Қазір әлемде халықаралық деңгейдегі беделді жеті олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Аталған білім бәйгелерінде біздің оқушыларымыз жүлде алып, үздік нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, Қазақстанның ұлттық құрама командасы жақында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен IChO-2024 Халықаралық химия олимпиадасында қос алтын, бір күміс және бір қола медаль алып, жоғары нәтиже көрсетті. Одан бөлек, Гонконгте өткен IEO-2024 халықаралық экономика олимпиадасына қатысқан бес оқушымыздың бесеуі де жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін асқақтатты.
Елге жеңіспен оралған оқушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жас дарын иелерінің алдағы уақытта да білімнің биік шыңын бағындыра берулеріне тілектестік білдірді.
«Еліміздің құрама командасы үшінші жыл қатарынан осынау беделді турнирде жоғары нәтижеге қол жеткізгені қуантады. Биыл сіздер екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, білім деңгейлеріңіздің өте жоғары екенін көрсеттіңіздер. Осы арқылы отандық білім беру саласының халықаралық ғылымдағы беделі зор әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдедіңіздер. Бұл ретте ұстаздар мен ата-аналардың сіңірген еңбегі ерен. Сіздердің жеңістеріңіз еліміздің дамуына қызмет ететін кәсіби жетістіктерге ұласатынына сенімдімін», деді Президент.
IChO Халықаралық химия олимпиадасының мақсаты – мектеп оқушыларының бүкіл әлемдегі химия ғылымдарына деген қызығушылығын арттыру. Аталған білім сайысы жыл сайын дәстүрлі түрде жоғары сынып оқушылары арасында өтеді. Биылғы бәсекеге 90 елден 333 бала келген. Айта кетерлігі, әр мемлекеттен әрі кетсе төрт оқушы ғана қатыса алады.
Биыл үздік нәтиже көрсеткен Қазақстан командасының құрамында Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 11-сынып оқушысы Ринат Елеусізов, Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Кирилл Ким, Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Абылай Кабдулхадыр, Ақтау қаласы, «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әділжан Молдағұл бар.
Қазақстан құрама командасының жетекшісі Санжар Бегдайырдың айтуынша, биылғы нәтиже – рекордтық көрсеткіш.
«Сайыс өте тартысты өтті. Есептер әрі қызық, әрі қиын. Айта кетерлігі, еліміз дәл осы Химия олимпиадасынан үш жыл қатарынан алтын медаль алып келеді. «Чемпион болу қиын. Чемпиондықты сақтап қалу одан да қиын» дегендей, биыл да оқушыларымыз ел үмітін ақтап, бірінші орынға ие болды. Ең қуаныштысы, осы жылы біз елге бір емес екі алтын медальмен оралдық. Бұл – он жылдан кейін қайталанып тұрған рекордтық нәтиже. Өйткені алтыннан бөлек, күміске де, қолаға да қол жеткіздік», дейді С.Бегдайыр.
Құрама команда мүшелері Олимпиаданың алдында Оқу-ағарту министрлігінің, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен бірнеше республикалық және халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысып, білімдерін шыңдаған. Содан кейін жүздеген оқушыдан үздік төртеуі іріктеліп, әлемдік додада бақ сынады.
«IChO Халықаралық химия олимпиадасына Қазақстан құрама командасы алғаш рет 1999 жылы қатысты. Содан бері озат оқушыларымыз 10 алтын, 35 күміс, 48 қола және 4 құрмет грамотасына қол жеткізіп, барлығы 97 марапатқа ие болды», дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.
Айта кетейік, халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ақшалай сыйақы төленеді әрі оқушыларды дайындаған тәлімгерлеріне де марапат қарастырылған. Білім бәйгесінің берендеріне мемлекеттік қолдаудан бөлек, қоғам тарапынан да қошемет қажет-ақ. Осы турасында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында біздің жас таланттарымызға қоғамның қолдауы мен мойындауы керектігін жазды.
«Олар әлемдегі ең қиын және ең беделді олимпиадаларда жеңіске жетіп жатыр. Тек кейінгі бес жылда олар әлемдік олимпиадаларда 1 320 медаль жеңіп алды.
