Әлем тәжірибесінде журналистердің қызметіне мамандық емес, миссия ретінде қарайтын қағида қалыптасқалы қашан. Өйткені халық пен биліктің арасындағы алтын көпірдің міндетін атқарып, жұрттың жайын қаламына арқау ететін, елдіктің жайын қозғайтын мамандардың маңыздылығы да осында. Кейінгі жылдары журналистика саласына келушілердің қатары көбейгені қуантады. Алайда саны артқанымен, айтылар сын мен тағылар мін де көбейді. Ақпарат құралдарының беделіне қатысты пікір де сан алуан.
Сөз бостандығына байыптылық керек
Бүгінде белгілі бір топтың мүддесін елдік мұраттан биік қоятын әріптестердің қатары қылаң беріп қалатыны бар. Сол үшін ең басты міндетін нарықтың ығына жығып жатқан тұста БАҚ-тың миссиясын қайта қалпына келтіріп, дәстүрлі журналистиканы жаңғырту өткір болып тұр. Құндылық күйреп, технология қарыштап дамығанымен, өркениеті көш алда кеткен елдердің өзінде баспасөзден басын алмайтындардың қатары көп. Өйткені халық жұрттың жайы мен мемлекеттік деңгейдегі мәселені БАҚ бетінен көреді.
Белгілі журналист, депутат Нұртөре Жүсіп «БАҚ бәсекеге қабілетті болуы үшін баспасөздің еркіндігі қажет» деген еді. Ал адамзат басына түскен сынақтар ақпараттың маңыздылығын күннен-күнге арттыра түсті. Себебі шулы оқиғаларды жариялауда «хайпқа» ұмтылу, жеке материалдар мен құпия ақпараттың жариялануы кәсіпке сызат түсіріп келеді. Сондықтан көпсөзділіктен ада, нақты ойға құрылған арнада ағыс табуға тиіс журналистиканы жұрт аңсай бастады. Осы орайда БАҚ-ның белсенді дамуы үшін атқарылатын жұмыс та жиіледі. Бұл да болса, салаға тың серпін беріп, журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға септігін тигізіп те жатыр.
Демократиялық саясатты ұстанатын елдердің өзі де сөз бостандығына байыптылықпен қарайды. Себебі сөз бостандығына еркіндік берілгенімен, адамның қадір-қасиеті және ұлттық қауіпсіздікке келгенде шектеу артық етпейді. Десе де халықаралық тәжірибеде қоғамдық сананың өзгеруіне ықпал етуші журналистердің жұмысын реттеуге бағытталған үш құрал жұмыс істейді. Мәселен, Еуропаның әртүрлі еліндегі БАҚ туралы заңдар құқықтық жүйелердегі, мәдени нормалардағы және тарихи өткендегі айырмашылықтарға байланысты әртүрлі. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарын реттеуге қатысты еуропалық елдердің кейбір жалпы қағидаттары мен стандарттары ортақ. Айталық, Еуропа елдерінің көпшілігі сөз бостандығын негізгі құқық ретінде бағалайды. Алайда бұл бостандықты қорғау дәрежесі және оған қойылған шектеулер әртүрлі. Кейбір елдерде жеккөрушілікке, жала жабуға немесе зорлық-зомбылыққа қатысты қатаң нормалар қарастырылады. Сондай-ақ ақпарат құралдары үшін меншік құқығын реттейтін ережелер жұмыс істейді. Кейбір елдерде монополияны болдырмау және медиа ортаның алуан түрлілігін қамтамасыз ету үшін БАҚ-на иелік етуге шектеу қойылған. Жеке өмірді қорғауға қатысты баптар да сан түрлі. Кейбір елдерде жағымсыз ақпараттардан адамның жеке өмірін қорғау қатаң ережемен ескерілсе, ал енді бір елде жеке ақпаратты келісімсіз жариялағандарға арналған жұмсақ ереже жұмыс істейді.
