Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бақ сынайтын ұлттық құрама мүшелері қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Этноспорт додасында сайысқа түсетін спортшылардың дайындығын БАҚ өкілдері де бағамдап қайтты.
Алтын медальдан үміт зор
2014 жылдан бері жүлгесі үзілмей ұйымдастырылып келе жатқан көшпелілер ойындары қазақ даласында тұңғыш реті өткелі отыр. Дүйім елдің дидарын өзіне қарататын ұлттық спорт түрлерінен тартысқа түсетін саңлақтардың әзірлігі жақсы.
Көшпелілер ойындарының инфрақұрылымын күшейту мақсатында күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жаңғыртылған «Қазанат» ипподромында жаттығуды пысықтап жатқан спортшылармен тілдесудің сәті түсті. Аударыспақтан додаға кіретін балуандар аянып қалмайтынын жеткізді. Ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев физикалық әлеуетті арттырып қана қоймай, қарсыластарды зерттеп, тактикалық дайындыққа да басымдық берілетінін атап өтті.
«Астана қаласына ертерек келіп, аттарымызды да жерсіндіріп, жігіттердің де ауа райына бой үйретуіне мүмкіндік туды. Ел ішіндегі біріншілікте іріктеуден өтіп, ептілігі мен мықтылығын көрсеткен үздіктер ат үстінде тартысқа түседі. Елімізде өтетін аламанда мерейіміз үстем болса дейміз. Қарсыластардың да осалы жоқ. Мысалы, Моңғолия құрамасының сапында қазақ жігіттері бар. Бұл азаматтар аударыспақтан Азия чемпионатында олжа салды. Қырғызстан ұлттық құрамасындағы балуандар да тегеурінді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында чемпион атанған үздіктері қатысады. Біздің жігіттер де осал емес. Бұған дейін де байрақты додаларға қосылып, әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған үздіктерімізге сенім артамыз. Негізгі күшті тактикалық дайындыққа салып отырмыз. Көкпар ойынына ат табу жеңіл, ал аударыспаққа мінетін атты таңдауда тығырыққа тірелеміз. Себебі мінетін аттың мінезі шақар болмауы керек. Әрі белді келгені дұрыс, өйткені қарсыластың атымен қағысып, тірескенде жығылып қалса да, жеңіліс спортшыға жазылады. Ел чемпионатында балуандар мінген аттардың арасынан сұрыптап, ұлттық құраманың мүшелеріне арғымақтарды жасақтадық. Енді тек қателікке бой алдырмай балуандарымыз барын салуға тиіс. Бұған дейін де бірнеше мәрте оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шеберлігімізді шыңдадық. Алты салмақ дәрежесінде сынға түсетін балуандар кемінде 4 алтын медаль олжалайтынына сенімдімін», деді бас бапкер.
2016 жылы Қырғызстанда өткен ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 90 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанған Сырым Ізбасаров Астана төріндегі аламанға 100 кг салмақта қатыспақ. Тәжірибелі балуан елорда төрінде өтетін додада сол биіктен көрінуді межелеп отыр.
«Біз наурыз айынан бастап бесінші мәрте оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұған дейін екі рет көшпелілер ойындарына қатысып, күшімді сынап көрдім. Бір мәрте чемпион атандым, екінші рет алтын медаль бұйырмады. Аударыспақ ат үстіндегі белдесу болғандықтан, өзіңнің қара күшіңе ғана емес, астыңдағы арғымақтың қайратына да үміт артасың. Себебі тірескенде, ырғасып қақтығысқанда белді ат болмаса кез келген жылқы шыдас бермейді. Жамбыл облысының Меркі ауданынан әкелген Ақорда есімді тұлпармен сынға түсемін. Аттың мінезі жайлы, ырқыңа көніп, қандай жаттығу жүктесең де тартынбайды. Жылдан-жылға даңқы артып, беделі өсіп келе жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында топ жару – әр балуанның арманы. Мен де жанкүйерлер алдында намысты қолдан бермеуге ұмтыламын. Аударыспақ спортымен шұғылданып жүргеніме 16 жылдың жүзі. Қазақстан чемпионатында 13 рет жеңіске жеттім, Азия чемпионатында үш рет бағым жанып, чемпион атандым. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль бұйырды. Әлем чемпионатының алтыны да қанжығамда. 2017 жылы ЭКСПО аясында өткен халықаралық турнирде топ жардым. Қуанарлығы, кейінгі жылдары аударыспақ ойынына жастардың қызығушылығы артып келеді. Ертеректе ел біріншілігі 5 салмақ дәрежесінде өткенде 4 алтын медаль Түркістан облысының балуандарына бұйыратын. Ал бүгінде Қазақстан біріншілігі 9 салмақ бойынша өтіп, әр салмақта бірнеше облыстың балуандары бас бәйгеде лайықты қарсылық танытатын деңгейге жетті. Осыдан да аударыспақ спортының өркен жайып келе жатқанын аңғарамыз», дейді С.Ізбасаров.
Аударыспақтан екі дүркін әлем чемпионы Дарын Өткелбайдың да арманы –Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының чемпионы атану.
