• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2024

Жаза мен нәтиженің арасы

266 рет
көрсетілді

Бүгінде көп сала жемқорлықтан арыла алмай отыр. Тіпті қазір «жемқор басшысының қолына кісен салынды» деген ақпаратсыз оянбайтын болдық. Әділеттілік күн тәртібіне шығарылған қоғамда айыппұлды айналып өтіп, жазаның өзін жағдайға қаратып жеңілдетіп алуға тырысатындар аз емес. Қоғамдық санада қалыптасып қалған қауіпті құбылысты алдын алудың амалы бар ма? Құзыретті органдардың жемқорлықпен күрестегі нәтижесі көңілді көншіте ме?

Парақорға қарсы пәрменді күрес

Биыл алты айдың өзінде ғана сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 298 басшы әшкереленді. Олардың мемлекетке келтірген залалы 203,8 млрд теңгені құра­са, оның 194,5 миллиарды өтел­ген. Ал парақорлардың тізі­мінде жергілікті атқарушы органдар 144 адамымен алдыға шықса, ішкі істер органдарының қызметкерлері 56 жемқорымен министрліктер арасында көш бас­тап тұр. Жалпы, елімізде осындай парақорлармен күрестің пәрменді жүріп жатқанына да біршама жыл өтті. Осы уақыт­қа дейін мемлекеттік қызмет­шілердің жемқорлыққа қарсы иммунитетін оятудан бастап, қолданыстағы құжаттарға да сан рет өзгерту енгіздік. Сөйтіп, сыбай­лас жемқорлыққа нақты құқықтық сипаттама берілді. Оған сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көз­делді. Қосымша мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы пәндер енгізілді. Бюро­кратиясыз билікке негіз­дел­ген еуропалықтардың тә­жі­рибесін де алдырып, алыс және орта мерзімдегі мақсаттар айқындалды. Бірақ қазына қаржысына қол салуды қанына сіңдіріп, әдетіне айналдырған басшылар мен қосшылардың қатарын азайту оңайға соқпай тұр. Айталық, 2015 жылы қабыл­данған «Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға 26 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Алайда бұл құжат жемқорлық үшін жазаның түрлерін бекітпейді. Бұл үшін жауапкершілік Қылмыстық кодексте қарастырылады.

Ал төрт жыл бұрын «Қа­зақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне қыл­мыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбай­лас жемқорлыққа қар­сы іс-қимылды күшейту мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңы қабылданған. Бұл құжат сыбай­лас жемқорлық үшін жауап­кершілікті күшейтуді көздейді.

Мәселен, осындай қылмыс жаса­ғандарға шартты түрде мерзі­мінен бұрын босату шарасы қатаңдатылды. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жем­­қорлық қылмыстар үшін сот­тал­ған адамдар шартты түрде мер­­зі­мінен бұрын босатылмайды.

Екіншіден, олардан жазаны өтеу үшін бірден ең төменгі қауіпсіздік ҚАЖ мекемесіне жіберу мүмкіндігі алынып тас­талды.

Үшіншіден, жемқорлыққа жол бер­ген құқық қорғау орган­дарының қыз­мет­керлері мен судьяларға жаза кү­шей­тілді. Бұ­рын Қылмыстық кодекстің 366-бабындағы санкция күші атқаратын лауазымына емес, параның мөлшеріне байланысты болды. Қазір осы бапқа сәйкес судьялар мен құқық қорғау органдарының қыз­меткерлеріне қатысты 5 жылдан 6 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру тү­­ріндегі санкцияны күшей­те отырып, жаңа құрам енгізілді. Яғни олардың кішігірім мөлшердегі парасы ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс ретінде тіркеледі. Бұл дегеніміз ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғандар мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмайды және жазаны бірден қоныс-коло­нияларда өтей алмайды деген сөз.

