Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», деген еді.
Бүгінгі өмір шындығына зер салып, зерделеп көрсек, Мемлекет басшысының пайымымен келісетініміз кәміл. Мәселен, 2021 жылға дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылары мен сарапшылар еліміздің қай саласын болсын жаппай жайлап, жегі құрттай іштен жеп жатқан жемқорлықтың туындауының басты себебі мемлекеттік қызметшілердің жалақысының төмендігі деп келген болатын.
Осыған орай сол жылғы шілде айынан бастап барлық мемлекеттік органның қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсірілді. Бұған «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің бос лауазымдарына жарияланып жатқан конкурстар туралы хабарландыруларға қарап көз жеткізуге болады. Мысалы, шешім қабылдайтын лауазым иелері – аудандық бөлім басшысының орташа айлық жалақысы 380391 теңге, аудан әкімінің орынбасарынікі – 512004 теңге, облыстық басқарма басшысынікі – 688752 теңге. Жұртқа көрсетіп отырған қызметің үшін пара дәметпей-ақ, адал өмір сүруіңе жететін қаражат емес пе бұл?! Ал аудан әкімдері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, министрлер және олардың орынбасарлары сияқты саяси мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің жалақылары тіпті жоғары. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халыққа адал қызмет етуге ант берген шенеуніктердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажет мүмкіндік туғызылды. Демек барлық деңгейдегі мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің тарапынан тиісті қайтарым болып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы барынша артып, жемқорлықтың тамырына балта шабылуға тиіс еді. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызмет саласында мұндай түбегейлі өзгеріс болған жоқ. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, мемлекеттік басқару органдарындағы арандары ашылған жемқорлар әлі де айылдарын жияр емес.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 1461 жемқорлық қылмыс тіркелген. Бұл бұрнағы жылғымен салыстырғанда 4,5 пайыз аз болғанымен, елорда мен 4 өңірде осы қоғамдық індет одан әрі үдей түскен. Астана қаласында 2022 жылы 152 жемқорлық құқық бұзушылық әшкереленген болса, былтыр оның саны 196-ға жеткен. Осы жөніндегі көрсеткіш Қостанай облысында 78-ден 97-ге дейін, Павлодар облысында 43-тен 47-ге дейін, Ұлытау облысында 14-тен 41-ге дейін, Абай облысында 8-ден 31-ге дейін ұлғайған. Бұған қоса әскери қызметшілер жасаған жемқорлық қылмыс саны бұрнағы жылғы 18-ден былтыр 54-ке дейін, яғни үш есе көбейіп кеткен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне қарағанда, әсіресе өзгелерге үлгі-өнеге көрсетеді деген зиялы қауым өкілдері – мұғалімдер, дәрігерлер және әлеуметтік қызметшілер еңбек ететін әлеуметтік салада жемқорлық белең алған. Өткен жылы осы салада 311 жемқорлық қылмыс әшкереленген. Соның 155-і – білім беруге, 64-і – денсаулық сақтауға, 29-ы – әлеуметтік қорғауға, 56-сы медициналық-әлеуметтік сараптама қызметіне тиесілі. Нәтижесінде, 95 адам сотталған, оның 52-сі – білім беру, 20-сы – денсаулық сақтау, 9-ы – әлеуметтік қорғау, 11-і – медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкерлері.
Қазір Парламенттің қарауында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобалары бар. Ұсынылған жаңашылдықтардың ішінде жемқорлардың жария тізілімін енгізу туралы норма да маңызды. Осыған байланысты «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға тиісті толықтыру енгізілмекші. Бұл норма қабылданған жағдайда жемқорлық қылмыс жасап сотталған адамдардың барлығының аты-жөнін жұртшылық, оның ішінде сол жемқорлардың балалары мен немере-шөберелері де кез келген уақытта біле алатын болады. Мұның өзі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға септігін тигізетіні анық.
