• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 13 Маусым, 2024

Даңқ драмасы

54 рет
көрсетілді

Қаламгер мен билеушінің даңқын салыстыруға келмейтін шығар. Әртүрлі пікір айтуға, қисын табуға болады, бірақ екеуі дүниенің ағы мен қарасындай екі бөлек нәрсе. Соған қарамастан, сонау ХІV ғасырдан бері Әмір Темір мен ақын Қожа Хафиз есімі ел жадында бірге жасап келеді. Хафиз таратқан ізгілік пен рух жасау керек еді де, Темір ұмытылу керек еді деп ойлайсыз... Кімнен үлгі аламыз, кімді үлгі тұтамыз?

Әбіш Кекілбайұлының «Аңыз­дың ақыры» романын оқыған адам ол шығарманы ұмытуы мүмкін емес-ау. Даңқ пен дақпыртқа байланысты мұнда да небір ға­жаптар қабысып, елеусіз күн­дер­дің белгісіз елесіндей сана көк­жиегіне көмкеріле береді. Елеусіз, байқалмай өтіп кететін күндер болады ғой. Сол сияқты негізгі оқиға арасында жымын білдірмесе де негізгі мән болып жүретін ен-таңбасыз мәтіндер қаншама. Жарайды, жарты әлемді уысында ұстаған Темірді қойшы, мұны жылдар бойы зары­ға күткен жас тоқалының аты, оның махаббатының белгісіндей мұнара тұрғызған шебердің даңқы қайда қалды? Олардың аты да жоқ. Тек қана қаламгерлердің осындай шығармаларында төбе көрсетеді.

«Саған жаратқан ием желді неге бағындырып бергенін біле­сің бе?» деп сұрапты дейді Сүлей­меннен бір күні құмырсқа кеп. Сүлеймен қапелімде жауап таба алмай мүдіріп қалыпты. «Ол сенің патшалығыңның ақыр түбі желге ұшатынын меңзегені» депті құмырсқа. Сүлеймен­нің бұны естігенде өңі ауып кетіп­ті. Әлгі құмырсқа: «Алланың әмірін ұлыларға кішілердің сөзі жеткізеді деген осы болады» деп тайып тұрыпты. Сүлейменнің де басынан ауған бақ кімнің басынан аумайды дейсің. Бірақ Сүлейменнің басынан бақ ауғанмен, даңқ ауды ма? Соған қарап-ақ, бақ аз ғана күн тіршіліктің ырзығы да, ал даңқ ұлан-асыр мәңгіліктің несібесі екенін біле беруге болмай ма?» деген жолдар бар «Аңыздың ақырында».

Біле білгенге бұл мәтін Әмір Темірдің төрт жылғы жорықтан қайтып келе жатқанындағы сапары барысында тегін беріл­ме­ген. Шығарманың басында билеу­шінің екі-үш күннен бері құм ішінде жүруден шаршаға­ны ғажап суреттеледі. Жел мен құмнан мезі болған кейіпкердің жан азабын түйсіну де оқырманды терең ойға батырмай қоймайды. Құм, көшпелі құм бетіне түскен ізді өткен бойда басып қалып жатады... Соған жол үстінде көзі жеткен Темірдің ішкі монолог­тері таңғалдырады, таңғалдыр­ған сайын ойландырады. «Кеше деген – әлсіздіктің екінші аты. Бүгін әлсірей-әлсірей кешеге айналады. Ал бет қаратпас алапат күш бүгін түгілі ертеңнің өзімен белдеседі. Күштіліктің шын аты – мәңгілік... Мәңгілікпен сол бет қаратпас алапат күш қана тіл табыса алады. Әлжуаздың ажалы бүгіннен, екі ортадағы дүрегейдің сазайы – ертеңнен, ал атасын танымас алып күштің мәңгіліктің дәл өзіндей ажалы жоқ» дейді. Осындай мәтіндер тізбектеле келе бара-бара билеушінің шын бейнесі ашылған сайын ашыла түседі. Әрине, «күштіліктің шын аты мәңгілік» деген байлам – Темірдің жеке пікірі және кемшілігі де сол болуы кәдік.

«Тойымсыздық, қана­ғат­сыз­дық, атаққұмарлық – құмар­лық атаулының жексұрын түрі» дейді. Қате! Олар әншейін ұсақ құмарлықтар. Ең күшті, ең қуат­ты, бәрінен асқан аждаһа құ­мар­лық – даңғой даңққұмар­лық. Ең үлкен, ең керемет ер­лік­тер мен адам ақылына сыймай­тын сұмдық қаскүнем қані­шер­ліктің түбінде, міне, осы даңқ­құмарлық жатады. Міне, осы сұмдық дерттен құтқарар құді­рет болса, қалғандары маған түк емес. Даңққұмарлық­пен са­лыстырғанда олар әншейін шы­бын-шіркей» деген Шери­данның сөзін Қадыр Мырза Әлі «Жазмышында» келтіреді.

Әбіш Кекілбайұлының «Аңыз­­дың ақырында» Темірдің қым­-қуыт жан түкпіріне жасы­рын­­ған даңққұмарлықтың бей­несі Шеридан жазған осы бір үзін­­діден кейін айқындала түсе­ді. Ирландық ақын Шеридан Қа­дыр­дың айтуынша, осы даңқ­тың құрбаны. «Даңқ оның кеу­де­сі­не ібіліс ұялатқан. Оның жанын жын жайлаған. Ол мақтау-мадақтың есірменіне айналған. Жұрттың дүрілдетіп соққан ша­палақ-қолы, бірінен-бірі асқан қолпаштау ақын-драматургті тірі жүре алмайтындай жағдайға жеткізген» дейді. Осыншама «кереметтің» шырынын сіміріп, әбден мас болмағанда Шеридан жоғарыдағыдай сөзді жаза алар ма еді? Жоқ, әрине. Басқаларға қарағанда, ақынның даралығы өз жанына тереңірек үңіле алатынында дер едік.

«Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес»,

демей ме Абайдың өзі.