• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Тамыз, 2024

Паралимпиада құрамасының мүшелерімен кездесті

77 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев Францияға сапары барысында Ұлттық паралимпиада құрамасының мүшелерімен, жаттықтырушылармен кездесті. Сондай-ақ Палата спикері Азия паралимпиада комитетінің президенті Мажид Рашидпен және Халықаралық бочча спорт федерациясының президенті Джон Морганмен екіжақты кездесулер өткізді. Онда паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту келешегі талқыланды.

Мәулен Әшімбаев пара­лимпиадашылармен кез­десуде жеңіс жолында табан­дылық танытып, дүбірлі додаға жолдама жеңіп алудың өзі үлкен жетістік екенін айтып, атлеттерге алғыс білдірді. Қазақстан бочча федерациясының президенті параспортшылардың ерік-жігері мен қажыр-қайраты жас буын үшін қашанда үлгі болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға баса мән беріліп отырғанына назар аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның аясында Астанада паралимпиадалық жаттығу орталығы салынды. Еліміздің барлық өңірінде арнайы спорт клубтары мен мектептер жұмыс істейді. Осындай игі істің нәтижесінде қазіргі таңда ұлттық паралимпиада­лық құрамаға мүше спортшылар қатары мыңға жуықтады. Паралимпиада жолдамаларының саны да тұрақты түрде артып келеді. Ал елде параспортпен айналысатын азаматтардың жалпы саны 60 мыңға жетті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сіздерге жылы лебізі мен сәлемін жолдады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат аясында параспортшыларды қолдау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Паралимпиада ойындары – жай жарыс қана емес. Бұл жерде қайсар рух, қажымас қайрат және мұқалмас жігер салтанат құрады. Сіздер табандылық пен төзімділік таныту арқылы тосқауылдар санамызда ғана болатынын, өзіне сенімді, көздеген мақсатқа жету жолында аянбай тер төгетіндер үшін ешқандай кедергі жоқ екенін дәлелдедіңіздер. Түрлі сынақты еңсеріп, үлкен нәтижелерге қол жеткізген сіздердің әрқайсыңыз – біз үшін нағыз чемпионсыздар. Ұлттық құрамамыз Париж паралимпиадасына 33 жолдама жеңіп алды. Бұл – бүкіл жаттықтырушылар штабының да еселі еңбегінің жемісі. Алғаш рет параканоэ мен пара үстел теннисінен жолдамаға ие болдық. Мұның өзі жаттықтырушылардың табандылығы мен кәсіби біліктілігінің айқын дәлелі екені сөзсіз. Қазір от­басы­ларың және до­старыңмен бірге сіздерге барша қазақ­стандық тілекші болып отыр. Бүкіл Қазақ елі сіздерге жанкүйер. Сондықтан намысты қолдан бермей, жеңіске жетесіздер деп сенеміз. Баршаңызға сәттілік тілейміз. Париж төрінде көк байрағымыз биікте желбіресін!», деді Мәулен Әшімбаев.

Халықаралық бочча спорт федерациясының пре­зиденті Джон Морганмен кез­десуде Мәулен Әшімбаев халықаралық және қазақ­стандық бочча феде­рация­ларының ынтымақ­тасты­ғын нығайту болашағына тоқталды. Сондай-ақ сұхбат кезінде келесі жылы Астанада өтетін боччадан халықаралық жарыстардың маңызы сөз болды. Бұл додалар іріктеу сайысы екенін атап өткен жөн. Сондықтан оған қатыс­қан спортшылардың нәтиже­л­ері әлемдік рейтингте көрсетіледі.

«Біздің Халықаралық бочча спорт федерациясымен ынтымақтастығымыз Қазақстанда аталған пара­лимпиадалық спортты дамыту жолында айрық­ша маңызға ие. Осы ретте Астанада World Boccia Challenger 2025 чемпионатын өткізуге қолдау көрсеткені үшін Халықаралық бочча спорт федерациясына алғысымызды білдіреміз. Мұндай жарыс біздің елде ғана емес, сондай-ақ Орта­лық Азияда боччаны дамы­туға және инклюзия құнды­лықтарын дәріптеуге ықпал ететіні анық», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы боччамен шұ­ғылда­натын отан­дық спорт­шы­лардың жетістіктерін тілге тиек етіп, Федерацияның алдағы жылға арналған жос­парына тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан бочча федерациясының 2021 жылы құрылғаны, қазіргі таңда 10 өңірлік филиал жұмыс істейтіні сөз болды. Бүгінде боччадан ұлттық құрамада 41 спортшы бар. Олар – халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүрген атлеттер.

Джон Морган Қазақстан федерациясы атқарып отырған ауқымды жұмыстың тиімділігіне назар аударып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ осы күні Мәулен Әшімбаев Азия паралимпиа­да комитетінің президенті Маджид Рашидпен кездесті. Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылап, Орталық Азия өңірінде паралимпиадалық қозғалысты дамытуға қатыс­ты пікір алмасты.

Париж паралимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасынан алғаш болып паратаэквондошы Милана Красавцева жарыс жолына шықты. Ол К44 сайысы бойынша 52 кило салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 1/8 финалда доминикандық спортшыны жеңді. Қазақ­стандық делегация отандасы­мыздың жекпе-жегіне арнайы барып, қолдау көрсетті.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік таэк­вондо федерациясының президенті Чунг Вон Чомен кездесті.