• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 19 Шілде, 2024

Жауынгерлік әзірліктің жоғары әлеуеті

133 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысында жалауын көтерген Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан әскери қызметшілерінің «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өз мәресіне жетті. Жауынгерлік жұмыстар барысында командирдің шартты қарсыластың көзін жою туралы шешімі толық орындалып, «Оймаша» ­полигонында әскери контингенттер содырлар тобын «жойды».

Маңғыстау өңірінде еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Әзербайжан, Қырғыз Респуб­ликасы, Тәжікстан және Өзбек­станнан келген әріптестерін сеніп тапсырылған әскери бөлім­шелердің оқу-жауынгерлік мүмкіндіктерімен және оқу-жаттығуды өткізу шарттарымен таныстырды. Қорғаныс ведомстволарының басшылары алдымен Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің зымыран-артиллериялық кеме­сінде болды. Онда делегация басшылары кеменің жауынгерлік мүмкіндіктері мен орындайтын тапсырмаларымен танысып, сүңгуір орталығына келді. Оқу-жаттығу кешенінде оларға жауынгер жүзушілерді кәсіби дайындау барысында қолданылатын қару-жарақ пен техникалық құралдар туралы мағлұмат берілді.

Бұдан кейін шетелдік қонақ­тарға 25744 әскери бөлімінде теңіз жаяу әскерлерін дайындау жүзеге асырылатын оқу тренажерлері көрсетілді. Делегация басшылары «Оймаша» полигонында әскери қызметшілерді орналастыру және тамақтандыру жағдайымен танысып, қару-жарақ пен әскери техниканы тексерген соң әскери атыс алаңына келді. Онда достық армиялары әскери қызметшілері тактикалық атыс элементтерін сәтті орындап, ату кезінде керемет шеберлік пен дәлдік көрсетті. Сонымен қатар қорғаныс ведомстволарының басшылары «Батыс» жедел қолбас­шылығы әскерлері біріккен тобының басқару пунктінде болып, оның мүмкіндіктерімен және оқу-жаттығудың жоспарымен танысты.

«Бірлестік-2024» оқу-жатты­ғуы аясында түнгі уақытта қаты­сушы мемлекеттердің әскери жа­уынгерлері тактикалық іс-қимылдарды тәжірибе түрінде көрсетті.

Әскерлердің біріккен іс-қимылын бақылау алаңынан бес елдің қорғанысқа жауапты басшылары түгел бақылап отырды. Айта кету керек, «Оймаша» полигонында өткен соғыс қимыл­дары театрында қатысушы ел­дердің әскери қызметшілері 17 тактикалық эпизодты пысықтады. Оның бәрі Халифат мемлекетін құруға ұмтылған заңсыз қарулы құрылымдарды тауып, олардың көзін жою жөніндегі бірыңғай оқу-жауынгерлік тапсырмаларға бағынды. Арнайы операцияны сәтті жүзеге асыруда жер үсті және әуеден барлау қызметтері маңызды рөл атқарды.

Бандалық құрылымдардың база­ларын тапқаннан кейін, арнайы мақсаттағы топтар соқ­қы беру үшін армиялық авиа­цияға координаттарды тапсырды. Сонымен қатар алғы шептегі базалық аймақтарды, содырлардың позицияларын және олардың бағдары мен қозғалысын іздеуді жауынгер­лік экипаждар, Wing Loong, Orbiter және Puma ұшқышсыз ұшатын аппараттарындағы барлау кешендері жүзеге асырды. Бандалық құрылымдардың өрістеген жері артиллерия­­ның күшімен жойылды. Жау позициясынан ұшырылған дрондар тобының шабуылына әске­ри қызметшілер радиоэлектронды күрес құралдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жылжымалы зенитті зымыран кешендерімен және зениттік қондырғылармен тойтарыс берді. Осылайша, заңсыз қарулы құрылымға барынша зиян келтіру мақсатымен әскерлер тобының біріккен бөлімшелері басқарылатын мина алаңдары мен артиллерия күштерін қол­данып «от қапшығын» құру бо­йынша маневр жасады.