Бұл – керемет, таңғажайып жетістіктер. Олар елдің құрметі мен қошеметіне лайық. Егер біз дамыған мемлекет болғымыз келсе, әлемдік интеллектуалды олимпиадаларда өз ақылымен, табандылығымен және еңбегімен жеңіске жеткендерді де іс жүзінде мойындап, қошеметтеуіміз керек. Президент мектеп оқушыларын ерекше қолдап отыр. Жақында біз, депутаттар, осындай балалардың «Болашақ» бағдарламасы бойынша грант алуына мүмкіндік беру үшін жаңа түзетулер енгіздік. Кезінде академиялық адалдық қағидаттарын енгізіп, шынайы мықты балаларды іріктеу жүйесін дамытқанның, оларды қолдап, жүйелі шараларды қабылдағанның негізінде нәтижесін көріп отырмыз. Бұған қоса, жас таланттарымызға қоғамның қолдауы мен мойындауы қажет. Жас зияткерлерімізді қолдайық, спортшыларымыз секілді оларды да мақтан тұтатынымызды білдірейік», деді А.Аймағамбетов.
Сөз басында Химия олимпиадасынан бөлек, оқушыларымыз IEO-2024 халықаралық экономика олимпиадасында да топ жарғанын айтқан едік. Гонконгте өткен байқауға әлемнің 53 елінен 250-ден астам оқушы қатысты. Солардың арасында еліміздің намысын қорғаған бес оқушының барлығы жүлделі болып, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Атап айтсақ, күміс медальға Ақтөбе қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Айдархан Жұбатқан мен Алматы облысы «Дана» мектебінің 10-сынып оқушысы Жәңгір Елжанов ие болды. Ал қола медальға қол жеткізген оқушыларымыз – Алматы қаласы №165 мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы Әлия Мұсаева, Астана қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Томирис Ыдырысбаева, Қарағанды қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан.
Команда жетекшісі Нұрсұлтан Нұрмұхановтың айтуынша, Қазақстан құрамасы былтыр 22-орында болса, биыл 9-орынға көтерілді. Бұл – айқын нәтиже.
«Қатысушылардың бәрі жүлделі болу деген – ол өте сирек кездесетін жағдай. Бұл Олимпиадада 53 елдің тек тоғызы осындай нәтиже көрсетті. Өткен жылмен салыстырсақ, биыл 13 сатыға жоғарыладық. Нақтырақ айтсақ, алдыңғы жылы командалық есепте 22-орынға тұрақтаған едік. Ал биыл 9-орынға көтерілдік. Оқу-жаттығу жиынын наурыз айында бастадық. Мамырға дейін үш кезеңнен тұратын іріктеу өткіздік. Бірінші кезеңге 2000 адам қатысса, екінші айналымға 200 қатысушы өтті. Солардың арасынан үшінші кезеңге тек 45 оқушыны алдық. Қырық бестің өзінен ең мықты деген 10 оқушыны таңдап алдық. Бұл іріктеудің бәрі онлайн болған. Кейін 10 оқушымен жүзбе-жүз кездесіп, бизнес-кейсті шештік. Мінекей, солардың арасынан бесеуі Ұлттық құраманың сапына қосылды. Нәтижесінде, өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл жеңісті жолымыздың бастауы ғана. Бұйырса келесі жылы бұдан да биік жетістікке жетеміз деген ойдамын», деді Н.Нұрмұханов.
Айта кетейік, олимпиада экономика, қаржылық сауаттылық және бизнес-кейс деген үш бағытты қамтыған.
Екінші орын иегері Айдархан Жұбатқанның айтуынша, осындай халықаралық сайыстардан соң, елімізде экономика пәніне қызығушылық артатыны сөзсіз.
«Тапсырмалар теориялық білімді емес, практикалық қабілеттерді тексеруге бағытталған. Сайыстың осы шарты қиын болса да, қызық әрі пайдалы. Осындай жетістіктерден соң, елімізде экономика пәніне көбірек ден қойылады деп ойлаймын», дейді ол.
Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша Қазақстан оқушылары ең үздік халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, ұлттық құраманың қоржыны 424 медальмен толықты. Оның ішінде 50 алтын, 158 күміс, 216 қола медалі бар. Жас дарындардың осынау жетістігі бірнеше жылғы еңбегінің жемісі екені анық.