Деннің саулығы мен ұзақ өмір сүруді ойлаған азаматтар бүгінде дұрыс тамақтану тәсіліне көшкен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әр адам тәулігіне 500 грамм мөлшерінде көкөніс пен жеміс-жидек түрін пайдалануға тиіс екен. Осы орайда елімізде көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтардың да көбейіп келе жатқанын айту орынды. Тұтынушылар талғамына сай адам ағзасына аса пайдалы, дәруменге бай балғын көкөніс өсірумен айналысатын кәсіпорындардың жұмыс ырғағы мен жылдық табыс көрсеткіштері де арта түскен. Соның бірі әрі бірегейі – Талғар ауданындағы «Green Eco» деп аталатын ерекше жылыжай кешені. Мұнда жайқалған жасыл салаттарға қысы-жазы сұраныс жоғары.
Батавия, фризе, базилик сияқты аскөктің 30-дан астам түрін өсіретін компания қазір израильдік үлгідегі суару жүйесін пайдаланып отыр. «Ағымдық гидропоника» деп аталатын бұл әдістің өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы жетіп-артылады. Ал гидропоника дегеннің анықтамасына үңілсек, ол – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі екен.
«Жылыжайды салу кезінде компания директоры Роман Борисович Шнайдерман мамандардың халықаралық тобын шақырды. Дания, Нидерланд және Израиль мамандары келді. Сондықтан біздегі технологияны «микс» деп айтуға болады. Ал ағымдық гидропониканың өзіне келер болсақ, бұл жүйе – Израиль технологиясы. Ерекшелігі – бір қатарда тұрған өсімдіктердің астында құбыр бар. Су құбыр арқылы жоғарыдан төмен қарай жүріп отырады. Сол себепті, ылғал үзілмейді. Осы суару жүйесінің көмегімен бір қатардағы 125 құмыраның барлығын еш қиындықсыз толықтай суарып шығады», дейді «Green Eco» жылыжай кешенінің маркетинг директоры Екатерина Кармышева.
Су ресурсының тапшылығы сезілетін қазіргі уақытта ағымдық гидропониканың маңызы артып тұр. Суды үнемдеумен қатар, өнімділікті еселеуге таптырмас технология. Жылыжайдағы барлық өсімдікті қоректендіретін су арнайы бассейнде тазартылады. Нәтижесінде, бір рет пайдаланылған су қайта өңделіп, жылыжай егістігіне қайтады.
Тағы бір ерекшелігі – жылыжайға қолданылатын су 250 метр тереңдіктегі артезиан суы. Оның тазалығы мен адам ағзасына пайдасы айтпаса да түсінікті. Сүзбелі хауызда жерастынан алынған суды тазартып, кейін құбырлар арқылы жылыжайға жіберілетінін тілге тиек еткен маман, аскөктің 30-дан астам түрі өсірілетін жылыжайға судың жеткілікті келуі маңызды екенін айтады.
«Біздің жылыжайда химиялық қоспа мүлдем қолданылмайды. Өсімдіктер су және қажетті дәрумендермен ғана қоректенеді. Барлығы табиғи, таза қоспалар. «Green Eco» жылыжай кешені ай сайын 500 мың құмыра көкөніс өсіреді. Бұл шамамен 60 мың тонна аскөкке айналады. Таңдайға татымды балғын өсімдіктеріміз еліміздегі 10 шақты қала мен ірі сауда орталықтарының, әлеуметтік дүкендердің сөрелеріне жөнелтіледі», дейді Екатерина Кармышева.
«Green Eco» жылыжай кешенінде Талғар ауданының елді мекендерінен 150-ге жуық адам еңбек етіп, тұрақты нәпақасын тауып отыр. Кәсіпорын басшылығы жергілікті жұртты жұмыспен қамтып, алаңсыз еңбек етуіне қолайлы жағдай да жасап берген. Орташа айлық 120-130 мың теңгеден басталады. Жоғары білімді мамандардың еңбекақысы біліктілігі мен жұмыс өтіліне қарай өсіп отырады.
«Green Eco» жылыжай кешенінде «шағын көкөніс технологиясы» деген әдіспен аскөк өсіру жолға қойылған. Мұнда көкөністер күн нұрымен өсіріледі. Бұл жерде 10-нан аса өсімдік түрі бар. «Шағын көкөніс технологиясымен» отырғызылған өсімдік 10-12 күн аралығында өсіп, дайын болады. Одан кейін дүкендерге жіберіледі.
Тақырыпқа тұздық болған «Green Eco» – басқа жылыжайлардан заманауи деңгейде жабдықталуымен, жұмыс үдерісінің автоматтандырылуымен ерекшеленеді. Жылыжайда жыл бойына жаңа технологиялар арқылы адам денсаулығын нығайтып, иммундық жүйесін жақсартуға аса пайдалы салаттық көк шөптер мен дәмдеуіштер өсіріледі. Жылына 4 млн байлам салаттық шөптер өсіре алатын жылыжайда жұмыс ырғағы қалыпты жолға қойылған.
Сондай-ақ жылыжай өндірісін дамытуға ынталы кәсіп иелерімен әріптестік байланыста жұмыс жасап, бұл бағытта танымдық турлар өткізу дәстүрге айналған. Әсіресе мектеп оқушылары мен студент-жастар жиі келіп, көкөніс өсірудің қыр-сырымен танысып, дұрыс тамақтанудың маңыздылығы жөнінде де хабардар болып келеді.
Алматы облысы,
Талғар ауданы