Төртіншіден, ҚК-нің 367-бабында айыппұлдың еселенген мөлшері ұл­ғайтылды. Осылайша, 2020 жылғы кү­шіне енген заң­да сыбайлас жемқорлық, оның ішінде пара берушілер, құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері мен судьялар үшін жауапкершілікті күшейтетін қылмыстық заңнаманың новеллалары күшіне енді. Қазір Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі дайындаған қос заң жобасы Пар­ламент Мәжі­лісінің қарауында жатыр. Құжат мақұлданса, енді ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қыл­мыс жасап сотталғандар туралы мәлі­меттер Сыбайлас жемқорлардың жария тізіліміне енгізіліп, мемлекеттік қызмет­те және квазимемлекеттік сектор­да мүдделер қақтығысын анық­тау және ретке келтіру рег­ламенттеледі.

Жемқорға берілген жеңіл жаза

Десе де елімізде қатаңдатылған құ­жаттың пәрмені барлық па­ра­қорға бірдей жүрмейтін се­кілді. Мәселен, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қыл­мыстары үшін сотталған жүк­ті немесе жас балалары бар әйел­дер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, 58 жастағы және ол жастан асқан әйелдер, 63 жастағы және бұл жас­тан асқан еркектер, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар, ынтымақтастық туралы үдерістік келісімнің барлық талаптарын орындаған сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын бо­са­тудың шарапатын көруге құқылы. Әрине, бұл қоғамда «Жемқорлардың мемлекетке келтірген шығынды өтеу арқылы жеңіл жаза алуы қаншалықты әділетті?» деген сұрақ туғызаты­ны рас. Бұл ғана емес, ҚК-нің 73-бабының 1-бөлімінде ша­ғын, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстары үшін бас бостандығынан айы­­рыл­ғандар кел­тіріл­ген залалды то­лық өте­ген немесе жазаны өтеудің бел­гіленген тәртібін қасақана бұз­баған жағ­дайда қалған мер­­зі­мін жазаның не­ғұр­лым жеңіл тү­рі­­мен алмастыра алады.

Бірнеше рет өз­­гер­­тіліп, түзету енгі­­зілген құжатқа салсақ, пара­қор­ларға берілген жаза қатаң. Әйткенмен Қыл­мыстық-атқару кодексінің 161-бабына сәйкес жем­қорлар рақымшылыққа ілі­ніп, кешiрiм жасау туралы актіге де иек арта алады. Ең қызығы, осы заң­да қылмыстық-атқару қызметі сала­сындағы уәкілетті органның келісімі бойын­ша денсаулық сақ­тау саласындағы уә­кілетті орган бе­кiт­кен тiзбеде көрсе­тілген, сотталған адам­ның ауруы, заң­­да көзделген өзге де негiздер де жа­за мерзімін өтеу­ден босатуға не­гіз болады екен. Тиісінше жеңіл және орташа ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жаса­ған­дар қолданыстағы құжат­та бел­гіленген талаптарға сәйкес келсе, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға үміткер бола алмақ. Олай болса, қатаңдатылған құжат қылмысқа қылбұрау бола ала ма? Әрине, жоқ.

Себебі сыбайлас жемқор­лық­пен күресіп, шенеуніктерді түрмеге жабу ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізбейді. Бұл пікірмен құзырлы органның өздері де толық келіседі. Себе­бі жемқорлықпен күрес – жал­пыға ортақ міндет. Бұл үшін қоғам­дық сананы өзгерту, сыбайлас жемқорлықты қабылдамау мә­дениетін қалыптастыру маңызды.

Қоғамның ащы бағасы

«Әділдік жолы» республика­лық қо­ғамдық бірлестігі Монито­ринг және талдау департаментінің басшысы Ербол Сардарбековтің айтуынша, қылмыс­­ты алдын алу мен жазаны қатайту жұ­мысы тиімді жұмыс істесе, сыбайлас жемқорлықты ең төменгі деңгейге дейін азайтуға болады. Бұл орайда құзырлы орган қажетті шараларды атқарып келеді. Қазір қоғам заңнама аясында жемқорлыққа қарсы күрес үдерісіне қатысып, жемқорлықты тиімсіздендіру саясаты да қолданысқа енгізіл­ді. Бірақ әлі де адами фактор тәуекелдері кез келген салада кездеседі. Бұл жөнінде Е.Сардарбеков: «Меди­цинада қағаз жүзінде жүзеге асатын тендер көп. Білім саласында басты проблемалардың бірі – жоқ жұмыскерлерді тіркеп, бюджет қаражатын жымқыру. Осыған ұқсас проблемалар әр салада бар. Сондықтан цифрландыру арқылы адами факторларды дер кезінде жойып, тәуекелдердің алдын алу қажет. Бұдан бөлек, жемқорлыққа қарсы күрес саясаты тоқтатылмауға тиіс», дейді.

