• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Маман 23 Маусым, 2024

Кәсіби кинолог

109 рет
көрсетілді

Биыл қауіпсіздік қызметіндегі қырағы иттердің көмегімен 164 қылмыс әшке­ре­ленген. Күдіктінің ізіне түсіп, арам пиғы­лын жүзеге асырғысы келген пысықай­ларды Астана қалалық полиция депар­таментіне қарасты Кинологиялық қызмет орта­лығының 50-ден астам иісшіл иті мен 31 кинологі анықтаған. Кәсіби мереке қарсаңында ұрлық-қарлық, тіпті есірткі тасымалдаушыларды құрықтауға үйре­тілген арнайы иттердің қызметімен жақы­нырақ танысып қайттық.

Нарғыз Мекебаеваның кинология саласында жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Кәсіби маман ке­йінгі жеті жылда «Айбат» есімді бельгиялық ов­чарка­мен қоян-қолтық қызмет етіп, небір қылмыстың ақ-қарасын анықтаған.

– Жұмысымыз сағат 8.30-да ­басталады. Таңғы жиналыс­та кес­теге сай тапсырмалар бері­леді. Кейін кинологтер иттермен күнделікті дайындықты бас­тай­­ды. Учаскені айналып, сер­гі­тіп алады. Жалпы, қызмет уақы­­тында бекітілген итті күтіп-бап­тау, тұрған орнын тазалау, оның дұ­рыс тамақтануына көңіл бөлу әрқайсымызға мін­дет­теледі. Ит­тер уақтылы вете­ринарлық тексеруден өтіп тұрады. Жануар­лар қамқорлықты қажет етеді, оларды қалай баптасаң, са­ған да солай адал болады. «Айбат» жарылғыш заттарды із­деу­ге арналған иттердің санатына кіреді. Бельгиялық овчарканың ерекше­лігі, олар өте төзімді ке­леді. Жұмысқа да қабілеті ­зерек. Бұл тұ­қымның иттері қызметте өте кең таралған ­әрі қырағы, – деп әңгімесін бастады Астана қала­лық полиция департаментіне қарасты Кинологиялық қыз­мет орталығының аға инспекторы, полиция ­майоры Н.Мекебаева.

Қылмысқа қасақана барған адам арнайы қолғап не бетперде тағып, ілік қалдырмауға тырысады. Тіпті табан іздерін жасырып бағады. Бірақ мұны иіс сезу қабілеті адамнан 10 мың есе зор қауіпсіздік қызметінің иттерінен жасыру мүмкін емес. Мұнда төніп тұрған қатерді болжап, құтқару­ға асық иісшіл иттер күшік кезі­нен таңдалады екен. Әуелі бір-екі айында мойнына шынжыр тағып, бағыттар үйретіледі. Кейін 9 айынан 2 жасқа дейін арнайы ­да­йындықтарға машықтайды.

– Итті күшік кезінде үйрету оңайырақ. Басты талап – күшік ойынпаз және ізденімпаз болуы қажет. Ол үшін адам көп шоғыр­ланатын аумақтарда еркін жүруге, қатты дауыстардан үркіп қалмауға, биіктікке мініп-секіруіне дейін үйретіледі. Әрине, бұл үдеріс ұзақ уақытты алады. Әрі үздіксіз оқу-жаттығуды талап етеді. Өйткені ит әр­қашан кез келген жағдайға дайын­ болуы керек. Тағы бір маңызды та­лаптың бірі – тыңдай білу. Төрт аяқ­тылардың нұсқаушының кез келген бұйрығын бұлжытпай орын­­дауы үшін көп күш жұм­са­лады. Мәселен, Павлов әдісі бар. Тапсырманы дұрыс орындаған кезде дауыстап «Жарайсың» деп мақтау айтасың. Кейде тәттісін, ойыншығын беріп машықтайсың. Сондай-ақ аустриялық тәсіл де қолданылады. Яғни кинологтің қо­лындағы арнайы құрылғы арқылы тәрбиелейсіз. Ит неғұрлым көп команданы орындаса, оның қарым-қабілеті шыңдалып жат­қанын көрсетеді. Қызметтік иттер көбіне өзін үйреткен бір ғана адамның бұйрығын орындайды. Сондықтан мұнда бір маманға бір иттен бекітіледі. Бұл үдеріс те жай болмайды. Әуелі кино­лог маманның мінез-құлқы зерде­леніп, оның позициясы нақты­ланады. Сәйкесінше егер маман белсенді болса, оған салмақты ит беріледі. Ал керісінше кинолог момын болса, іс-қимылы ширақ ит ұсынылады. Тағы бір маңызды тұсы – ит ашушаң болса, мысы басып тұратын адамға бекітіледі. Осылайша, бір-бірін толықтырып тұруы қажет. Бұл үйлесімділік қыз­­мет барысында өте маңызды. Сон­дай-ақ кинологтердің әртүрлі жағ­дайларға байланысты итпен жұмыс істеуде әдіс-тәсілдері бо­луы міндетті, – дейді кинолог.

Маманның айтуынша, иісшіл иттер орта есеппен 8 жыл, жұмыс­ты істеу деңгейі төмендемесе, одан да көп жыл қызмет етеді. Әрі олар бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтсақ, есірткі, жарылғыш заттарды, оқ дәрі мен қару-жарақты іздеу, одоро­логия, шабуылдау бағыты, ар­найы мекемелерді күзету де құзыреттеріне кіреді.

Кинология қызметіне үміт­кер­лер қатал іріктеуден өткеннен кейін ғана қабылданады. Көбіне шекаралық қызмет және әскер қатарында парыздарын өтеген­дер­ге, қызметтік иттердің инструкторлары болғандарға басымдық беріледі. Бірақ бір байқағаны­мыз, кинолог болу үшін жануарлар­ға деген махаббат жеткіліксіз. Шыдамдылық, білім-білік сынды қасиеттер болуы қажет. Иттің мінезін әбден зерттеу керек. Өйт­кені қырағы төрт аяқтылар адам­ның көзқарасы арқылы нені айт­қысы келгенін бірден сезеді.