• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Маусым, 2024

Үрдіске сай өзгерістің маңызы

73 рет
көрсетілді

«Масс-медиа туралы» заң шамамен екі айдан соң қолданысқа енеді. Ал жекелеген баптары келер жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асады. Құжат негізінен қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадиотарату туралы» заңдардан түзілген. Мұндағы жаңа ереже мен нормалар үлесі 10 пайыздан аспайды. Сонымен кейінгі екі жылда қызу талқыланған құжатта не өзгеріс бар? Бұл туралы жұмыс тобының мүшелері Қалима Тәжіқұл мен Есенгүл Кәпқызы толығырақ ашып айтты.

Заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық ақпа­рат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орын­дау мақсатында әзірленген. Прези­дент мемлекеттің мүддесін, қоғам­ның сұраныстарын және медиа саласы­ның даму үрдістерін ескере отырып жасақтауды міндеттеді.

Міне, осы уақытқа дейін түрлі сынға ұшырап, сұрыпталған заңда жур­налистердің мәртебесін арттыру, жур­налистердің құқықтарын нығайту сынды бірқатар тың ережелер қарастырылған. Мәселен, шұғыл ақпаратқа жауапты мекеме 3 сағаттың ішінде жауап беруге, ал кең көлемдегі сауалға 5 күн ішінде ақпарат берілуге тиіс. Егер журналистің талабы орындалмаған жағдайда тәртіптік жаза қарастырылады. Тіпті сөгіс, не қатаң сөгіс алады. Сондай-ақ азаматтар ақпа­рат құралдарынан жалған ақпарат немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде ғана теріске шығаруға мүмкіндігі бар.

«Негізі бұған дейін мұның мерзімі жоқ болатын. 10 не 15 жыл бұрын жазылса да, шенеуніктер немесе бизнес қауымдастық өкілдері ар-намысыма, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп сотқа шағымдана алатын. Заң жобасын талқылаудың бастапқы кезеңдерінде министрлік өкілдері үш жыл деп ұсынған болатын. Бірақ медиақауымдастық, депутаттар бірлесе бір жылға дейін қысқартуды қолдады. Бұл позитивті өзгерістердің бірі деп айтар едім. Аталған материалға жауап беруді немесе жоққа шығаруды талап ету мерзімі бір жылдан көп болуы мүмкін, өйткені заңда (38-бапта) шағым берудің мерзімі ғана айтылған. Тағы бір мәселе – мұндай шиеленістерді сотқа дейін реттеу тәртібі өзгермеді. БАҚ редакцияларынан жа­уап қайтаруға мүмкіндік беруді немесе жоққа шығаруды талап ету мерзімі – бір ай. Айта кететіні, белгілі бір ақпарат тек бір мекемеге қатысты болмаса, бас­қа да анықтауды талап ететін болса, ақ­паратты сұрату кезінде заң күшіне енгеннен кейін жауап беру мерзімі БАҚ редак­циясына ескерте отырып, 15 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін», дейді журналист Есенгүл Кәпқызы.

Құжатта кейінгі екі жылда көп талқыланған «бас­пасөз картасы» мүлдем алынып тас­талды. Өйткені карта енсе, ақпарат тең берілмейді деген уәж айтылған еді.

«Этика мәселесі де өте үлкен проб­лемаға айналды. Ең бастысы – журна­лис­тердің міндеттеріне кәсіби этика нормаларын сақтау мәселесі қосылды (26-бап 3-тармақ). Бұл жерде өзін-өзі реттеу және журналистердің кәсіби эти­касы деген бар. Негізі әлемдік тәжіри­беде өзін-өзі реттеу ұйымдары не қауым­дастықтары болсын, төменнен құры­лады. Оны ешқандай құзырлы мекеме, мемлекеттік орган құрмайды. Әлемдік қауымдастықта, халықаралық тәжірибеде журналистердің этика мәселелерін журналистердің өздері реттейді әрі эти­калық кодексті де қабылдайды. Бізде «жур­налистердің этика мәселелерін кім және қалай реттейді?» деген сауал туын­дайды. Енді заң аясында БАҚ-тың өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша қоғам­дық кәсіби кеңестер құрылады. Бұл рес­пуб­ликалық және аймақтық типте болады. Олар ереже негізінде журналистердің этика кодекстерін жасайды, мемлекеттік органдардың қарауына ұсыныстар енгізеді», дейді Е.Кәпқызы.

Ал медиасарапшы Қалима Тәжіқұл журналистерге материал дайындаған кезде заңдағы 23-бапты назарға алуды ұсынды. Өйткені толықтырулар мен түзетулер енгізілген құжатта БАҚ контентіне мониторинг жасау тетігі енгізілген. Соған сәйкес «қоғамның адамгершілік дамуына және жалпыға бірдей ұлттық, мәдени және отбасы құндылықтарына зиян келтіретін дүниелер бірден тексеріледі».

«Бұзушылықтар туралы хабарламаны жіберу тәртібі өзгерген жоқ (9-бап). Егер бұл хабарламаға келіспеген жағдайда, редакция бес жұмыс күні ішінде жазбаша қарсылық хатын жолдауға тиіс. Қазақтілді контенттің кезең-кезеңімен 50 пайыздан 60 пайызға дейін өсетін­дігі қарастырылды. Яғни 2025 жылдан бас­тап 55 пайызға, 2027 жылдан бастап 60 пайызға жет­кізу көзделеді. Шетелдік БАҚ-тың Қазақстандағы көлемі, мазмұны және ақпараттық негіздері заңдағы бапта негізге алынып отыр. Бұған қоса құжат­тағы БАҚ-ты грант арқылы қар­жы­ландыру тетігіне келсек, бұл ретте ба­лаларға арналған контент және аймақ­тық БАҚ-ты дамытуға басымдық беріледі. Грант алушылар арасында міндетті түрде мемлекеттік емес БАҚ болуға тиіс. Жалпы, гранттық қаржыландырудың кемінде 2/3 бөлігі мемлекеттік контентті шығаруға бөлінуі міндетті. Гранттар тақырыбын  Мемлекеттік саясат жөніндегі комиссия бекітеді. Өз кезегінде комиссияның құрамы медиаұйымдардың кемінде 1/3 өкілдерін құрайды. БАҚ-ты гранттық қаржыландыруға қатысты барлық ереже 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», дейді ол.

Мемлекеттік емес бұқаралық ақ­парат құралдарына гранттар беру, аккре­диттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы, журналистерді мемлекеттік ор­гандар мен ұйымдарға тіркеу, басқа да міндеттер мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа арқылы жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, заң жобасы жөніндегі жұмыс тобына жүзден аса сарапшы атсалысқан. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, нәтижесінде негізгі құжатқа 200-ден аса норма енгізілген.