Елдің өркендеуі мен әлеу­меттік-экономикалық бағдар­ламалардың же­місті жүзеге асуы­на жең ұшынан жал­ғас­қан жемқорлық бөгет болып келеді. «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыстың төрағасы Мэлс Семғалиев осылай дейді. Оның пікірінше, парақорлармен күрестің пәр­менді болуына Мемлекет басшысы ғана мүдделі емес, азаматтық қоғамның күресі де ауадай қажет.

«Биыл жарты жыл ішін­дегі қылмыс­тық істерді қарасақ, жемқорлардың жегені халыққа қайтарылып жатыр. Мысалы, алты айда келтірген залалдан 195 млрд теңге қайтарылды. Ел қазынасына қайтып жат­қан заңсыз активтер де бар. Қазір заң шығару­шы органның қарауында жатқан құжаттың жобасы жемқорлардың тізімін жария етуге маңыз беріп отыр. Биыл жемқорлық фактілерінің басында 144 фактісімен әкімдіктер тұр. Квазимемлекеттік секторда – 68, құқық қорғау органдарында – 57, білім мекемелерінде – 89, ауыл шаруашылығында – 46, әлеу­меттік қамтамасыз етуде – 32, денсаулық саласында 26 факті тіркелген. Жалпы, 876 фак­ті тіркеліп, 681 қылмыстық іс қоз­ғалып отыр. Соның ішінде 107 басшы жауап­кершілікке тартылса, 11-і – респуб­ли­ка, 49-ы – облыстық деңгейдегі қызмет­кер. Оның арасында 2 әкім мен 5 судья.

Де­мек парақорлыққа қар­сы күрес­те жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Алайда бұл қоғамды то­лық қа­нағаттандыра алмайды», дейді Мэлс Зайноллаұлы. Ал оған сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрестің тиімді нәтижесін көріп отырған Скандинавия елдері мен Солтүстік Американың деңгейіне мемлекет және қоғам біртұтас жұмылғанда жетуге болады. Өйткені қоғамдағы жемқорлыққа деген көзқарас пен пікір­ді, сана-сезімді өзгертпей, тал қар­май береріміз анық.

Жемқорлық дейтін дерттің дендеп кетуін санадағы көзқарас пен күркөріске итеріп-ақ келеміз. Оның ішіне азаматтық қоғамның өкілі ретінде бәріміз де кіреміз. Шындығында, адамдар сыбайлас жемқорлықтың жойылып, парақорларға қарсы күрестің жемісті болғанын қалайды-ақ. Бұл туралы көзқарасымызды жиі білдіріп, әртүрлі жиында жарыса пікір білдіріп те қоятынымыз бар. Өкінішке қарай, жемқорлықпен күрес мәселесін көтергендердің де кейіннен қолына кісен салын­ғанын көріп жүрміз. Демек жемқорлықтың түпкі себебі адамның ар-ұятына тіреледі. Арлының бойындағы ұят, намыс, қанағат секілді қасиет талайлы тағдырында сан түрлі соқпақ болғанымен, арына дақ түсірмесе керек-ті. Қазақтың «мал сақтама, ар сақта», «жарлы болсаң да, арлы бол» дегені де осыған саяды. Арсыздықтың артында надандық жатыр. Хакім Абай «Әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқау­дан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жан­дар шығады. Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді», дейді. Өкініштісі де осы, ертеңгі жемқор да – бүгінгі қоғамның «жемісі». Ал надандық, арсыздық, намыссыздық пен жемқор­лық жай­лаған жерде өмір сүру қауіпті бола бермек.