Дегенмен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жауапкершілігін әлі де күшейте түсу қажет. Айталық, қазір қолданыстағы заңнама бойынша егер өңірлік әкімдіктің басқармасының басшысы жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берген болса, онда әкімнің жетекшілік жасайтын орынбасары отставкаға кетуге өтініш беруге тиіс. Шындығында, өңірлік әкімдіктің басқармаларының басшыларын әкімдер көп ретте өз орынбасарларының пікірлерін сұрамай-ақ, өздері таңдап тағайындайды. Сол себепті өңірлік әкімдіктердің басқармаларының басшылары жемқорлық қылмыс жасап сотталған жағдайда олар үшін әкімдердің орынбасарлары емес, әкімдердің өздері тікелей жауап бергені әділ емес пе? Мұндай тәсіл орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда қолданылатын болса, шешім қабылдау деңгейіндегі жауапты лауазымдарға іскерлігімен қатар, ары таза мамандар көбірек келер еді.
Қоғамымызда заңның үстемдігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген судьялар да былық-шылықтан толық арылып, халық сеніміне ие болып отыр деу қиын. Бұдан алты жылдай бұрын аудандық сот төрағалары қолдарына тиетін айлық жалақылары 230 мың теңге ғана екенін айтып, «Судьялар пара алмай қайтсін?..» дегендей сыңай танытатын. Расында да, судьялардың жалақыларының лайықты болмауы олардың көбін пара алуға итермелеген болар. Осы жағдай ескеріліп, 2019 жылдан бастап аудандық судьялардың жалақысы 655 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бұл сома Фемида қызметшілерінің әділдіктен таймауына жеткілікті екені даусыз. Әрине, қанағат болса. Алайда «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, судьялардың бәрі бірдей бұрынғы «әдеттерінен» бас тарта қоймапты. Сол жылы жалақылары еселеп көбейтілгеніне қуанып, тура жолға түсудің орнына, жең ұшынан жалғасқан жемқорлығын жалғастырған 11 судьяның үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, былтыр 3 судья құқық бұзушылық жасаған. Ал биылғы қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және сот әкімшілігінің өзіндік қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, Атырау облысының Махамбет аудандық сотының судьясын алаяқтық әрекет жасап, басына іс түскен біреуден 2,5 млн теңге алып жатқан кезінде қолға түсірген. Маусым айында Антикордың қызметкерлері Маңғыстау облысындағы Ақтау қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот төрағасының сотталушы адамға бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындау үшін сенімді адамы арқылы 18 млн теңге алғанғын әшкерелеген. Осындай мысалдарға қарағанда, судьялардың жалақысының арттырылуы олардың арасындағы парақорлардың санын азайта қоймаған сияқты.
Мемлекет басшысы Қазақстан судьяларының VIII съезінде: «Судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуға тиіс. Дамыған елдердің басым бөлігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті лауазымға тағайындалмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн деп санаймын», деген еді. Шынтуайтында, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңген Швейцариядағы сияқты, біздің елде де судьяларды да сайлауға көшетін кез жеткен болар.
Жалпы, Мемлекет басшысы айтқандай, бәрі де адамның пиғылына байланысты. Отбасында «Ұят болады», «Біреудің ала жібін аттама», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген сөздерді бала кезінен құлағына құйып өспеген адамнан оң пиғыл күту қиын. Мысалы, осы жылдың басында Алматы қаласында болған жер сілкінісі кезінде кейбір такси жүргізушілері зәресі ұшқан жандардан әдетте 2 мың теңгеге апаратын жерге 30-40 мың теңге сұрағанын естіп, жағамызды ұстағанбыз. Өйткені мұндай әрекет «Қолыңда барда қонышыңнан бас» деген арам пиғылдың айғағы емес пе? Адамгершілік тұрғысынан ондай такси жүргізушілерінің жемқор шенеунік пен судьядан айырмашылығы қайсы?
«Адам не тапса да, пейілінен табады», дейді қазекем. Пейілімізді түзетсек, елімізді өркендетіп, әділетті мемлекет құратынымыз күмәнсіз.