Бүгінде кез келген көзі ашық адам медициналық мекемелердің дертті дер кезінде анықтап, емдеу мақсатында тұрғындарды жасына қарай жоспарлы тексеруден өткізіп, скрининг жүргізіп жататынын біледі. Бастапқыда тосындау естілсе де, бұл терминдерге жұрттың құлағы үйрене бастады. Алайда мұндай жоспарлы шара туралы жұрттың бәрі хабардар дей алмаймыз. Ақиқатына келгенде, бұл – емдеу мекемелерінің насихат жұмысын қаншалықты ықыласпен, ал халықтың өз денсаулығына қаншалықты ыждағатты қарайтынына байланысты. Бірақ нәтижесі де жоқ емес.
Мәселен, биыл 1-3 тамыз аралығында еліміздегі онкологиялық орталықтарда өкпе ісігінің алдын алу бағытында Aшық есік күндері өтіп, алғашқы тексерілуде 68 адам қатерлі ісікке шалдықты деген күдікке ілінді. Ендігі жерде диагнозды түпкілікті растау үшін олар әрі қарай тереңірек диагностикаға жіберілетіні аян. Жалпы, акция барысында Қазақстанның онкологиялық орталықтарында 2 897 науқас онкологтердің кеңесін алды. Бұл бастама Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес күніне орай қолға алынған еді. Сондықтан Ашық есік күндерінде онкологтің кеңесі қажет болған жағдайда өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясы (НДКТ) барлық азамат үшін тегін болды.
Сондай-ақ тексерулер барысында 83 ісікалды аурулары мен өзге де 712 кесел түрі анықталып, 836 КТ, УДЗ, биопсия сынды зерттеу мен талдаулар жүргізілді. Бұл іс-шаралар бір-бірімен байланысты болғандықтан, медицина қызметкерлері үшін 13 оқыту вебинары, медициналық ұйымдарда 297 лекция мен семинарлар өткізілген. Білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында 170 әңгімелесу мен дәріс жүргізілді.
Орайы келіп тұрғанда, өкпенің қатерлі ісігі елімізде белең алған онкологиялық дерттердің қатарына жататынын, жыл сайын шамамен 3 500 адамда обырдың осы түрі табылатынын айта кеткен жөн. Өкпе қатерлі ісігінің қозуына бірінші кезекте темекі шегу себеп болады. Бұл фактор шамамен 90%-ды құрайтындықтан, отандық онкологтер 45-69 жас аралығындағы шылымқорларға жыл сайын өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясы тексеруінен өтіп тұруға кеңес береді. Бұл әдіс қатерлі ісікті асқындырмай анықтауға, одан әрі қарай тиімді ем-дом жүргізуге жол ашып, науқастың тез қалпына келу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Таяуда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов пен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына (ҚазОРҒЗИ) келді. Сапар барысында еліміздегі жетекші ғылыми-медициналық, ұйымдастыру-әдістемелік онкологиялық орталықтың басшысы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова атқарылып жатқан жұмыстарды алға тартып, институт ізденістері туралы баяндады.
ҚазОРҒЗИ басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы еліміздегі онкологиялық көмектің сапасы жақсарып, ел азаматтарына заманауи диагностика мен емдеу әдістерінің қолжетімділігі артып жатқанын атап өтті. Мысалы, 2023 жылдың күзінде ҚазОРҒЗИ-да қатерлі ісіктеріне жоғары технологиялық операцияларды жасауға арналған StealtStation S8 Premium нейронавигациялық жүйесі пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Ethos сәулелік терапия кешенін және Siemens SOMATOM go.Sim компьютерлік томографын орнату жұмыстары аяқталып қалды. Жаңа құрал-жабдықтың жоғары дәлдігі мен бейімделгіштігі арқылы ем-дом шаралары жылдамдатылып, науқастар бұрынғыдай ұзақ күтпейді. Бұған қоса пациенттерді сәулелік терапиямен қамту ұлғайып, медициналық мекемелерге түсетін жүктемені азайтады.
Сол сияқты құны 19,8 млрд теңгені құрайтын «QH онкологиялық қызметтерді жабдықтау бойынша дамыту» қайырымдылық жобасы аясында Алматы, Астана қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай облыстарында онкологиялық орталықтарға озық заманауи жүйелерді сатып алып, орнату жоспарланып жатыр.
АЛМАТЫ