл қыз­мет­тен тыс қарым-қатынасқа түспей, антқа адал­дық танытып, міндетке мінсіз болудың маңыз­д­ылығына мән беруге шақырады. Себебі әскери қызметші өз басының ар-намысын жоғары ұстағанда ғана қауіпсіздікті сақтап, тәртіпке бағындырудың жолын таба біледі.

Жауапты қызметтің жауынгері Алтай Жухин отбасының алдындағы жауапкершілігін де ұмыт қалдырған кезі жоқ. Өзі Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Қарасу ауылында қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. Отбасы құндылығын қаперінен шығармаған ол бүгінде өмірлік серігімен бірге бес бала тәрбиелеп отыр.

«Жауынгерлік қызмет отбасылық өміріме ешқандай кедергі келтірмейді. Бұл үшін арнайы демалыс күндері белгіленген. Сондықтан елім үшін саптағы сарбаз, отбасымда адал жар, үлгілі әке болуға барымды саламын», дейді Алтай. Себебі Отан отбасынан басталады. Ал отбасы тыныш болса, Отаның да тыныш болады деп санайтын кейіпкеріміз бос уақытын отбасына арнап, таза ауада серуендеп, табиғат аясында демалғанды жақсы көреді. Айтуынша, әскери өмір уақыттың бағасын ұқтырып, әр сәтті мағыналы өткізуге тәрбиелейді. Спортпен де тұрақты шұғылданып, қолы қалт еткенде кітап оқуды әдетіне айналдырған сарбаз қоғам тыныштығын сақтауда әрқашан қырағы.