• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2024

Бағы жанған Байдалы

50 рет
көрсетілді

Туған жердің төсіндегі Алаштың ақ бесігі – ауылдың керегесі кеңіп, іргесі бекуі азаматынан деген ой түйсек, қателеспес едік. Шалғайдағы Байдалы – перзенттерінің арқасында бағы жанған елді мекен.

Бұл өзі облыс орталығынан, астанадан жырақта жатқан, шоқ жұлдыздай шағын ауыл. Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы. Төрт құбыласында берекенің бедерлі іздері бар. Ауылдағы бар шаруаны алға бастырып, ел мерейін тасытайыншы деген ыстық ықылас пен кеңпейілдің арқасында күннен-күнге ажары кіріп, өңі жақсарып келеді. Елдің еңсесін көтеруге «Байдалы» және «СХП Байдалы-2» шаруашылықтары септігін тигізіп отыр. Сөз арасында ылдиға тепкен тасы өрге домалаған шаруашылықтарды бір туған бауырлар Бағдат пен Марат Оразалиндер басқарады. Ұйымшыл да іскер әулеттің басында аталары Байдалы Оразалиннің тұрғаны әмбеге аян.

Енді бір сәт Байдалы аға туралы баяндаудың да реті бар. «Амангелді» ұжымшарының төрағасы, майдангер Байдалы Оразалин – заманында Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған тұлға. Қазір елге еңбегі ерекше сіңген айтулы тұлғаның есімі жергілікті мектепке берілген. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ өнеге алуы үшін. Ал Веселое селосына Байдалы Оразалиннің есімін беру туралы өткізілген жиында бірде-бір тұрғын қарсы болмапты. Абырой арқалаған азамат деген осы. Елге еңбегімен жаққан, қамқор пейілімен қорған болған. Жақсылығы жалпақ жұрттың жадында.

Міне, осы топырақта ілкіден сабақ­талған ата дәстүрі әлі де өз ретімен жал­ғасып жатыр. Аталарының еңбекпен өрнектелген ғұмырын, әдемі дәстүрін, ғибратты жолын ұрпағы жалғастырып жатыр. Ауылға еңбек етеміз деп келген мамандар орталықтандырылған жылу жүйесі, су қосылған, үлкен мегаполистегі тұрғын үйлерден сынықсүйем кемдігі жоқ пәтерлерде тұрады. Осындай жайлы үйлерді салуды үш жыл бұрын бастапты. Қазір оқтай түзу жаңа көшеде 11 үй бой көтерген. Оның сегізінде ауыл тұрғындары тұрып, игілігін көріп жатыр. Қалған үшеуі мал дәрігері, инженер, механизаторға берілмек. Осындай қамқорлыққа бөленген жүргізуші Медет Тілесбаев бағы жанған Байдалыға Солтүстік Қазақстан облысынан көшіп келіпті. Қазір отағасы серіктестіктің КамАЗ-ына ие, ал жары Наталья кішкентай балаларымен үйде отыр. Жайлы баспанаға ие болған тұрғындардың алғысында шек жоқ. Кең де жарық, сәулетті үй көңілдерінен әбден шықса керек. Осындай жағдай жасалғаннан кейін адамдар да ортақ іс үшін тау қопарып, тас жаратындай екпінмен жұмыс істемей ме?

Мына бір қызықты қараңызшы, тұрақты, толымды еңбекақы төленіп, бас­пана беріліп, бар жағдай туғызылса да жұмысшы күші жетіспей отыр. Серіктестік әсіресе жүргізуші, дәнекерлеуші, токарь тәрізді мамандарға зәру. Құрылысшылар мәселесін Өзбекстаннан келіп жұмыс істейтін адамдардың есебінен шешкен. Ауылда төрт жылдан бері құрылыс материалдары дайындалады. Бірнеше цех жұмыс істеп тұр. Онда кірпіш, бедертас, жылу оқшаулағыш, әдемі есіктер жасалады. Түйіндеп айтқанда, құрылысқа қажетті заттардың дені өздерінде өндіріледі. Ауылдағы құрылыс жұмысының қарқын алуына осы жай серпін беріп отыр. Таяуда серіктестіктің жаңа кеңсесі пайдалануға берілді. Алыстан менмұндалап көз тартатын құрылыс ауыл адамдарының да қолынан іс келетінін әйгілеп тұрғандай. Маусымдық жұмыс кезінде келіп жұмыс істейтін адамдарға арналып салынған жатақхана да мұнтаздай. Жатын бөлмелері мен асханасынан ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Шаруашылық ауылға мешіт салып берді. Өз наубайханасы бар. Нан бағасы – 65 теңге. Аудандағы, бәлкім облыстағы ең арзан нан. Елді мекеннің үш көшесіне асфальт жамылғы жапты. Жаяу жүргіншілердің жолы атқан оқтай. Екі жыл бұрын Жеңіс паркі абаттандырылып, тәртіпке келтірілді.

