• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 22 Тамыз, 2024

Сертіне берік сарбаздар

72 рет
көрсетілді

Адам баласы үшін ата-ананың қолдауы секілді қиын сәтте демеу болар дос­тық та ауадай қажет. Тай-құлындай тебісіп, бала кезден бірге өскен Абылай Дінәсілов пен Рахат Усманалиев – сыйластық пен түсіністікті ту ете біл­ген адал достар. Тіпті екі дос Отан алдындағы борышын да бір бөлімде өтеп жүр.

Алматы қаласындағы 5571 әске­ри бөлімінің қатардағы қос жауын­ге­рі – Шым­кент қала­сы­ның тума­лары. Мектептен бері ажы­ра­мас дос­тар жо­ғары оқу орнына да бір­ге түседі. «Әске­ри қызмет – әрбір ер-аза­маттың Отан алдын­да­ғы борышы» деп санайтын олар он сегізге тола салысымен, оқуларын уақыт­ша тоқтатып Кеңес Одағының батыры, гвар­дия полковнигі Бауыржан Момыш­ұлы атындағы 5571 әскери бөлі­міне түседі. Қызығы, қатардағы қос жауын­гер бір уақытта бірінші жедел мақсат­тағы батальонға бірінші ротаға тап болады. Қызмет кезінде де ең алғашқы жасаққа да бірге түскен. Бір қалада өсіп, бір әскери бөлімге түскен достардың еске алар қызықты сәттері көп.

– Біздің басымыздан өткен қызықтар ең алғашқы оқу-жаттығу кезінен бастау алды. Осы жерге келіп достығымыз одан сайын нығая түсті. Бір рота болғаннан кейін күн сайын уақытты бірге өткіземіз. Кәдімгі бір үйдің баласындай етене жақын араласып кеттік. Уақытты да өте пайдалы әрі қызықты өткізуге тырысып жүрміз. Әсіресе әскердегі естеліктер бізге өте қызық, өзімізге қатты ұнап жүр. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүргеннен кейін уақыттың қалай тез өтіп жатқанын аңғармай да қалдық. Әскерге келгенімізге де тоғыз айдан асыпты. Са­нау­лы күндерден кейін үй-ішімізбен, ағайын-туғанмен қайта қауышамыз, – дейді қатардағы Рахат Усманалиев.

«Рахаттың адамгершілік қасиетіне әр­қа­шан тәнтімін. Ол өте ақылды. Кез келген қадамды ақылға салып таразылайды. Ақ­көңіл, жанашыр досымның барына мақ­танамын. Сондықтан өз ортамызда абыройлы. Көңіліме ең жақын тартқан қасиеті – берген уәдесінде әрқашан тұра­ты­ны. Әскери өмірімізде де сенімге селкеу түсір­мейтін қасиеті де көп көмегін тигізіп келеді. Достықтың дәнегі сенім мен сый­лас­тықта жатыр. Ақтық демім қалғанша адал дос болуға, кез келген жағдайда көмек беру­ге дайынмын», деп ағынан жарылды Абылай Дінәсілов.

Әскери өмірде қосақтасып жүрген дос­тар «сарбаз болу шыдамдылықты, төзім­­ділікті үйретті» дейді. Отан алдын­дағы жауап­кершілікті сезінген олар бұрын отбасының атына кір келтірмеуді ойласа, қазір халықтың баласы атанып, ел­дің атына сызат түсірмеуге серттескен. Сенім мен бірлікті ту ете білген қос сар­баздың серттерінде тұрып, сенімге селкеу түсір­ме­сіне кепілдік мол. Біз де айнымас адал достықтары мәңгі болып, абыройлы қызмет атқаратын адал азамат болуын тіледік.