Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында әлемде түбегейлі өзгерістер дәуірі басталған қазіргі аса маңызды кезеңде еліміздің зор экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі бар екенін айта келіп: «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қолжеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», деген еді.
Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы әлемдік экономикалық өсім 3,5 пайыздан 3,2 пайызға дейін баяулаған жағдайда елімізде бұл көрсеткіш 5,1 пайыз болғаны көңілге үміт ұялатады. Бұған қоса жылдық инфляция деңгейі бұрнағы жылмен салыстырғанда 2 есе төмендеп, 9,8 пайыз болды. Қазынадан қажетінше қаржы бөлу мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын орындауға мүмкіндік берді.
Әйтсе де еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінген бюджет қаржысын уақтылы да сапалы игеру мәселесі өзекті болып қалып отыр. Мәселен, былтыр елімізде игерілмеген қаражаттың жалпы сомасы 73 млрд теңгені құрады. Оның үстіне өткен жылы 489 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. Бұған кінәлі орталық және жергілікті атқарушы органдардың 158 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның 90 пайызы – басшылар.
Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына қарағанда, бюджеттік әкімшілер түпкі нәтижелерді арттыруға күш салмай, бөлінген қаражатты игерумен ғана шектеліп отыр. Сол себепті орталық мемлекеттік органдар бюджет шығыстарын шамамен 100 пайызға орындаса да, көзделген макроиндикаторлардың 12 пайызына қол жеткізбеген.
Олар алдын ала бекітілген бюджеттің барлық шығысының үштен бір бөлігін әдейі түзеткен, кей жағдайда қаржыландыру қысқартылмаса да, нәтижелер көрсеткіштерін бірнеше есе қысқартып, олардың сапалық сипаттамаларын төмендеткен. Мысалы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қосылу жылдамдығы 8 мегабит/секундтан асатын талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша интернет желісіне жеке қолжеткізу қызметімен қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендердегі абоненттер санын бірден 75 есе қысқартып тастаған болып шықты. Бұдан босаған қаржыны байланыс жылдамдығы төмен қызметтерге жұмсаған.
Қазір нақты уақыт режімінде барлық көрсеткішке қолжеткізу барысын мониторинг жасауға оларды толық цифрландыруды тездету өте маңызды. Бұл алға қойылған мақсаттарды орындау барысында әртүрлі ауытқуды қадағалап, оларға қатысты ұтымды шешімдер шығаруға мүмкіндік береді. Алайда мемлекеттік органдарда ведомстволық деректерді және бизнес-үдерістерді цифрландыру жұмыстары ұзаққа созылып барады. Өткен жылы орталық мемлекеттік органдардың 235 ақпараттық жүйесінің 24-і өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген. Соның салдарынан макроиндикаторлардың жартысына жуығын бағалау мүмкін болмаған.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдарға өңірлердегі өзекті мәселелерді шешу үшін дербестік беріліп отыр. Осы мақсатта былтыр оларға шамамен 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлінген. Бірақ жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған
91 бюджеттік инвестициялық жоба немесе жоспардың 20 пайызы аяқталмаған. Негізінен, олар – халық мұқтаж болып отырған сумен жабдықтау, су бұру және басқа әлеуметтік инфрақұрылым жобалары. Тек төрт өңірде – Абай, Алматы, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27 пайызында құрылыстың нормативтік мерзімі сақталмағаны анықталды. Мұның өзі уақтылы аяқталмаған жобалардың 60 пайыздан астамға қымбаттауына әкеліп соққан. Ең сорақысы – атқарылмаған жұмыстар үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған. Бұл деректер аталған облыстарда мемлекет қаржысын желге шашумен қатар, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та белең алып тұрғанын аңғартады.
Үкімет қазіргі алмағайып кезеңде ел бюджетінің мүмкіндіктері мен басымдықтарын ескере отырып, бұрын бекітілген 10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарламаның күшін жойып, 3 ұлттық жобаны ғана қалдырған болатын. Соның ішінде «Жайлы мектеп» қанатқақты ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға арналған мектеп салу үшін 2,6 трлн теңге бөлу көзделген. Осы жобаның аясында көптен бері шешімін таппай келе жатқан үш ауысымда оқытатын және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу жоспарланған. Алайда аталған ұлттық жобаның алғашқы жылы іске асырылуы көңіл көншітпей, Ұлттық қордан өңірлерге бөлінген 500 млрд теңгенің 62 пайызы игерілмей қалды.
Ұлттық жобаның құрылыс дирекциясы – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ 208 мектептің құрылысына бөлінген қаражаттың 190,2 млрд теңгесін ғана игерген. Қалған сома аталған дирекцияның шотында қалған. Сондай-ақ 37 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы уақтылы дайындалмай, оларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынбаса да, құрылыс жұмыстары басталған. Ал кейін жобалық-сметалық құжаттаманы қайта қараудың салдарынан 26 мектептің құны 45 млрд теңгеге қымбаттаған.
2023-2025 жылдарға арналған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы бойынша былтыр денсаулық сақтау нысандарын салуға Ұлттық қордан 22,9 млрд теңге бөлінген. Алайда оның 1,3 млрд теңгесі игерілмей, пайдалануға беру көзделген 99 медициналық-санитарлық көмек пунктінің 14-і аяқталмаған.
Осындай деректер мемлекет халықтың бірінші кезектегі мұқтаждықтары үшін қажетті қаржыны тауып бергенімен, жергілікті атқарушы органдар басшыларының бәрі бірдей жоғары жауапкершілік танытып отырмағанын көрсетеді. Тіпті қазірдің өзінде өңірлерде салынған маңызды инфрақұрылымға немқұрайды қарау фактілері бар. Нақты айтсақ, жаңа нысандар оларды пайдаланушы ұйымдарға уақтылы тапсырылмаған. Сол себепті, қараусыз қалып, тиісті күтімге алынбаған. Мысалы, 1,5 мыңға жуық газ тарату және газ тасымалдау желісінің нысандары пайдаланушы ұйымдардың балансына берілмеген. Мұның себебі – олардың сапасыз жобалап салынғаны, тиісті құжаттамасының толық болмағаны. Осының салдарынан елді мекендер мен өнеркәсіптік нысандарды газбен қамтамасыз ету қарқыны төмендеген.
Квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары өткен жылы республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған. Ал Жоғары аудиторлық палата олардың шоттарында пайдаланылмай жатқан 383 млрд теңге бюджет қаражаты барын анықтаған. Міне, осындай келеңсіздікке назар аударған Мәжіліс депутаттары квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары басшылары бюджет қаржысын толық игермегені және оның тиімділігін қамтамасыз етпегені үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламентте жауап беруі қажеттігі жайлы көптен бері айтып жүр.
Мемлекет жыл сайын бюджеттен халықтың әл-ауқатын арттыруға жеткілікті қаржы бөліп келе жатқанына қарамастан, еліміз өмір сапасы индексі рейтингінде Беларусь пен Ресейден кейінгі 73-орынды еншілеп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, отандастарымыздың өмір сүру жағдайына қанағаттану деңгейі 51,8 пайыз ғана. Жуырда Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл халықтың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін бағалау үшін қажет. Бұған қоса, аталған стандарт ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі елеулі алшақтықты азайтып, олардың тең дәрежеде дамуына жол ашуы мүмкін.