Кейінгі жылдары Еуропада әлеуметтік медиа және цифрлық платформаларды реттейтін заңдар қарқынды дамып жатыр. Кейбір елдер жалған жаңалықтар, интернеттегі жеккөрушілік және деректерді қорғау сияқты мәселелерді шешу үшін арнайы ережелер енгізуден бір-бірін басып озуға асық. Ал ақпаратқа қол жеткізу мәселесіне келсек, еуропалықтардан үйренер дүние көп. Себебі қазір көп елдерде БАҚ-тың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың есеп беруін міндеттейтін нормалар қолға алына бастады. Мысалы, көптеген Еуропа еліндегі ақпарат бостандығы туралы заңдар мемлекеттік органдардан белгіленген мерзімде ақпарат беру туралы сұрауларға жауап беруді талап етеді. Егер ресми орган белгіленген мерзімде жауап бермесе, журналистер немесе қоғам өкілдері қадағалау органына, омбудсменге немесе деректерді қорғау органына шағым түсіріп, құқығын қорғай алады. Сол үшін Еуропа елдеріндегі ресми органдар ашықтық пен есеп беруді қамтамасыз етуге өздері мүдделі. Өйткені белгіленген мерзімде жауап бермеу мемлекеттік институттарға деген сенімге нұқсан келтіріп, сот үдерістері мен қоғамдық тексеруге әкелуі мүмкін.
Тәуелсіз баспасөз – демократия негізі
«АҚШ-тағы сөз бостандығы мен баспасөз бостандығын қамтамасыз ететін заң әлемдегі ең еркін БАҚ-тың санын арттыруға септігін тигізіп келеді». АҚШ Елшілігінің баспасөз атташесі Кристофер Соренсен осылай дейді. Оның айтуынша, бұл ақпарат құралдарына демократиялық басқарудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қызмет ете отырып, мемлекеттік қадағалаудан жоғары тәуелсіздікпен әрекет етуге мүмкіндік береді. Журналистер жаңалықтар жинауға және ол үшін қоғамдық орындарды пайдалануға барлық жағынан құқылы. «Еркін, тәуелсіз баспасөз – саламатты демократияның негізі. Себебі нақты ақпарат – қоғамдық игілік. Бұл адамдарға олардың өмірін қалыптастыратын оқиғалар мен күштерді түсінуге көмектесетін идея. Журналист басқалар байқамайтын мәселелер мен шешімдерге назар аударады. Соның негізінде халықтың дүниетанымына әсер етіп, дұрыс көзқарас қалыптастыра алады», дейді ол.
Бұл елдегі заңдар америкалық журналистерді сот кезінде құпия дереккөздерді ашу қажеттілігінен қорғайды. Сонымен қатар АҚШ-тың құқықтық жүйесі журналистерге негізсіз заңды қысымға немесе олардың құқықтарының бұзылуына қарсы тұруға мүмкіндік жасап келеді екен. Тіпті елдегі көптеген азаматтық ұйым мен кәсіби топ журналистерге белсенді қолдау көрсетіп, құқықтарын қорғайды. Мысалы, 1967 жылдан бастап елдегі «Ақпарат бостандығы туралы» заң жұртшылыққа кез келген федералды агенттіктен жазбаларға қолжетімділікті талап ету құқығын берді. Бұл көбінесе азаматтарды өз үкіметі туралы хабардар ететін заң ретінде сипатталады. Федералды агенттіктер заң шеңберінде сұралған кез келген ақпаратты, егер ол жеке өмірге қол сұғылмаушылық, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдары сияқты мүдделерді қорғайтын 9 ерекшеліктің біріне жатпаса, ашуға міндетті. Тіпті заң агенттіктерден ақпараттың белгілі бір санаттарын, соның ішінде жиі сұралатын жазбаларды интернетте белсенді түрде орналастыруды талап етеді. Бұл АҚШ-тың медиа ландшафты өзінің күшті құқықтық қорғанысымен, сенімді институционалдық қолдауымен және баспасөз бостандығын бағалайтын, қолдайтын мәдениетімен сипатталады. Бұл элементтер бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтарды нақты ақпаратпен қамтамасыз етуге, үкіметтер мен институттарды жауапкершілікке тартуға және қоғамдық диалогті дамытуға қабілетті демократиялық қоғамға бастайтынын байқауға болады.
Ақпарат – қуатты құрал
Әзербайжанда да БАҚ өкілдерінің еркін қызметі үшін барлық жағдай жасалған. Олардың құқығы мен бостандықтары толық көлемде қамтамасыз етілгендіктен, қандай да бір қысымға ұшырамайды. Әзербайжан халқының ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтен басталған БАҚ жұмысын қолдау мен бағалау қазіргі Президент Ильхам Әлиевтің тұсында да тұрақты назарда тұр. Осы күні елдегі ақпарат құралдары жаһандық ақпараттық желінің бір бөлігіне айналды.
2021 жылғы «Медиа туралы» заңға сәйкес Әзербайжанда бұқаралық ақпарат еркін. БАҚ саласындағы мемлекеттік цензураға, сондай-ақ осы мақсатта мемлекеттік органдарды немесе лауазымдарды құруға, қаржыландыруға тыйым салынады.
Қазақстандағы Әзербайжан елшілігінің атташесі Нармин Гусейнованың айтуынша, БАҚ-тың барлық ақпаратты заңды түрде іздеу, алу, дайындау, беру, өндіру және тарату құқығына мемлекет кепілдік береді. Сондай-ақ журналистер тәуелсіздікке, жеке басына қол сұғылмаушылыққа, өздерінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға құқылы. Ең маңыздысы, журналистердің кәсіби қызметіне заңсыз араласуға жол берілмейді.
Бұдан басқа, журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін тиісті шаралар жүйелі түрде қабылданып отырады. Әзербайжанда 2016 жылдан бастап журналистерге жеңілдетілген ипотекалық несие беріледі. Ал газеттер мен сайттар салықтан босатылған. Оның ішінде жарнамадан түскен кірістер, сондай-ақ тиісті мемлекеттік мекеме медиа ұсынатын материалдық көмек салықтан босатылуға тиіс. Сонымен қатар медиа субъектілері шығаратын медиа-өнімді ұсынуда қосымша құн салығы жоқ.
Анталия Журналистер қауымдастығының президенті Идрис Таштың пайымдауынша, қазір түрік баспасөзіне шұғыл түрде журналист мамандығын реттейтін заң қажет. Мұндай заң болмаса, қалаған адам білімі мен біліктілігіне қарамастан «мен журналиспін» деуге әкеледі. Ал журналистика саласындағы бұрмаланған жағдайды жою үшін қазіргі жағдайлар ескеріле отырып, бұл кәсіппен кім айналыса алатынын реттейтін құжат ауадай қажет. Себебі қазір медиа сектордағы құқықтық реттеудің болмауы, баспасөз бостандығы, оқытылған кадрлардың жетіспеушілігі, техникалық инфрақұрылым, жұмыспен қамту сияқты проблемалар алдыдан шыға бермек.
Ақпарат – қуатты құрал. Кеше осылай деген Президент «Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды. Сөз бостандығы – елдегі әр бастаманы сынау деген сөз емес» екенін қадап айтты. Демек журналистиканың беделі сөз бостандығынан емес, ақпарат алудағы қолжетімділікке келіп тіреледі. Өкінішке қарай, билік өкілдерінің тілшілерге тіксіне қарауы қалам ұстаған қауымның қажетінше жауап алу мүмкіндігін шектеп келеді. Жылдар бойы қалыптасқан осы практиканың іргесі сөгілсе, ел журналистикасының еңсесі тіктеліп, қоғамдағы беделі айқындалар еді. Жақында ғана қабылданған «Масс-медиа туралы» заң да журналистерге қосымша құқықтық кепілдіктер белгілеп, ерекше мәртебе беруді қарастырады. Журналистің құқығы мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және таратудағы қолжетімділігін арттыруға септігін тигізсе, отандық журналистика озық деген елдердегі әріптестердің алдын орайтын күн де алыс емес.