Тамыздың соңы қашан да қарбаласқа толы. Ата-ана мектепке баратын баласының керек-жарағын түгендесе, қала билігіне білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау, оқушыларды тасу, тамақтандыру, халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) қарайласу сынды кешенді мәселелерді реттеуге тура келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жаңа оқу жылының басталуына қатысты жылдағыдай БАҚ тарапынан туындайтын барлық сауалға жауап берді.
Партаға 308 519 оқушы отырады
Биыл Алматыда 1-сыныпқа 27 490 бала баратыны белгілі болып отыр, бірақ қабылдау 31 тамызға дейін жалғасатындықтан, жаңадан мектеп табалдырығын аттайтындар саны 28 мыңнан асады болады деген болжам бар.
Алматыда жаңа оқу жылына дайындық аяқталып келеді. Биыл 308 519 оқушы жаңа оқу жылын бастайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға көп.
«Кейінгі 3 жылда алғаш рет бірінші сынып оқушылары санының төмендегені байқалды, өткен жылмен салыстырғанда 4 мың балаға аз. Жалпы, 30 8519 бала мектеп партасына отырады», деді Әсем Нүсіпова.
Сонымен балалар мектептен түгел табылуы үшін 1 тамызда жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы басталып, 55 мың теңге көлемінде 12 684 мұқтаж бала қаржылай көмек алды. Мұқтаж отбасынан шыққан оқушыларға қолұшын беруді көздейтін бұл бастама «Жалпыға бірдей білім беру» қорының, демеушілер мен меценаттардың, бюджет қаражаты есебінен жүзеге асады.
Осы орайда Алматы қаласы әкімінің орынбасары биыл жергілікті бюджеттен «Жалпыға бірдей білім беру қорына» 1,6 млрд теңге бөлінгенін, мектеп формасы, спорттық киімдер мен кеңсе тауарларын сатып алуға 697 млн теңге қарастырылғанын атап өтті.
«Мектеп автобусы» жобасы жалғасады
Сонымен қатар жаңа оқу жылында былтыр 30 мемлекеттік мектептен бастау алған «Мектеп автобусы» жобасын жүзеге асыру жалғасады.
«2023 жылы 100 автобус сатып алынып, 8 мыңнан астам баланы тасыған еді. Биыл 6 мыңнан астам баланы қамтитын 23 мектепке тағы 100 автобус сатып алу жоспарланып жатыр. Осылайша, жаңа оқу жылында 14 мыңнан астам баланы 200 автобуспен тасымалдау ұйымдастырылады. Бұған барлығы 2,5 млрд теңге бөлінді», деді Ә.Нүсіпова.
Жалпы, мегаполистегі мектеп автобустары жаңа оқу жылында 14 мыңнан астам баланы тасымалдайды «Мектеп автобусы» жобасы Алматыда кеңейе түспек. Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жаңа оқу жылында 200 автобус күнделікті 14 мыңнан астам оқушыны тасымалдайтынын айтады. Бұл жоба былтыр басталған. Ол кезде 6,1 млрд теңгеге жоғарыдағы 100 автобус сатып алынса, биыл 6 мыңнан астам баланы қамтитын 23 мектепке тағы 100 автобус сатып алынып жатыр. «Бұл – балалардың қауіпсіздігін арттыруға және жол кептелісін азайтуға бағытталған маңызды жоба», деп атап өтті Ә.Нүсіпова. Бір сөзбен айтқанда, балаларды мектепке тасуға 2,5 млрд теңге бөлінді.
Меценаттар 5010 балаға көмек көрсетті
Әңгіме бала, оның келешегі мен білімі болып тұрғанда, оқушыларды дұрыс тамақтандыру мәселесінен аттап өте алмаймыз.
«Биыл ХӘОТ санатындағы 1-4-сыныптар мен 5-11-сынып балаларын тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджетте 16,5 млрд теңге қарастырылған. 133 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланған. Оқушылардың күнделікті тамағының бағасы орта есеппен – 840 теңге, бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш», дейді қала әкімінің орынбасары.
