Кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі биылғы жартыжылдықта атқарған жұмысын қорытындылады. Жиынға Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ агенттік пен аумақтық бөлімшелердің басшылық және жеке құрамы қатысты.
Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали өз баяндамасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылуы, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елді дамытуға бағытталған шаралар, сондай-ақ Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдын алу жұмыстары аясында биыл 113 талдау мен мониторинг жүргізіліп, білім, ғылым және спорт саласында маңызды сараптама жасаған.
Бюджеттік үдерістерді автоматтандырудың және деректер базасын интеграциялаудың болмауынан бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдеріндегі жүйелік тәуекелдер әсіресе білім саласында анықталған. Сол үшін қазір қосарланған қаржыландыру, «жоқ жандарға» төлемдер, үстемеақылар мен тіркеулерді асыра бағалау фактілері алынып тасталды. Ал ғылым саласына жүргізілген талдау ғылыми жобаларды іріктеудің ашықтығына, оларды іске асырудың формальдылығына, нәтижелер үшін жауапкершіліктің болмауына, зерттеу қорытындыларының төмен сұранысына байланысты елеулі тәуекелдерді айқындады. Жобалардың 90%-ы белгіленген мақсаттарға жете алмайды, ал зерттеулердің 70%-ы практикалық маңызы жоқ мақалалар мен кітаптар жазумен аяқталады.
«Жоғары жетістіктер спорты» мен «бұқаралық спорт» арасындағы қаржыландыру теңгерімсіздігі, сондай-ақ оның ашықтығы спорт саласындағы теріс пайдалану үшін елеулі тәуекелдерді тудырған. Сондықтан агенттік қаржыландырудың ашықтығын, мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуын, өнім берушілердің үлестестігін, сатып алу бағасын көтеруді белгіледі. Осы көрсетілген талдаулардың орындалуына байланысты Президент Әкімшілігінің бақылауындағы Тәуекелдерді жою туралы жол карталары әзірленді. Дәрі-дәрмектермен сапалы қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігіне байланысты «СК-фармацияда» талдау жүргізілді. Компанияда анықталғандай, сатып алу жүйелері тиімсіз құрылған, қажетсіз «төсемдер» жасалған, көтерме жеткізушілердің картельдік келісімі бар және олардың қызметіне тиімді бақылау жоқ. Агенттік жұмысында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және парасаттылық құндылықтарын насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Бизнесті қорғау шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыруды жалғастырып келеді. Биыл 84 проблемалық кейс шешілді, 9,5 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалған. Мысалы, Түркістан облысында фермерлерге суды қайта сатқан делдалдардың қызметі тоқтатылды. Агенттік бастамасына сәйкес су жеткізушімен тікелей шарттар жасалды, бұл ауыл тұрғындары үшін бағаны 2 есеге төмендетті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өңірлік бөлімшелері биыл проблемалық тұрғын үй және әлеуметтік объектілерді сүйемелдеуді жалғастырды. Мониторингте 156 жоба бар, олардың 40-ы аяқталды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен бір мезгілде жазаның бұлтартпаушылық қағидатын қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлінген. Жыл басынан бері 876 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның едәуір бөлігі парақорлық, жымқыру және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану болып отыр. Айталық, 592 адам әшкереленді, оның 107-сі әртүрлі деңгейдегі басшылар болса, 329 адам сотталды. Сонымен қатар агенттік қылмыстық топтарды, жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен тұрақты схемаларды әшкерелеуге, жүйелі жемқорлықты анықтауға байланысты сандық емес, сапалық көрсеткіштерге бағдарланған. Биыл аяқталған істерге қатысты 195 млрд теңге өтелді. Ал 2,5 жыл ішінде Қазақстан халқына 1,07 трлн теңге қайтарылды.