Жау артиллериясының атыс шабуылын тойтаруға танкке қарсы қол және станоктық гранатометпен, реактивті жаяу әскер отшашарымен, танкке қарсы зымыран кешендерімен және пулеметтермен жабдықталған ұтқыр топтар қатысты. Олардың туннельдер арқылы шегініс жасауы әскери контингенттер артиллериялық есеп топтары­ның қолдауымен жүзеге асырылды. «Сақ қорғаны» тактикалық тәсілін орындау кезінде танк экипаждары үйлесімді қимыл көрсетті. Шабуылға тойтарыс берудегі әдістің артықшылығы – танктердің аяқ астынан пайда болуы және шабуылдаушы жеңіліске ұшырауы болды. Заңсыз қарулы құрылым топтарының сытылып кетуіне атыс шебінде орналасқан резервтік күштер кедергі келтірді. Операцияның сәттілігі алдын ала тиімді позицияға ие болған тактикалық әуе десантын, сондай-ақ аралас авиациялық топтың соққыларын енгізу арқылы дамыды. Одан әрі әскери маневр­лер Каспий жағалауында және Тоқмақ мүйісіне жақын теңіз учаскесінде жалғасты.

Ептілігі мен жауынгерлік дайындықты шыңдауға негіз­делген «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штаб­тық оқу-жаттығуының соңы Тоқ­мақ мүйісіндегі Каспий теңі­зі­нің Қазақстан секторында прак­тикалық іс-қимылдарды пысықтаумен аяқталды. Жоспар бойынша құрлықтың осы бөлігіне шоғырланған содырлар тобының қалдықтары айтарлықтай шы­ғынға ұшырайды. Біріккен әскер­лер тобының бөлімшелері барлау жүргізіп, минаға қарсы қам­та­масыз ету, аралық базаны, құр­­лықтағы және теңіздегі со­дыр­­ларды жою жұмыстарын жүр­­­гізді. Операцияға әскери-те­ңіз десанты мен әуе десанттары, шабуылдау эшелондары, мо­­бильді-атыс тобы қатысты. Олар­­­дың әрекеттері зымыран-артил­­лериялық кемелермен, артил­­лериямен, армиялық және май­­дандық авиациямен қолдау тапты.

Қатысушыларды оқу-жат­тығудың аяқталуымен еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов құттықтады. Ол қарулы қақ­тығысты оқшаулау жөніндегі бірлескен операция басқару органдарының үйлесімділігін, жауынгерлік әзірлікті және әскери контингенттер бөлімшелерінің жедел үйлесімділігін жетілдіруге бағытталғанын жеткізді. Әскери қызметшілер бұл тапсырманы сәтті орындап, жауынгерлік жағдайдағы өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін алды.

– Оқу-жаттығу жоспарын іске асыру барысы нақты жауынгерлік жағдайларға жақын модельденді. Қайта топтастыру және біріккен әскерлер тобын құру мәселелері пысықталды. Тактикалық эпизодтарды орындау кезінде әртүрлі қару-жарақ пен әскери техника қолданылды, авиация, әскери-теңіз күштерінің кемелері, артил­лериялық есептоптар, әуе қорғанысының зениттік-зымы­рандық кешендері, бронды және инженерлік техника, ұшқыш­сыз ұшу аппараттары жұмыл­ды­рылды, – деп нақтылады ол.

Сондай-ақ Қорғаныс министрі биыл құрлықта және теңізде өткі­зілген оқу-жаттығу тек ауқы­мы­мен ғана емес, жеке құрамның кәсіби дайындық деңгейімен де ерекшеленетінін атап өтті.

– Қатысушы елдердің әс­ке­ри контингенттері бір сапта жа­уынгерлік міндеттерді келісіп әрі шебер орындауға дайын екендіктерін дәлелдеді. Бірлескен оқу-жаттығу өз мақсатына қол жеткізді және қойылған мін­деттер толық көлемде орындалды деп есептеймін, – деді Р.Жақсылықов.

Рәсім барысында Әзербайжан Қорғаныс министрі Закир Гасанов, Қырғыз Республикасы Қорғаныс министрі Бақтыбек Бекболотов, Өзбекстан Қорғаныс министрі Баходир Құрбанов және Тәжікстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Саидасрор Саид Абдуллозода сөз сөйледі. Оқу-жаттығуды ұйымдастырушыларға алғысын білдірген делегация басшылары дайындықтың жоғары деңгейін атап өтті. Қатысушы елдер қарулы күштерінің ықтимал агрессиялық актілерді тойтаруға жауынгерлік әзірлігін нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.

Оқу-жаттығу соңында қаты­сушы елдер Қорғаныс ми­нистрлерінің бұйрықтарымен бірқатар әскери қызметші халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін медальмен және естелік кәде­сыйлармен марапатталды. Іс-шара әскери контингенттер легінің салтанатты шеруімен аяқталды.