• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 13 Шілде, 2024

Берері мол «Бірлестік»

56 рет
көрсетілді

Ақтау қаласының те­ңіз жағалауында «Бірлес­тік-2024» халық­ара­лық оқу-жаттығуы салтанат­ты жағдайда ашыл­ды. Жаттығуға Қазақ­стан Қарулы күште­рінің қол­­­басшылығы, жатты­ғуға қатысушы елдер деле­га­­ция­­ларының басшылары, Ақ­тау гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Теңіз жағалауына жинал­ғандар Қазақстан мен Әзербайжан әскери кемеле­рінің теңіздегі сапын бақылай алды. Кеме палубаларында экипаж­дардың жеке құрамы салтанатты сап түзеді.

Ал амфитеатр алаңында жат­тығуға қатысушы бес ел Қарулы күштерінің өзге де бөлімшелері тапсырманы орындауға сақадай сай тұр. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның гимндері кезекпен орындалып, мемлекеттік тулары көтерілді. Қорғаныс министрлігі таратқан ресми мәлімдемеде көр- с­е­тілгендей, оқу-жаттығу еліміз­дің Оймаша жоталары мен Тоқмақ маңындағы теңіз аймағында өтеді. Оқу-жаттығудың сценарийіне сәйкес әскери бөлімшелерге аймақта болады деп болжанған қарулы қақ­тығысты бақылауға алу жүктеледі.

4 000 әскери қызметкер мен 700 қа­ру-жарақ пен әскери техника қолданылатын оқу-жаттығуда құрлық және әуе барлау топтары, армия және майдандық авиация бөлімшелері, теңіз күштерінің арнайы жасақтары, артиллерия және танк бөлімшелері жаттығу жүргізеді. Іс-шара аясында әскери спорттық жарыс, «Бағдар» тактикалық барлау және оқ ату жарыстарын өткізу жоспарланған.

Қорғаныс министрлігі басшы­лығының атынан қатысушыларды еліміздің Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құттықтап, «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуы жауынгерлердің бойын­дағы рухты оятып, айбындарын асқақтатудың тағы бір мүмкіндігі екенін атап өтті. Сондай-ақ түбі бір туыс халықтар арасындағы дос­тықтың жалауын желбіретеріне сенім білдірді. Елдеріміз арасындағы бір-біріне деген сенімге негізделген тығыз әрі достық қарым-қатынастарға осындай бірлескен іс-шаралардың берері мол екенін айта келіп:

– Орталық Азия өңірінің төрт елі мен Әзербайжан Республикасы қарулы күштерінің әскери кон­тин­генттерін тарта отырып, мұндай оқу-жаттығу өткізу форматы алғаш рет қолданылып отыр. Бұл мемлекеттеріміздің тату көршілік қатынастарды одан әрі кеңейтуге және нығайтуға, оның ішінде қауіп­сіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету деген ұмтылысын айғақтайды, – деді.

Сонымен бірге генерал-лейтенант С.Камалетдинов оқу-жаттығу әскерлердің әскери басқару ор­гандарының үйлесімділік деңгейін арттыратынын, заңсыз қарулы құралымдарды жоюға арналған оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде қарулы күресті жүр­гізу тәсілдерін сынақтан өткізуге мүмкін­дік беретініне тоқталып:

– Сіздерге оқу-жаттығуда табысқа жету үшін барынша тиімді өзара іс-қимыл тілеймін. Осындай іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ортақ күш-жігерде пайдалы болатын құнды тәжірибе мен білім ала аласыздар, – деп сөзін түйіндеді.

Оқу-жаттығуға қатысушы елдер әскери қызметшілерінің салтанатты шеруімен және Қазақстанның Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығар­машылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалаумен аяқталды.