Астанада Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің базасында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың басшылығымен, әскердің командалық құрамымен бес күндік жедел жиын басталды. Кәсіби деңгейді жетілдіруге елуден астам полиция департаменттерінің офицерлері мен басшылары, еліміздің барлық өңіріндегі Ұлттық ұлан арнайы бөлімшелерінің командирлері қатысады.
Жиынның негізгі мақсаты – кәсіби-лауазымдық даярлық деңгейін арттыру, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің құқықтық актілерінің талаптары туралы бірыңғай түсінік қалыптастыру. Сабақ кестесіне сәйкес жиындарды өткізу бағдарламасында демонстрациялық, нұсқаушы-әдістемелік және практикалық сабақтар өткізу көзделген. Сондай-ақ офицерлерге әскердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетінің негізгі басымдықтарын айқындайтын басшылық құжаттар мен директивалардың ережелері түсіндіріледі.
Сабақтың негізгі бөлігі елордалық бригада базасында, сондай-ақ Ұлттық ұланның «Қаптағай» біріккен оқу орталығында және Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» оқу полигонында өтеді. Жиынның бірінші күні офицерлермен тікұшақ алаңдарын жабдықтау тәртібі бойынша кешенді сабақтар, тегіс ұңғылы мылтықтармен ату және граната лақтыру, жиынтық тактикалық топтардың жауынгерлік тәртібін көрсету, сондай-ақ «Дағдарыс жағдайында ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл» тақырыбында мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша дәріс өткізілді.
Жиын жетекшісі, жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы Нұрлан Мұхамедовтің айтуынша, жиын міндеті лауазымды тұлғалардың кәсіби деңгейін арттыруда бірыңғай тәсілді әзірлеу, озық тәжірибемен алмасу, командирлердің атыс, дене шынықтыру және әдістемелік даярлығын тексеруге бағытталған.
– Осындай сабақтардың арқасында офицерлер өздерінің функционалдық міндеттерін шебер және сенімді орындау үшін кәсіби дайындықты жетілдіреді. Сондықтан Жоғарғы Бас Қолбасшының, Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас Қолбасшысының тапсырмасына сай жаңа форматта Ұлттық ұлан жеке құрамының жауынгерлік даярлық деңгейін арттыруға басты назар аударамыз, – дейді полковник Нұрлан Мұхамедов.
«Майлан» оқу полигоны базасында құқықтық тәртіп әскеріндегі қару-жарақ және техника түрлерінен практикалық атыс нормативтерін пысықтауға арналған практикалық сабақтар өткізіліп, үздік нәтиже көрсеткен офицерлер марапатталды.