Білім басқармасының мәліметінше, Алматыда барлығы 337 мектеп бар, оның 215-і мемлекеттік және 122-сі жекеменшік. Өткен оқу жылында оларда 336 486 бала білім алды. Бүгінгі таңда мегаполисте мектеп формасын, аяқкиімді, спорттық киімді, кеңсе тауарларын сатып алуға 55 мың теңгеден 12 684 мұқтаж бала қаржылай көмек алған.
Сонымен қатар демеушілер мен меценаттар тарапынан көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 1 тамызда ХӘОТ санатындағы балаларды мектеп формасымен және керек-жарақтарымен қамтамасыз ету бойынша дәстүрлі жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Науқан 30 қыркүйекке дейін жалғасады.Осылайша, демеушілер мен меценаттар есебінен жалпы сомасы 275 млн теңгеге 5010 балаға көмек көрсетіліп отыр. Сол сияқты Алматыда 133 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылында тегін тамақтанатынын айрықша атап өткен жөн. Ол үшін жергілікті бюджеттен 16,5 млрд теңге бөлінген.
«Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар тегін тамақтандырылып, бұл орайда 1-11-сынып оқушылары түгел қамтылады», дейді Ә.Нүсіпова.
Қала әкімінің орынбасары мектепте теңшелген тамақ беру мәселесі безбенге салынып, өсіп келе жатқан жеткіншектердің денсаулығына пайдалылығы қаперде ұсталғаны ұмыт қалмағанын атап өтті.
Құрылыс жұмысы қарқын алды
Алматыда жыл соңына дейін 32,8 мың орны бар 20 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов мәлімдеп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында қалада 36,8 мың орынға шақталған 22 мектеп салу жоспарланғанын атады.
Биыл жыл соңына дейін 32,8 мың орындық 20 мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланса, 4 мың орынға есептелген қалған екі мектеп 2025 жылы аяқталып, ашылады.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы жүргізіліп жатқан 23 100 орындық 13 мектептің құрылысына ерекше назар аударылады. Олардың ішінде 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін «Dial-Stroy» шағын ауданында 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. 2024 жылдың қазан айында «Теректі» шағын ауданында 2 мың орындық мектеп ашу көзделініп отыр», деді басқарма басшысы.
Алдағы қарашада 4 500 орындық үш мектеп: Розыбакиев –Левитан көшесі бойындағы мектеп, Райымбек даңғылы бойындағы «Нұрлы дала» ТК ауданындағы және Ақбұлақ шағын ауданындағы №154 мектеп құрылыстары аяқталады деп күтіліп отыр.
Жылдың соңына дейін 15 мың орындық 8 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Олардың арасында «Қарасу», «Самғау», «Шұғыла», «Құрамыс» шағын аудандары, сонымен қатар Егізбаев, Сәбденов көшелеріндегі және басқалары бар.
Сондай-ақ 11 700 орынға есептелген 8 мектеп құрылысын жеке инвесторлар жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда «Шұғыла» шағын ауданында 1 200 орындық бір мектептің құрылысы аяқталды. «Алғабас» шағын ауданында 2 мың орындық мектеп салу мемлекеттік жекеше әріптестік шеңберінде жоспарланса, бұл жоба бойынша жұмыстар алдағы қазан айында басталады. Құрылыс 2025 жылдың желтоқсанында аяқталуға тиіс.
Ағымдағы жөндеу аясында, биыл 180 мемлекеттік мектепке жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланған. Биылғы 19 тамыздағы мәлімет бойынша 169 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталып, қалған 11 мектепте жөндеу жұмыстарын 25 тамызға дейін бітіру межеленген.
Үдеден шықпаған үш нысан
«Қазіргі таңда қаладағы 13 мемлекеттік мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 4 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталды, ал қалғандарында 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Өкінішке қарай, үш проблемалық нысан бар, бұларда жұмыстар кешіктіріліп, жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзім үдесінен шыға алмайтыны көрініп отыр. Олардың ішінде 2023 жылдың ақпан айында басталған №9 мектеп және 2023 жылдың қыркүйегінде қайта жөндеу жұмыстары басталған №59 мектеп бар», деп атап өтті С.Сайфеденов.
Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен әрқайсысы 550 орындық екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың бірін биылғы қыркүйектің соңына қарай «Саялы-2» шағын ауданында аяқтау жоспарланса, екінші мектеп «Зерделі» шағын ауданында бой көтереді.
АЛМАТЫ