Грузияның Кутаиси қаласында өткен EuPhO-2024 Еуропалық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы төрт медальмен толықты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл білім бәйгесі биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Халықаралық физика сайысына осы жылы 55 елден 256 оқушы қатысып, бақ сынаған. Ел намысын қорғаған оқушыларымыз екі күміс, екі қола медальға қол жеткізіп, аталған сайысқа қатысқан 55 елдің арасында жалпыкомандалық тоғызыншы орынды иеленді.
Еуропалық физика олимпиадасы жыл сайын жоғары сынып оқушылары арасында өтеді. Былтыр да біздің балалар Германияның Ганновер қаласында өткен олимпиадада төрт бірдей жүлдені жеңіп алған еді. Биыл үздік нәтиже көрсеткен Қазақстан командасының құрамында Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Бекасыл Елубай, Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Альтаир Ақанов, Н.Нұрмақов атындағы Қарағанды облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова, Атырау қаласының № 1 «Білім-инновация» мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Нұрасыл Барлыбаев бар.
«Еуропалық физика олимпиадасы – бұл ғылымға, танымға қызығушылық танытқан дарынды оқушыларға арналған халықаралық білім бәйгесі. Аталған сайыс алғаш рет 2017 жылы Эстонияда өтті. Ал Қазақстан құрама командасы Еуропалық физика олимпиадасына 2020 жылы тұңғыш рет қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Ол кезде сайыс қашықтан өткізілген еді. Олимпиаданың қорытындысы бойынша оқушыларымыз бір алтын, екі күміс, бір қола медальға, сондай-ақ бір құрмет грамотасына ие болды», дейді Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.
Құрама команданың жетекшісі Гүлия Нұрбақованың айтуынша, олимпиада теориялық және эксперименттік екі кезеңнен тұрған. Оның әрқайсысы 20 ұпайға бағаланған. Яғни барлық сұраққа дұрыс жауап берген оқушы 40 ұпайға ие болады.
«Енді бір қызығы, алтын медальға 29,6 балл жинаған оқушы қол жеткізеді. Ал біздің Бекасыл Елубай 29,5 ұпай жинап, яғни бірінші орынға бар-жоғы 0,1 ұпай жетпегендіктен, күміс медальды қанағат тұтты. Бірақ бұл нәтиже Бекасылдың жігерін жасытқан жоқ, керісінше намысын қайрап, көзіндегі отын одан әрі лаулата түсті. Жалпы, Қазақстан құрама командасы 4 оқушыдан құралды. Оларды 2022-2023 оқу жылында өткен республикалық олимпиададағы нәтижелеріне қарап, іріктеп алдық. Содан бері жас дарындарымыз дайындықтарын шыңдап, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-техникалық факультеті базасында үш рет оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Мінекей, олимпиада нәтижесінде төрт оқушымыздың төртеуі де жүлделі болып, нақтырақ айтсақ, 2 күміс және 2 қола медальға қол жеткізіп ел үмітін ақтады. Алдағы уақытта оқушыларымыз бұдан да жақсы нәтиже көрсетіп, еліміздің қоржынын алтын медальмен де толықтыратынына сенімім мол», деді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-техникалық факультеті, теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті Г.Нұрбақова.
Әдетте бұл сайысқа Еуропа елдерінен отызға жуық ел қатысатын. Алайда осы жылы жарысқа түсушілер қатары күрт өсіп, Еуропадан бөлек Азия, Америка елдері қосылып, қатысушы елдер саны 55-ке жеткен. 256 оқушының арасынан екінші орынға ие болған Бекасыл Елубайдың айтуынша, бұл бәсекеде өз-өзін темірдей тәртіпке бағындыра алған балалар ғана топ жарады.
«Физика олимпиадасына үш жыл тынбай дайындалдым. Міне, биыл сол еңбектің жемісін халықаралық додаларда көріп отырмыз. Мәселен, маусым айында өткен Азия олимпиадасында қола медальды еншілесем, бүгін Еуропа олимпиадасында күміс медальға қол жеткіздім. Өкінішке қарай, бірінші орынның тұғырынан көрінуіме 0,1 ұпай жетпей қалды. Өкініш өзекті өртесе де, сол бір қателігімнен сабақ алып, біраз шыңдалдым. Алдағы уақытта олимпиадаға дайындықты одан әрі күшейтіп, еліміздің қоржынына алтын медаль әкелемін деп ойлаймын және соған бек сенімдімін», дейді ол.
Ал осы сайыста үшінші орын алған Нұргүл Егенбергенованың айтуынша, теориялық біліммен қатар практикалық білімнің де маңызы зор.
«Кутаиси Халықаралық университетінде өткен олимпиадада біз білімімізді шыңдап қана қоймай, қаланың тарихи-мәдени орындарымен таныстық. Ал сайысқа келсек, теориялық кезеңнен сүрінбей өтсем де, эксперименттік кезеңде біршама қиналғаным рас. Бірақ соның арқасында алдағы уақытта қалай, қай бағытта ізденуім керектігімді білдім. Одан бөлек, осы бес күн ішінде шетелден келген білім алушылардың тәжірибесіне қанық болдық», дейді Нұргүл Егенбергенова.
Оқушылардың осынау жетістігі бірнеше жылғы еңбегінің жемісі екені анық. Біз де жас физиктерді жеңістерімен құттықтаймыз әрі халықаралық додаларда толағай табыстарға жетіп, топ жара берулеріне тілектеспіз!