Атбасар қаласындағы «Аждар и К» ЖШС-на қарасты вагон жөндеу зауыты – жаңашылдыққа ынтық ұжымның бірі. Шаруасын ширата түсуді көздеген зауыт жүк вагондарын жөндеудің толық айналымын жүзеге асырмақ.
Тәжірибесі толысқан, өзіндік дәстүрі қалыптасқан ұжым басшылығының айтуына қарағанда, уақыт талабына толық жауап беру үшін салаға серпін беретін жаңалыққа үнемі назар салып отыру қажет. Онсыз нарықтың қатал талабына сай келу қиын. Қазір кәсіпорын жүк вагондарының барлық түрін сапалы жөндей алады. Өздерінде вагон жөндеуге қажетті кейбір бөлшектерді де шығарады. Оның үстіне Атбасар ауданының тұрғындарын сығымдалған оттегі толтырылған баллондармен де қамтамасыз етіп келеді.
– Егер елімізде 2010 жылы вагон жөндеумен айналысатын 12 кәсіпорын болса, бүгінгі күні олардың саны 26-ға жетті. Әрине, вагон паркі де уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Тозығы жеткен вагондар да аз емес. Солай бола тұра, біздің салада бәсекелестік жоғары, – дейді серіктестік директоры Аждар Тайшытаев,
– Ең алдымен санға емес сапаға назар аудару қажет екені айдан анық. Бәсекелестік айдынында бағамыз артып, ырысымыз молайса, ол ең алдымен, кәсіпорында жұмыс істейтін, өз ісіне тиянақты, іскер адамдардың арқасы. Маман болғанымен, жаңа заманның талабына сай жұмыс барысын соны арнаға салып отырмаса тағы болмайды. Міне, сондықтан инженерлер үнемі ізденіс үстінде.
Депода әрбір ауысым сайын 7 жүк вагонына жоспарлы жөндеу жүргізсе, 4-5 вагон күрделі жөндеуден өткізіледі. Осындай жақсы жетістікке жету – әрине, қолынан іс келетін ұйымшыл ұжымның тиянақты еңбегінің арқасы. Қазір мұнда 220 адам еңбек етеді. Осы жылдың маусым айында орташа еңбекақы көлемі 390 мың теңгеге жетіпті. Атбасар тәрізді шағын қала үшін тәп-тәуір көрсеткіш.
Әріптестерінен оқ бойы озып отыру үшін өндірістегі жылт еткен жаңалықты қалт жібермей, ыждағатты еңбек еткен ләзім дейді кәсіпорын мамандары. Ал басшылар болса алға жылжу үшін қомақты инвестицияның қажет екенін алға тартады. Биыл зауыт өз қаржысы есебінен жаңа өндірістік желіні пайдалануға бермек. Төртінші тоқсанда вагон дөңгелектерін жөндейтін жаңа желі іске қосылады. Бұл жай жалғыз жүк вагондарына ғана емес, жолаушылар тасымалдайтын вагондар үшін де қажетті. Жаңа құрылған вагон дөңгелектерін жөндейтін шеберхана іске қосылмақ. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылған кезде кәсіпорын жүк вагондарының дөңгелектерінің жөндеу жұмыстарын толық жүзеге асырады. Жаңадан 10 жұмыс орны ашылады. Алдын ала есеп бойынша жұмыс өнімділігі 15-17 пайызға артпақ. Кәсіпорын қазір шетелдерден жеткізілетін жаңа станоктарды күтіп отыр. Жағымды жаңалықты жүзеге асыруға кәсіпорын бюджетінен 200 миллион теңге қаражат бөлінген.
– Сапа туралы да бірқыдыру уақыт айта кетуге болады. Алғашқы бақылау тура жұмыс орнында жүргізіледі. Әрбір құрылғы мұқият тексеріледі, – дейді серіктестік директоры. – Біздің жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әуелі слесарьлардың өздері қадағаласа, кейін олардың бар жұмысын бригадир сараптайды. Содан кейін ғана техникалық бақылау бөлімінің бақылаушылары сүзгіден өткізеді.
Жыл сайын ұжымдық келісімшарт жасалып, онда жұмысшылардың барлық әлеуметтік жағдайы қарастырылады. Тиянақты істің нәтижесі болар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша өткізілген «Парыз-2023» байқауында кәсіпорын «Үздік ұжымдық келісім» аталымы бойынша қола жүлдегер атанды.
Ілкімді жұмыс өз арнасын тауып, бар ұжым жоғары жауапкершілікпен атқарылатын іске атсалысқанымен, шешімін табуды талап ететін маңызды мәселе де бар екен. Ол – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Бір қолдың саласындай қалыптасқан ұжым мүшелерінің жастары ұлғайып келеді. Күні ертең олардың өкшесін басып, ізін қуатын, ілкімді еңбек дәстүрін ыждағаттылықпен сабақтайтын жалынды жас толқын керек-ақ. Бұл мәселені бүгіннен бастап ойластырмай тағы болмайды. Қазір кәсіпорын газоэлектр дәнекерлеушілерге мұқтаж. Тығырықтан шығар жол іздеген кәсіпорын басшылары Атбасар қаласындағы агротехникалық колледжбен әріптестік байланысты жолға қойды. Колледжде білім алып жатқан токарь, газоэлектр дәнекерлеушілер кәсіпорында тәжірибеден өткізіледі. Оқу орнын аяқтаған түлектер табысы жоғары, әлеуметтік жағынан тәп-тәуір қамтамасыз етілген кәсіпорынға келіп жұмысқа орналасады.
– Жағдай туғызсақ та, кадрлардың жиі ауысуын тоқтата алмай отырмыз, – дейді Аждар Тайшытайұлы. – Біздің өңір ауыл шаруашылығы дамыған өлке ғой. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде табатын табыстары жоғары. Сондықтан жұмысшылар маусымдық жұмыс кезінде осы салада жұмыс істеп, толымды табыс тапқанды жөн көреді. Әрине, ол үшін кінәлауға да болмас. Қазір Атбасарда жол салынып жатыр. Құрылыс алаңдарындағы жұмыс қайнап тұр. Білікті маманның бәсі жоғары болатыны да сондықтан. Ал қыс түсе әлгі мамандар өзімізге қайтып оралады.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, вагон жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектердің құны да қымбаттаған. Негізінен, шетелдерден жеткізіледі. Сол себепті өзіндік құн да көтеріліп кетеді. Валюта бағамы да әсерін тигізеді.
– Жыл басынан бері электр энергиясының әр киловаты үшін 24 теңгеден төледік. Кейінгі үш айда 44 теңгеге көтерілді. Ең өкініштісі, бағаның өсетіні туралы хабарлама жасалған жоқ. Бұл жай жалғыз бізге ғана емес, өңірдегі шағын және орта бизнеспен қатар үлкен кәсіпорындарға да кері әсерін тигізіп жатыр. Ешбір ескертусіз электр қуатынан ажыратқан кезде апатты жағдай туындайды. Таяуда ғана осындай оқиға орын алып, тым қымбат станоктарымыз істен шықты, – дейді.
Ақмола облысы,Атбасар қаласы