• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2024

Ең жоғары құндылық – өмір сүру құқы

107 рет
көрсетілді

Елімізде өлім жазасы түпкілікті жойылғалы үш жыл өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңға қол қойды. Содан бері өлім жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыруға алмастырылды.

Елімізде өлім жазасының толық жойылуы – адам құқықтарын қамтамасыз етуге және конституциялық ең жоғары құндылық – өмір сүру құқығына кепілдік беруге ықпал ететінін көрсетеді. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында құқық қорғаушылардың өлім жазасын елдің Қылмыстық кодексінен жазалау шарасы ретінде толығымен алып тастау туралы ұсынысына түсініктеме бере келіп: «Мен бұл салаға ерекше назар аударамын, өйткені оның жағдайы біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді. Біз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен кезең-кезеңімен ілгерілеп келеміз. Маусым айында мен құқық қорғау саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұған дейін менің бастамам бойынша біздің еліміз өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қосылды», деген еді.

Өлім жазасынан бас тарту түптеп келгенде, мемлекеті­міздің адам құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар халық­аралық міндетте­мені орын­­дауын ғана емес, адам құқық­тарын қорғау жүйесін нығайту­дағы маңыздылығын ескергенін уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Қазақ елі өз алдына дербес зайыр­лы ел болып, тәуелсіз­дігін жариялаған 30 жылдан астам уақытта 536 өлім жазасы орындалған. Бас прокуратураның құқықтық статистика орталығы­ның мәліметінше, 1997 мен 2001 жыл аралығында өлім жазасына 266 адам кесілген. Осы уа­қыт аралығында 150 азамат атыл­­ған. 27 адамның жазасы «өмір бо­йына абақтыға қамау­ға» алмас­ты­рылған. Қалған 89 адам­ның жағ­дайы белгісіз. Алайда мамандар олардың осы уақыт аралығын­да қайтыс болуы мүмкін екенін ай­тады. Себебі көпшілігі өлім жазасы орындалғанша, өз-өздеріне қол салады екен. Мұндай факті сол кезеңді бағдарласақ, республи­ка бойынша жыл сайын 18 адам өз өмірін қиған. Соңғы рет 2003 жы­лы сот шешімімен ең ауыр үкім кесіліп, 12 адам атылған.

Жалпы, сол кезеңде Құқық­тық реформа бағдарлама­сы­ның өзінде-ақ өлім жазасын кезең-кезеңмен жоюдың келешегі нақты белгіленген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұрлық, жалған ақша жасаушылық, валюталық операциялар туралы ережелерді бұзу­шылық, қарақшылық, түзеу мекемелерінің жұмысына іріт­кі салатын әрекеттер, зорлау мен пара алу үшін өлім жазасы заң жүзінде жойылды. Кейін 1998 жылғы 1 қаңтарда жаңа Қылмыстық кодекстің қолда­нысқа енгізілуімен өлім жазасы бейбіт кезде іс жүзінде қасақана кісі өлтіргені үшін ғана сақталған.

Құжаттағы өзгеріске бір жағы­нан соттар шығарған өлімге кесу үкімдерінің саны бірне­ше есе кемігендігі әсер еткен. Әрі-беріден соң, қасақана кісі өлтіру фактісі де азайған. Мұның өзі аса ауыр қылмыстың өсуіне әкелмегендігін айғақтаған. Бірақ қоғамда жаза жеңіл болса, адам жауапкершіліктің парқын ұғын­бауы мүмкін, жазаның қатаңдығы адамды қылмыс жасаудан аяқ тартуға алып келеді деген түсінік бар. Бұған сол кездегі жасалған әлеуметтік сауалдамалар дәлел болады. Сондықтан ел билігі жұртшылықтың пікірін ескеріп, өлім жазасын орындауды түбе­гей­лі алып тастамай, 2003 жылы желтоқсан айында тек мораторий жариялайды.

– «Өлім жазасын қолдану қоғамдағы қылмыс санын азайта ма?» деген сипатта бірнеше зерттеу жасалды. Мұнда ғалымдар «Өлім жазасын тағайындау адамды қорқыта ма?», «Қылмыс санын айтарлықтай азайта ма?», «Немесе қылмыстың белгілі бір санының кемуіне ықпал етеді ме?» деген үш сауалға жауап іздеуге талпынған. Негізінде бұл факторлардың арасында ешқандай байланыс жоқ. Өйткені адам «өлім» деген нәрседен қорықса, өміріне ұдайы қауіп төніп тұратын ұшқыш, шахтер сынды мамандықтарды таңдамас еді. Сол себепті іргелі криминологиялық зерттеулерде өлім жазасын орындау қыл­мыстың азаюына әсерін тигіз­бейтіні келтіріледі, – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов.

Мораторий енгізілген тұста кем дегенде 5 адамға өлім жазасы тағайындалған. Бірақ Қылмыс­тық-атқару кодексі 165-ба­бының 5-тармағына сәйкес, өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген кезден бастап, ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мора­торий­дің күші жойылғаннан соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін кесіледі. Осылайша, өлім жазасы мораторий алынып тасталған жағдайда ғана орындалады.

Ал жазаның бұл түрін қолдан­баудың тұрақты құқықтық режімі 2020 жылдың 24 қыркүйегіне дейін сақталды. Ал қатаң жаза ретінде 2004 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру деп бекітілді.

Артынша, 2005 жылы респуб­лика Азаматтық және сая­си құқық­тар туралы пактіні рати­фика­­циялады. Ал 2006 жылы Еуро­одақтың өлім жазасын жою туралы үндеуіне қосылды. Еліміз 2007 жылы БҰҰ-ның Өлім жазасына мораторий енгізу туралы резолюциясын да қолдады.