Екі шаруашылық та мектепте өтетін барлық шараға демеуші. Оқушылар облыстық, аудандық байқауларға қатысатын болса, бар шығынын өздері көтереді. Әр жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қомақты қаржы бөледі. Мектеп асханасынан да қамқорлықтарын аямайды. Білім ошағының жанындағы спорт алаңы көзтартарлық. Бұл жерде оқушылар үшін футбол, волейбол, бас­кетбол алаңдары салынған. Кәдімгі үлкен қалалардағыдай әсем, көрікті әрі жайлы. Бұл іске 12 миллион теңге қаражат бөліпті. Кішкентай балалар ойнайтын әдемі алаңқайлар жабдықталған. Білім ошағына жұмыс істеуге келген жас педагогтерге жайлы пәтерлердің кілтін табыс­тау дәстүрге айналған.

Фельдшерлік-акушерлік пункт туралы бөле-жара айта кетуге болады. Шаруашылықтар 18 миллион теңге қаражат бөліп, жаңа заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен, жедел жәрдем көлігін сатып әперіпті. Ауыл тұрғындары сынаманың барлық түрін тапсыра алады. Өзге ауылдардың тұрғындары тәрізді аудан немесе облыс орталығына шапқылап уақыттарын өткізбейді. Медицина мекемесінде облыстық ауруханаларда кездесе бер­мейтін құрал-жабдықтар бар. Осындай шынайы қамқорлықтың арқасында ауыл тұрғындары медициналық көмектің бар түрін ала алады.

Ел игілігі қандай жолмен жүзеге асырылып жатыр деген сауалдың жауабын тарқатып айта кетелік. 27 мың гектар егістік алқабы бар. Машина-трактор паркі жыл сайын жаңартылады. Жаңа техникалар лизинг арқылы алынуда. 17 егіс кешені сақадай сай. Шаруашылық басшылары егістікпен қатар мал шаруашылығын дамытуды да қолға алған. Бұл жұмысты үш жыл бұрын бастапты. Алдымен жаңа заман талабына сай мал фермасын тұрғызған. Аустрия мен Чехиядан голштейн-фриз асыл тұқымды қара мал әкелінген. Қазір олардың жүзі сауылады. Мал басын көбейту үшін Әулиекөл тұқымды 100 бас мал алыныпты. Бір табын қой мен 10 үйір жылқы бағылады. Әзірге бойдақ малды ет комбинатына тапсырғанымен, алдағы уақытта міндетті түрде өздері өңдеуге көшпек. Ол үшін Америкадан ет өңдейтін құрылғы алдыруды көздеп отыр.

Шаруашылық қаймақ, май, ірімшік, балқытылған ірімшік шығаруда. 2023 жылы шағын цех салынған. Қажетті құрылғылардың барлығы алынған. Бұл мақсатқа 170 миллион теңге қаражат құйыпты. Шаруашылық басшылары мал өнімдерін өңдеудің мәні жоғары екендігін әбден түйсініп отыр. Сүт сауу автоматтандырылған. Сауылған сүт құбыр арқылы өңдейтін цехқа іркіліссіз жеткізіледі. Жаңа жоспардың жүзеге асуы ауыл тұрғындары үшін де тиімді. Алты жаңа жұмыс орны ашылған. Ал дайын өнімді өндіру мүлде қиын емес. Осыдан бірер жыл бұрын бар жұмыс қолмен атқарылған кезде де өз тұтынушысын тауып жататын. Байдалы ауылының малсақ қауымы дайындаған бал татитын өнім жерлестерінің дастарқанын жайнатып тұр.

Алдағы уақытта мұз жамылғысы бар спорт кешенін салмақ. Оның жанында үлкен балалардың ойын алаңдары болады. Қазір шаруашылық басшылары алғашқы тың игерушілер паркін абаттандыру үстінде. Тіпті бұл күнде көзден ғайып болған ДТ тракторы мен үш тонналық жүк машинасын тыңгерлер мінген техника ретінде көрсету үшін сатып алыпты. Несі бар, туған жердің төсіндегі төл тарихымыздың бір парасы да.

Түтіні түзу ұшқан ауылды көріп марқайдық. Бұл игілік – ел қамын ойлаған ерлердің жарғақ құлағы жастыққа тимей еткен еңбектерінің арқасы. Алаш даласындағы бар ауыл дәл осындай кейіпте болса, еркін елдің ертеңі жарқын болар еді.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы