• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 26 Маусым, 2024

Жауапкершілік пен бақылауды күшейту керек

88 рет
көрсетілді

Үкімет алдағы жылыту маусымына ерте қамданып, көктемде тиісті ведомство басшылары мен облыс әкімдері нақты тапсырма алған еді. Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста осы жұмыстың есебі тыңдалды. Сондай-ақ жиында елімізде тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудің жай-жапсары талқыланды.

Электр стансаларындағы жұмыс барысын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтып берсе, жылу желілерін реконструкциялау бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Өңірлердегі жағдай туралы бірқатар облыс әкімдері есеп берді.

Биыл электр стансаларында 10 энер­­­гия блогін, 55 қазандық пен 45 тур­­­­бинаны күрделі жөндеу жос­пар­­лан­­ған. Бүгінде 1 энергия блогін, 6 қазан­­дық пен 9 турбинаны жаң­ғыр­ту аяқ­талды. Сондай-ақ жылыту мау­сы­мына дайындық аясында 20,8 мың ша­қы­рымға жуық электр желісін, 423 жо­ға­ры вольтты қо­салқы стансаларды әр­түрлі жөндеу түр­лерімен қамту жос­пар­ланып отыр. Жылу желілерін реконструк­циялау 541 км коммуникация желісін қамтиды, қазіргі дайындық деңгейі – 23%.

Премьер-министр отырысқа қа­ты­су­шылардың назарын жылумен жаб­дықтау объектілерін дайындаудағы сын-тегеуріндерге аударды. Мысалы, Екібастұз Жылу орталығында жөндеу жұмысын бастау мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмысы әлі бас­талмай тұр, кестеден артта қалу – 2 ай. Тараз, Жезқазған мен басқа өңірлердегі жылу көздерін жаңғырту мерзімі де кешіктірілген.

«Биыл мамыр айының басында Үкімет отырысында жөндеу мерзімін ұзар­туға және олардың көлемін азай­ту­ға болмайтынын тапсырғанмын. Алай­да оператор «KEGOC» бекіткен жөн­­деу жұмысының кестесін меншік иелері өз бетінше өзгертуін доғар­май келеді. Биылдың өзінде жөндеу жұ­мы­сын ауыстыру бойынша кес­теге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкім­діктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни бұл фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр»,  деді Үкімет басшысы.

Әсіресе Ақмола, Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау облыстарында жылу желілерін жаңғырту баяу жүргізіліп жат­қаны байқалады. Бұған қоса, «Та­рифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының мүмкіндігін жет­кіліксіз пайдалану мәселесіне назар аударылды. Елімізде инженерлік ком­муникацияларды жөндеу респуб­ликалық бюджет қаражаты есебінен ғана жүргізіліп отыр.

Олжас Бектенов бірінші вице-премьер Роман Склярға жергілікті жерлерде жылу беру кезеңіне дайындық барысын бақылауды тапсырды.

«Роман Васильевич, жалпы жергі­лікті жерлерде шұғыл шешімдер мен барынша қатаң шараларды қабыл­даңыз. Жөндеу жұмысының сапасына ерекше назар аударуды тапсырамын»,  деді Үкімет басшысы.

Энергетика, Өнеркәсіп және құры­лыс министрліктеріне өңір әкім­дік­терімен бірге жылу көздері мен желілеріне жөндеу уақтылы әрі сапалы жүргізілуіне бақылауды күшей­ту, бар­лық жылу-электр орта­лық­тары мен қа­зан­дықтарды 1 қыркүйекке дейін отын­мен қамтамасыз ету тапсырылды.

15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін бар­лық инженерлік инфрақұры­лымның жаңа жылыту маусымына дайындығын толық қамтамасыз ету қажет.

Үкімет отырысында талқыланған тағы бір маңызды мәселе – елімізде тұ­­рақты жұмыспен қамтамасыз ету ба­ры­­сы. Мемлекет басшысының биыл 1 млн-ға жуық отандасымызды жұ­мыс­қа ор­на­ластыру жөніндегі тапсыр­­ма­сының орындалуы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады.

Бекітілген Өңірлік жұмыспен қамту карталарына сәйкес 2024 жылы 948 мың азаматты жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінде 353 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, бұл жалпы көрсеткіштің 37%-ын құрайды. Оның ішінде 148 мыңы – жастар. Осылайша, жыл басынан бері мемлекет субсидиялайтын орындарға 137 мың жұмыссыз адам жұмысқа тұрды. 97 мыңнан астам азамат Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 103 мыңнан астам адам жұмыс беруші тарапынан ұсынылған бос жұмыс орындарына, ал 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар аясында іске асырылып жатқан бағдарламаларға жіберіліп жатыр.

Өңірлер бөлінісінде Абай (53%), СҚО (47%), Қызылорда (45%) мен Жам­был (45%) облысында оң динамика байқ­алады. Жоспарды орындаудың ең төмен көрсеткіші Ақтөбе облысы (30%) мен Алматы қаласында (30%) тіркелген. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдіктері осы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы өзекті проблема­ларды шешу мақсатында өткен жылы «Қазақстан Республикасының ең­бек нарығын дамытудың 2024-2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы» бекітілгенін атап өтті. Онда әсіресе, жас мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру көзделген. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектердің 25%-ға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жаңа жұмыс күші қажет барлық жобаны қадаға­лай отырып, жұмыс берушілер­мен жұмыспен қамтудың цифрлық мони­торингі арқылы өзара іс-қимылды жолға қою қажет.

Отырыс барысында отандастарымызды шетелде жұмысқа орналастыру мен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Оларға жалақы төлемеу, меди­ци­­на­лық қызмет көрсетпеу, келісім­шарт­тар өрескел бұзылған фактілер бізге белгілі. Сондықтан қазір тиісті үкімет­аралық келісімдерді бекіту бо­йынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір­дің өзінде шетелдерде біздің азаматтарды жұмысқа орналастыра­тын жеке агенттіктердің қызметін бір жүйеге келтіру қажет. Ел азаматтары келісімшарт бойынша сенімді кепілдік алуға тиіс»,  деді Премьер-министр.

Жұмыс аясында Шығыс Қазақстан, Түркістан мен Алматы облыстарында Кәсіптік және тілдік даярлау орталықтарын ашу жоспарланған. Өңірлердің тәжірибесі алдағы уақытта сапалы жұмыспен қамтуға және халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, халықты жұмыспен қамту 2029 жылға қарай 3,8 млн сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Үкімет отырысында вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету туралы баяндады.

Бүгінде 67 мыңнан астам адам үйіне оралды. Эвакуациялық пункт­тер­дегі 3 664 тұрғынға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Су тасқы­ны­нан зар­­дап шеккендердің жалғыз баспана­сы сана­латын 12 086 тұрғын үй мен 7 380 сая­жай құрылысы су астында қалды. Зар­дап шеккен өңірлерде 18 228 тұр­ғын үй тексері­ліп, 15 651 объект бо­йынша бағалау аяқталды.

Бағалау қорытындысы бойынша 9 306 үйге жөндеу қажет, 8 290 үй қалпына келтірілмейтіні анық­тал­ды, олар бойынша қайталама нарық­та 5 714 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ үлгілік жоба бойын­ша 2 576 үй салу жоспарланып отыр.

Жалпы, тұрғын үйді қалпына кел­тіруге шамамен 257 млрд теңге керек.

Қазірде тұрғын үйді жөндеу мен қалпына келтіру үшін  6 176 отбасына 40 млрд теңгеге өтемақы берілді. 3 414 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтер алды.

Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 2,5 мың жаңа үйдің құрылысы басталды.

24 маусымдағы жағдай бойынша 33 321 отбасы 12 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Бұл жұмыс Қарағанды, Павлодар, Ақмола мен Абай, Ұлытау облысында толығымен аяқталды. Төлемдер Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Атырау облысында жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, зардап шеккен тұр­ғындарға 150 АЕК-ке дейінгі мөл­шерде жоғалған қажетті заттарды сатып алу үшін қосымша өтемақы төленеді. 15 355 отбасы 7,6 млрд теңгеге өтемақы алды. Суға кеткен малдың өтемі үшін мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Зардап шеккен бизнестің шы­ғы­н­ын өтеу жұмысы басталды. Бүгінде өңір­лік комиссиялар ШОБ субъек­ті­лері­нің жалпы сомасы 833 млн тең­ге­ден асатын 124 өтінімін қарап, мақұл­да­ды. Әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша 797 ШОБ субъектісі 24,1 млрд теңге сомасында зардап шек­кен. Осы объектілерді бағалау және смета­лық жұмыстар жүргізіледі, олар­дың қорытындысы негізінде өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылады.

Инфрақұрылымды қалпына кел­тіруге жалпы қажеттілік 48,7 млрд теңге­­ге бағаланды. Бұл қаражат авто­мо­­­биль жолдарын, электрмен жаб­дық­тау желілерін жаңартуға,  әлеумет­тік объек­ті­лерді жөндеуге бағыт­т­алады. 39,8 млрд теңгеге жобалар да­йын­далды. Құж­ат­тама Қаржы министр­лігіне ке­ліп түсуіне қарай Үкімет басқа жо­б­а­лар бойынша шешім қабылдайтын болады.