• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 25 Шілде, 2024

Ұста

127 рет
көрсетілді

Еңбегің елдің кәдесіне жараса, одан артық бақыт бар ма? Күнімен қызуы бет қаратпайтын көріктің жанында тұрып сом темірді сағызша илейтін ұста Иван Киселевтің бар ойы осыған саяды.

Әншейінде дүниедегі ең мықты зат темір деп ойлайтынымыз бар. Сол темірдің өзі қолы епсекті, қару­лы ұстаның дегеніне көніп, қала­ғанындай қалыпқа енеді екен. Қара темірге жан бітіретін ұстаны көруіміз алғаш. Оқыдық, естідік. Бірақ ондағы әсер дәл жанында тұрып қып-қызыл болып балқыған сом темірді дәу балғасымен соқ­қы­лап, өз ойлағанындай бұйым етіп шы­ғарамын деп жанталасып жатқан ұста­ның жанында тұрып сезінгендей бол­майды екен.

Златополье ауылындағы «АФ «Burabay-2007 GCK» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің машина-трактор шеберханасындағы ұста цехынан қолқаңды қабатын түтін иісі аңқиды. Көлденең жатқан көк темір, балғаның әлденеше түрі, өзге де қажетті құралдар. Осылай бол­май қайтсін? Иван Киселев – бір­неше маман­дықтың иесі. Жалғыз өз ша­руа­шы­лы­ғының ғана емес, осы төңі­ректегі тұяғы қыбырлаған техниканы кәдесіне жаратып жатқан бар шаруашылыққа керек адам. Әсіресе науқандық жұмыс кезінде қаді­рі тіпті өседі. Күні түспей­тін кісі жоқ. Басқасын былай қойғанда, бір қа­рағанда қуатты, шыдамды болып көрінетін шет­елдік техниканы тізгін­деген­дер де ұстаның қызметіне зәру. Ескі техника тізгіндеп, есі кетіп жүр­г­­ендер есігін босатпайды. Тех­ни­ка болған соң сынбай тұра ма, бір кішкентай тетігі істен шықса бол­ды қаңтарылып тұрып қалмақ. Ал он­дай найқалуды уақыт шіркін кө­тер­­мейді.

Биылғы жосығы тіпті басқа. Көктем туғалы аспанның қаба­ғы бір ашылған жоқ. Бүгін де солай, біз машина-трактор шеберханасының табал­ды­ры­ғынан аттаған кезде күн шайдай ашық болатын. Сүтпісірім уақыт өтпей Бурабайдың биігі­нен ескен жел күшейіп, жетім тоқтының жабағы жүні тәрізді ұйысқан қара бұлтты төндіріп-ақ әкелді. Ақ жауын төпеп берді-ай дейсің. Алқап басындағы шаруа тізгін тартқанымен, шебер­­хананың ішіндегі қауырт қимыл толастар емес. Міне, егіс кешенінің оймақтай тетігін айнытпай жасап беріп, тосып тұрған механизаторларға ұсынып жатыр. Осы тетік болмаса, кешен жүрмес еді. Уақыт онсыз да ұзап бара жатқан кезде табиғаттың тарпаң мінезі екі аяқтарын бір етікке тығып, қусырған диқандар қарекетсіз қарап отыра ала ма? Жаңағы тетік аудан, облыс орта­лығындағы сауда сөрелерінен табыла қоймауы мүмкін. Жалғыз амал – тапсырыс беру. Ол келіп жеткенше қаншама уақыт. Ал кез келген ұсақ тетіктерді жасау – шынайы шебер үшін айтуға тұрмайтын әңгіме.

– Ұстасыз өте қиын болар еді. Біз­дің ұстамыз бірде соқаның тісін өт­кір­­­леп, қайрап жатса, екінші жағы­нан тесіліп қалған радиаторлар­ды жа­мап-жасқап жатады. Иван үшін за­ты темір болса болды, – дейді ше­бер­­­хана меңгерушісі Михаил Гор­бен­ко.

Біздің кейіпкеріміз ең әуелі трактор тізгіндеген екен. Жиырма жылдан аса уақыт бойы еңбек еткен. 2002 жылдан бас­тап ұстаханада жұмыс істейді. Қолынан жетектеп әкеліп, ешкім іске қоспаған. Өзінің аңсары ауған-ды. Ал адамның аңсары бір ауса, сол ынтызар көңілге қажыр-қайраты үстемелеп дем берсе, тау қопармас па? Өзіне дейін жұмыс істеген байырғы ұста Николай Николаенко бір рет қана көрсе­тіп, түсіндіріпті. Қалғанын зейін­ді жігіт жалғас­тырып әкеткен. Алғашқы бетте жасаған дүниелері кәдеге аса бастағанын көрген әкесі «сенің орның осы ұстахана екен» деп жалғыз ауыз сөз айтса керек. «Әке балаға сыншы» емес пе, перзентінің қолынан іс келе­тінін аңғарған да. Қазір әке үмітін ақтаған ұста осы төңіректегі үш үл­кен шаруашылықтың кәдесі­не жа­рап тұр. Шаруа қожалық­тары да ке­леді, ауыл адамдары да өтініш ай­та­ды. Бірінің сөзін жерге тастаған емес.

Бізбен бұл күнде ұмыт болған ұсталық өнер туралы ой бөлісіп тұрғанда да қолындағы сом балғасын тастаған жоқ. Көріктің ішінде қып-қызыл болып балқып жатқан сом темір­ді тістеуікпен тістеп алып, төс­ті­ң үстіне салып, жапыра, сол­­­қыл­дата соғады-ай келіп. Не ға­жа­бы барын кім білсін, балқып тұр­ған металл бірте-бірте қажетті бұйы­м­ның кейпіне ене бас­тайды. Олай бол­мас­қа шарасы да жоқтай. Өйткені ұста өз жұмысын жақсы біледі.

Енді бірер айдан соң Иван Васильевич зейнет демалысына шықпақ. Бар жиған тәжірибесін, білімі мен білігін кейінгі ұрпақ жалғастырса дейді. Әзірге 14 жас­тағы немересі ара-тұра ұстаханаға бас сұғатынын көңіліне медеу етеді. Өзі де маңдайдан терін сор­ғалатып, адал еңбек етіп жат­қан, ең бастысы қаумалаған қалың елдің алғысын арқалатқан, сон­ша­­лықты ыстық, соншалықты қа­дірлі ұстаханаға осылай бас сұқ­қан жоқ па еді? Кім білсін, қа­шанда болсын еңбекші қауымға қа­жет­ті мамандықтың сорабы үзіл­мейтін шығар.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы