Қазақстан дәрігерлері алғаш рет балалардың мүгедек боп тууын азайту мақсатында құрсақішілік дамудағы ақауларын түзете бастады. Фетальды оталар әлі дүниеге келмеген нәрестенің денсаулығы мен өмірі туралы көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік беретін жағдайларда жасалады. Фетальды оталар балалардың мүгедек болып дүниеге келуін азайтуға септігін тигізеді.
Фетальды хирургия – медицинаның Қазақстанда қолға алынып жатқан мүлдем жаңа бағыты. Жобаны Денсаулық сақтау министрлігі AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырып отыр.
Бүгін Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында ұзақ жылдар бойы фетальды оталарды табысты жүзеге асырып келе жатқан Ресейдің жетекші «Ана мен бала» медициналық орталығының хирургі М.А.Курцер мен Наталья Владимировна Косовцованың, Екатеринбург қаласындағы ана мен нәрестені қорғау ҒЗИ хирургі Андрей Евгеньевич Бугеренконың қатысуымен Қазақстандағы алғашқы жатырішілік патологияны түзету бойынша практикалық шеберлік сағаты өтті.
«Денсаулық сақтау министрлігі балалардың мүгедек болып тууын төмендетуді басты міндет деп санайды. Бұл үшін фетальды хирургия әлем бойынша ең маңызды құралдардың бірі болып есептеледі. Біз кейінгі 30 жылдың ішінде фетальды оталар саласы бойынша ең озық әлемдік тәжірибелерді талдадық. Бұл білімдердің барлығы Қазақстанда алғаш рет әзірленген фетальды хирургияның стандарттарына негіз болды. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының (Алматы) және UMC (Астана) дәрігерлерінің бригадалары Қазақстанда және шетелде фетальды хирургия бойынша ұзақ мерзімді күрделі теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Сондықтан отандық денсаулық сақтау саласы үшін бұл аса маңызды күн», деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қазақстанда фетальды хирургияны іске қосуға дайындықты Денсаулық сақтау министрлігі екі жыл бойы жүргізді. Алматыдағы перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының және Астанадағы UMC КҚ-ның дәрігерлер тобы анықталды.
«Алматы қаласының әкімдігі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына еліміздің ірі мегаполисінің тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және балалардың мүгедек болып тууын төмендетуге ықпал ететін жаңа озық медициналық тәжірибелерді енгізуге бағытталған жан-жақты қолдау көрсетеді», деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі орынбасары Әсем Нүсіпова.
Денсаулық сақтау министрлігі мен AYALA қайырымдылық қоры дәрігерлердің фетальды хирургияның озық шетелдік емханаларда жеке оқытуды ұйымдастырып, 10-нан астам практикалық шеберлік сыныптары мен семинарларға қатысуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар қор өткен жылы дәрігерлердің Испанияда өткен дүниежүзілік ұрық хирургиясы конгресіне сапарын ұйымдастырды.
«Қазақстанда балалардың мүгедек болып тууын төмендету жөніндегі – AYALA қоры үшін басты міндет. Біз Денсаулық сақтау министрлігіне елімізде фетальды хирургияны іске қосуға және қалыптастыруға көмектескенімізге қуаныштымыз. 29,3 миллион теңгеден астам сомаға Перинатология және балалар хирургиясы орталығындағы ұрық хирургиясы бөлімшесін арнайы медициналық құралдармен – лазермен және фетоскоптармен жабдықтауға көмектескен құрметті серіктесіміз GASENERGY компаниясына алғыс айтамын», деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушысы әрі президенті Айдана Сүлейменова.
Фетальды медицина (фетальды хирургия) – бұл медицинаның құрсақтағы ұрықты емдейтін жоғары мамандандырылған саласы. Фетальды хирургиясы аз инвазивті процедуралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға негізделген.
«Бүгін біздің орталық үшін ғана емес, жалпы ел үшін де айтулы күн. Қазақстанда алғаш рет Денсаулық сақтау министрлігінің, Алматы қаласының әкімдігі мен ҚДБ, сондай-ақ AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен біз фетальды хирургияның беташар жобасын енгізуді бастаймыз. Фетальды хирургия – бұл ұрықтың өмірі мен денсаулығына туылғанға дейін араласуға мүмкіндік беретін медицинаның инновациялық саласы. Бұл әйел адамға дүниеге дені сау баланы әкеліп, бақытты ана болуға мүмкіндік береді. Біздің мамандар тобы Израиль, Ресей, Испания, Беларусь және Португалия сияқты елдерде білім алып, жаңа технологияларды дайындау және игеру бойынша үлкен жұмыс атқарды.
Жатырішілік ақауларды емдеу бойынша жылына шамамен 150-ге жуық ота жасалады деп жоспарлап отырмыз. Фетальды хирургия жобасы біздің орталықтың дамуындағы және еліміздің аналары мен балаларына медициналық көмектің сапасын жақсартудағы жаңа кезең болады», дейді Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнәр Нұрланова.
Жақын арада AYALA қорының қолдауымен Астанада UMC базасында медицина ғылымдарының докторы және International Fetal Medicine and Surgery Society (IFMSS) мүшесі Наталья Владимировна Косовцованың қатысуымен фетальды хирургия бойынша алғашқы практикалық шеберлік сағаты өткізіледі.
Қазіргі уақытта аз инвазивті эндоскопиялық (фетоскопиялық) оталар ашық хирургияны алмастыруда, өйткені олар ана мен ұрықтың ағзасы үшін қауіпсіз. Әлемнің көптеген елдерінде құрсақішілік емдеуге жататын ұрық ауруларының аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді, жаңа технологиялар әзірленіп және жетілдіріліп жатыр, туа біткен жүрек ақаулары, диафрагма грыжалары және ОЖЖ ауруларын құрсақта жатқан кезінде емдеу шаралары белсенді енгізіліп, бүгінгі таңда үлкен жетістіктерге жетіп отыр.