Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданын жергілікті жұрт «Ұлылар мекені» деп атайды. Себебі аса көрнекті жазушылар Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов – осы өңірдің тумалары. Олардың мерейтойы ел көлемінде думандатып атап өтіліп жатқанымен, туып-өскен ауылдарының жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады.
Тіпті жергілікті билік биыл Сафуан Шаймерденовтің туған аулы – Амангелдіні жабу мәселесін көтерген екен. Себебі мектебі жабылып, тұрғындарының көбі басқа жаққа үдере көшіп кеткен бұл ауылда қазір небәрі 15 адам тұрады. Ал Сәбит Мұқановтың өз есімімен аталатын туған аулындағы бастауыш мектепте оқушы қалмағандықтан, биыл жабылып жатыр. Бұл екі ауыл – бір кезде кеңшар бөлімшесі болғандықтан, әлеуметтік-экономикалық дамуы кенжелеп қалған шағын елді мекендер. Дегенмен Ғабит Мүсірепов атындағы кеңшардың орталығы болған ұлы қаламгердің туған аулы Жаңажолдың да бүгінгі ахуалы алаңдатарлықтай.
1989 жылы өткізілген бүкілодақтық халық санағының қорытындысы бойынша Жаңажолда 834 адам, яғни 200-ден астам отбасы тұрған. Ал 2021 жылы болған Ұлттық халық санағы бұл ауылдағы тұрғын саны 242 адамға дейін азайып, 70 шақты ғана отбасы қалғанын көрсетті. Шынтуайтында, Жаңажол – Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романында суреттелгендей, табиғаты тамылжыған, Елтінжал атанған қайыңды орманды, өзекті-шілікті, тұрмысқа қолайлы жерде орналасқан ауыл. Кеңшар орталығы болған кезде үш қабатты орта мектеп ғимараты мен екі қабатты Мәдениет үйі, мешіт салынған. Мектеп жанында шағын орталық, медициналық пункт, кітапхана жұмыс істейді. Ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығына орай мемориалдық музей ашылған. Онда ұлы жазушыға қатысты жәдігерлермен қатар осы ауылдың тағы бір дарынды тумасы, белгілі ақын, көсемсөзші, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденовтің соңында қалған мол мұрасы да сақтаулы. Атақты Есеней сұлтан, Ұлпан ана бейіттері де осы маңайда. Қайың-теректер мен қарағайлардың ортасында саяқ өскен сұлу шыршаға Ғабит Мүсірепов ат қойып, ақын Мақсұтжан Әубәкіров өлең жазып, сазгер Жоламан Тұрсынбаев әуен шығарып, бұлбұл көмей әнші Бибігүл Төлегенованың орындауымен елімізге кеңінен танылған «Қызқарағай» әні де – жаңажолдықтардың мақтанышы.
Міне, осындай тамаша табиғатымен, тағылымды тарихымен туризм нысаны болуға сұранып тұрған өңірде орналасқан Жаңажол аулы тұрғындарының саны жылдан-жылға кеміп бара жатқанының себебі неде? Бұл сауалға жаңажолдықтар: «Бізді көптен қинап келе жатқан басты мұқтаждығымыз – жолдың нашарлығы. Көктемгі лайсаңда, жаздың жауынды күндерінде, қысқы боранда ауылдан жеңіл көлікпен шығу мүмкін емес. Әсіресе науқас қысқан жандардың аудан орталығындағы ауруханаға уақтылы баруы қиынның қиыны. Сондықтан ауылдастармыз басқа жаққа көшіп кетіп жатыр», дейді бірауыздан.
Білуімізше, аудан орталығынан Жаңажол аулына баратын жол мәселесі Ғабит Мүсіреповтің 80 жылдығы қарсаңында көтеріліп, оған мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген. Нәтижесінде, бұрынғы ойдым-ойдым болып әбден бүлінген грейдер жолды қиыршықтас төсеп жөндеу қолға алынған. Алайда ол көршілес Святодуховка аулынан әрі асып, Жаңажолға 15 шақырым қалғанда «қаржы жетпей қалды» деген желеумен тоқтатылған көрінеді. Содан бері 43 жыл өтсе де, жаңажолдықтардың жанайқайын шығарып келе жатқан осы 15 шақырым қираған грейдер жолды жөндеу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ.
«Біздің ауылдық округке қарасты Жаңажол аулына баратын 15 шақырым бүлінген жолды жөндеуге қажет жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп қойдық. Алайда қаржының қашан бөлінетіні белгісіз. Қазіргі жаздың жаңбырсыз күндерінде жаңажолдықтар жеңіл көлігімен дала жолымен жүріп жүр. Ал қалың жауын жауғанда ауылдарынан шыға алмайтыны рас», дейді Майбалық ауылдық округінің әкімі Гүлнәр Нұрахметова.
Жаңажолдықтар көтеріп жүрген тағы бір көкейкесті мәселе – Ғабит Мүсіреповтің туған аулының тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмегендігі. Жалпы, Майбалық ауылдық округіне қарайтын 4 ауылдың ешқайсысы тірек және серіктес ауылдар қатарына жатқызылмаған екен. Бұл олардың мұқтаждықтары ел қазынасынан бөлінетін мол қаржы есебінен емес, «көрпесі басына тартса, аяғына жетпей, аяғына тартса, басына жетпей жататын» жергілікті бюджеттің есебінен шешілуге тиіс, яғни болашағы бұлыңғыр дегенді білдіреді. Біздіңше, Жаңажол аулының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті оны тірек немесе серіктес елді мекен ретінде белгілеуге мүмкіндік береді. Себебі онда барлық әлеуметтік нысан тұрғындарға қызмет көрсетіп тұр. Бұған қоса 22 мың гектар егістік жерге ие базалық шаруашылық – «Агрофирма Жамбылская» ЖШС жұмыс істейді.
Сұрастырып білсек, еліміздегі тірек және серіктес елді мекендер тізбесін жасау кезінде Солтүстік Қазақстан облысында аудандық әкімдіктердің ұстанымы ескерілмеген болып шықты. Ал алтыншы шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының 2020 жылы облыстық әкімдікке жолдаған, Жаңажолды аталған тізбеге енгізу туралы ұсынысын сол кездегі өңір басшылығы қолдамапты. Әттеген-ай!
«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жамбыл ауданын аралап көрген алғашқы сапарында Ғабит Мүсірепов сынды ұлы жазушы шыққан, топырағы қасиетті Жаңажол аулына не себепті соқпағанын өңір жұртшылығы түсіне алмай дал. Олар жергілікті өзекті мәселелерді әкіммен жүзбе-жүз талқылауды қалағанын айтады.