Алматыда өткен «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар дәстүрлі жиынында Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей және Өзбекстаннан 14-17 жас аралығындағы 750 жас патриот бақ сынады.
Іс-шара Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. Жиынның ашылу салтанатына Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әміреев және оның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев, халық батырының қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, шетелдік қонақтар, еліміздің әскери-патриоттық клубтары мен оқу орындарының тәрбиеленушілері қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жас патриоттарына жолдауын Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов оқып берді. Онда жиынның әскери қызметтегі тәртіп пен жауапкершілік, өзара көмек пен ұйымшылдық жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігінің кепілі екені айтылған.
Жас жауынгерлердің алдында сөз алған Талапкер Әміреев: «Елдің дамуы мен гүлденуі, оның келешегі жас ұрпаққа тікелей байланысты. Болашақ ел сарбаздарын жастайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ерлік рухты қалыптастыру – ортақ парызымыз. Мемлекет басшысы былтыр бүкіл армиялық кеңесте «Жас сарбазды» ұлттық деңгейге көтеру керек екенін айтты. Осындай іс-шара көп болса, болашақта патриот жастардың да қатары көбейеріне сенімдімін», деді.
«Әли» оқу-жаттығу орталығында өткен жиынның алғашқы күнінде Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің қарамағындағы «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы екі аталым бойынша жеңімпаз атанды. Автоматты толық бөлшектеу мен жинақтау, сондай-ақ асық ату ойындарында Қаракемер кентінің М.Ломоносов атындағы мектебінің патриоттық сыныбы үздік деп танылып, І орынды иеленді. Ұлттық ұлан бастамасымен құрылған «Жас бүркіт» клубының әскери-патриоттық сыныптары еліміздің барлық өңіріндегі әскери бөлімдермен бірлесіп, жастар саясаты, ұлттық идеология бағытында жемісті еңбек етіп жатқаны қуантады.