Жайқалып тұрған ағаштар мен өсімдіктердің негізгі қорегі тамыры арқылы келетіні белгілі. Бірақ көбіміз сол ағаш тамырының құпиясын біле бермейміз-ау.
Мәселен, Африканың онтүстік-батыс аймағында өсетін акация ағашының тамыры өте тереңге бойлайтын көрінеді. Ғалымдар бұл өсімдік тамырының 68 метрге дейін жеткенін анықтады. Ал Италияның Пьемонт аймағында Bialbero di Casorzo деп аталатын ерекше қос ағаш бар. Ерекшелігі сол, тұт ағашының діңгегінен өтіп, оның үстінде шие ағашы жайқалып тұр екен.
Діңі мықты
Баобаб – ерекше ағаш. Оның үлкен діңі жауын-шашын маусымында көп мөлшерде су жинап алады. Сол суды пайдалану арқылы баобаб «арықтайды».
Ағаштың діңі қуыстарға толы болғандықтан, жануарлар мен құстар өзге жыртқыштардан қорғанып, сол жерлерде тығылады. Құшағы кең ағашты аң-құс түгілі адамдар да паналайды. Бір қызығы, Африка мен Аустралиядағы баобабтардың ішінде кофеханалар да болған. Егер саванналарда өрт туындаса, дымқыл болып тұратын Баобаб отқа оранбайды.
Мұндай да болады екен-ау
Тоғай дегенді естіп жүрміз. Ағаш дегенді білеміз. Бірақ тоғай ағашы дегенді біліп пе едіңіз? Олай аталатын да жөні бар. Өйткені бұл ағаштың діңі біреу емес, бірнешеу.
Ғылыми атауы – баньян. Әуелде оның жас шыбығы жан-жаққа бұтақтарын жаяды. Ал бұл бұтақтардан жапырақтар ғана емес, тамырлар да өсіп шығып, төмен иіледі. Мұндай тамыр жерге жетісімен-ақ жуанданып, ағаштың тағы бір діңіне айнала бастайды. Ең үлкен баньян ағашының 4 мыңнан астам діңі бар екені анықталған. Бұл деген тіпті де тоғай-ағаш емес, нағыз орман-ағаш емес пе!