Араға жылдар салып, 2019 жылы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі сая­си рефор­маларды жүзеге асыру негізінде Сыртқы істер министр­лігіне азаматтық және саяси құ­қықтар туралы халықаралық пакті­нің екінші Факультативтік хат­тамасына қосылу рәсімін бас­тау­ды тапсырған-ды. Сөйтіп, 2020 жыл­дың 23 қыркүйегінде БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның тұрақ­ты өкілі Қайрат Омаров атал­ған хаттамаға қол қойды. Шешім­ді Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ме­рей­той­лық сессиясында жариялады.

«Бұл шешім Конституцияға толығымен сәйкес келеді және негізгі заңға ешқандай өзгеріс енгізуді қажет етпейді. Кезінде өлім жазасына Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығы­мен тыйым салынған. Елімізде өлім жазасы қолданылмайды. Өлім жазасы Конституцияда белгі­ленген 2 жағдайда ғана қарас­ты­рылады және ол толығымен факультативті хаттамаға сәйкес келеді», деп Мемлекет басшысы көпке жалпы саяси пікірталас барысында жеткізді.

Айта кетерлігі, БҰҰ құжат­тары мүше мемлекеттерге ең жоғары жазаны шетелдік агрессия, геноцид секілді соғыс кезінде жасалған ауыр қылмыстарға қолдануға рұқсат етеді.

2021 жылдың 2 қаң­тарында Президент «Өлім жаза­сының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, бұ­рын өлім жазасына кесілген қыл­мыс­керлердің жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Осылайша, еліміз өлім жазасынан заңды түрде бас тартқан елдердің қа­тары­на қосылды. Ал өлім жаза­сы ал­мас­тырылғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына сеп болатынына сенім білдірді.

«Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қараша айында өткен отырысында Қазақ­станда өлім жазасы қандай да бір ескертпесіз жойылуға тиіс деген ұстанымды білдірді. Осы заңды қабылдай отырып, Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салған елдер тобына қосылды. Сондай-ақ еліміз өлім жазасын толығымен жоюға арналған халықаралық қозғалысты қол­дайтынын заң арқылы дәлелдеп отыр. Қабылданған заң еліміздің демократиялық жолмен дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Гуманистік мемлекеттік басты қағидаты – адам өмірі. Мемлекет басшысының қылмыстық заңна­ма­ны ізгілендіруге бағытталған бұл бастамасы Қазақстанның халықаралық құқықтың жоғары стандартқа қадам басқанын байқатты. Әрі БҰҰ-ның өлім жазасын жою туралы шешім­ді қабыл­даған мемлекеттерге жүргізген зерттеулеріне үңілсек, өлім жазасынан түбегейлі бас тартқан кейбір елде аса ауыр қылмыстар саны­ның артпа­ғаны, керісінше басым бөлігінде азайғаны келтірі­леді. Десек те Қазақстан өлім жаза­сынан бас тарту туралы шешімі­нен кері шегі­не алмайды. Өйт­кені өлім жаза­сын қайта енгіз­ген елдерге БҰҰ тарапынан қатаң сан­к­ция салынады. Әзірге ескі тә­жірибені қолданып жатқан ешкім жоқ. Өйткені бұл қадам әр мем­лекеттің тәуелсіздігі мен жері­нің тұтастығын сақтау үшін қажет.

– Біз 2020 жылы алдымен Аза­маттық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екін­ші Факультативтік хаттамасы­на қосылып, кейіннен соған қол қойдық. 2021 жылы Қылмыс­тық кодекстен ең ауыр санкция, өлім жазасы алынып тастал­ды. Ал осыдан екі жыл бұрын конс­т­итуциялық реформа аясын­да Ата заңымыздан бұл жаза­ны алып тастауымыз – ақылға қо­нымды шешім. Бұл «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адам­ның өмірі» деген Консти­ту­ция­дағы қағидаға қайшы келмей­ді. Заңнамалық не халықаралық тұрғыдан алып қарасақ та, қисын­ға келеді, – деді Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

Қазір елімізде өлім жазасы іс жүзінде өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыс­тырылды. Бұрын өлім жазасына кесілген немесе өмір бойына сот­тал­ған 100-ден астам адам жаза­сын Қостанай облысындағы «Қара бүркіт», Арқалық қала­сын­дағы жабық түрмеде өтеп жатыр.

2022 жылы өлім жазасынан Қазақ­­­станмен қатар Папуа-Жаңа Гвинея, Сьерра-Леоне және Орталық Африка Респуб­ли­касы толық бас тартты. «Amnesty Inter­national» құқық қорғау ұйымы­ның биыл­ғы есебі­не көз салсақ, кейін­гі он жыл­да әлемде өлім жазасы­ның саны ең жоғары деңгейге жеткен. Дүние ­жүзін­де былтыр 1 153 өлім жазасы тір­келген. Авторлар көрсет­кіш­тің одан алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда шамамен 30 пайыз өске­нін байқаған. Өлім жазасына кесіл­гендердің басым бөлігі – есірткі қыл­мысымен түрмеге жабыл­ған­дар. Құжатта Таяу Шығыс елдерінде, соның ішінде Иранда өлім жазасының күрт өскені туралы жазылған.

Құқық қорғаушылар өлім жазасы Қытай, Иран, Сауд Ара­бия­сы, Сомали және АҚШ-та жиі орындалатынын айтады. Мәсе­лен, АҚШ-та өлім жазасы бір жылда 24 адамға орындалған. Ал 2022 жылы 18 сотталушыға үкім тағайындалған.