«Аударыспақтан Қырғызстанда өткен әлем чемпионатына қатысқанда жастар арасынан ересектер сапына жаңа қосылған едім. Үміттен күдік басым болды, бірақ сәтін салып алтын медаль бұйырды. Одан кейін Татарстанда өткен әлем чемпионатында да мерейім үстем түсті. Басты қарсыласым – қырғыз балуаны. Өзінің мініп шығатын аты да есті жануар, иесінің ығына көнеді. Десе де әлем чемпионатының финалында осы мықтыдан басым түстім. Оның қалай күресетінін, әдіс-тәсілін білемін. Аударыспақ жердегі белдесуден де ауыр. Себебі астыңдағы атыңның қайраты көп жайтқа әсер етеді. Жаттығу барысында Семсер деген арғымақты тізгіндеп жүрмін, ал көшпелілер ойындарының сайысына Ақорда есімді ақбоз атты мінемін», деген Дарын этноспорт додасына алғаш қатысатындықтан, қобалжып жүргенін де жасырмады.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындары 2018 жылы да Қырғызстанда өтті. Осы сында балуандар аударыспақтан 5 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өкінішке қарай, біздің жігіттерге алтын медаль бұйырған жоқ. Біржан Қосалиев Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының екі дүркін чемпионы деген атаққа қол созым қалғанда сүрінді. 2016 жылы чемпион болған балуан 2018 жылы да сол биігінен көрінуге ұмтылған, бірақ астындағы аты әлсіздік танытып, күміс жүлдені місе тұтты.
«2018 жылы финалдық айқасқа дейін барлық қарсыласты еркін еңсеріп едім. Бірақ қырғызстандық балуанмен белдесуде атым сүрініп құлады да, жеңіліс таптым. Аударыспаққа мінетін атыңның ептілігі мен күштілігі үлкен рөл ойнайды. Ереже бойынша атың сүрініп, жығылса да, жеңілесің. Сондықтан финалға дейін жаттығуда мініп жүрген аттарымызды тізгіндейміз. Егер алтын үшін белдесуде қырғыз балуандарымен тоқайлассақ, онда міндетті түрде Ақорда арғымағын мініп шығамыз. Себебі жаттығуға мініп жүрген астымдағы Сүлікқара ақбоз атқа қарағанда әлсіздеу, қарсыластың арғымағы омыраулап қағатын болса, табандап тегеурінділік таныта алмайды. 2018 жылы өткен көшпелілер ойындарының финалында осы атпен шығып әлсіздік танытты», дейді Біржан.
Балуан өзінің оң жамбасына келетін әдісі қарсыластың белбеуінен қос қолдай қапсыра ұстап аудару екенін айтады. Біржанның да еншісінде Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының 1 алтын, 1 күміс медалі бар.
Теңге ілуден топ бастайтын жігіттер
Ұлттық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев қорытынды оқу-жаттығу жиынында спортшылардың психологиялық дайындығына да ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.
«27 тамыздан басталған әзірлік 7 қыркүйекте аяқталады. Теңге ілу спорты бойынша тамыз айында ұлттық құрама мүшелерін жасақтауға арнайы іріктеу турнирін өткізіп, көшпелілер ойындарына қатысатын үздіктерді анықтадық. Атап айтқанда, шымкенттік Рахат Қамбаров пен Бақыт Төлтай және батысқазақстандық Бекнұр Серіковке сенім артамыз. Ұлттық ат спорты түрлері – көкпар, көкбөрі, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуге қосылатын арғымақтардың да бабын жіті қадағалаймыз. Ветеринар дәрігерлер де арғымақтардың денсаулығын жіті бақылауда, атбегілер жүйріктің сынын бағамдап отыр. Жергілікті жердің шөбіне, суына үйренісуі де жеңіл соқпайды. Бұған дейінгі оқу-жаттығуды Алматы облысында өткізген құрама мүшелерінің бірден салқынға келуі де айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан да ат үстіндегі сайысқа қатысатын спортшылар да ерте қамданып, елордаға келді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының елімізде өтуі – зор мақтаныш. Осынау айтулы додада «не бел, не белбеу кетер» деп аянып қалмауға ұмтыламыз», деді мемлекеттік жаттықтырушы.
Теңге ілуден спортшылар «бес белес», «қос құлаш» және «жеті құт» түрлері бойынша сынға түседі. «Бес белеске» қатысушылар 35 секунд ішінде барлық теңгені іліп алып лақтыруға тиіс. Әр қатысушыға екі мүмкіндік беріледі, сол кезеңде аттың шабысы мен спортшының ептілігі есептеледі. Финалдық сайысқа қатысушылардың жартысы өтеді. Ол кезде түйіншек саны бесеу емес, жетеуге жетеді. Іріктеуде қатысушылар 5 түйіншекті 75 метр қашықтықты шауып өтіп ілсе, финалда 7 түйіншекті 65 метр аралықта еңкейіп ілуге тиіс. «Қос құлаштың» да тәртібі мен ережесі күрделі. Мұнда астыңдағы атыңның жуастығы һәм жүйріктігі сыналады. Аттың қос қапталына алма-кезек еңкейіп теңгені ілуге ептілік керек. Екі мүмкіндігін пайдаланған қатысушының жалпы көрсеткіші есептеледі. «Жеті құт» сынағында да шабандоздар екі мүмкіндікте бағын сынайды. Бұл сынның іріктеуінде шабандоздан 35 секунд ішінде 5 түйіншекті ілсе, финалда 7 түйіншекті ілуі керек.
Спортшы аттан жығылса немесе ат жарыс жолынан шығып кетсе, спортшыға қайтадан шауып өту мүмкіндігі беріледі. Аты шығандап кеткен спортшы арнайы белгіленген орынға оралуға міндетті. Қатысушыларға төрешілермен дауласуға қатаң тыйым салынады. Дауласқан жағдайда спортшы ескерту алады, егер төрешіні балағаттаса, дөрекілік танытса, жарыстан шеттетіледі.
Теңге ілушілер арасында үш бірдей стильде озық шыққан саңлақтар бірен-саран ғана. Соның бірі – Рахат Қамбаров. Теңге ілуден ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Нұржан Әбілқасымов дүбірлі додада Рахаттан өзге шәкірттері топ жаруы мүмкін екенін айтты. Білікті маман Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін теңге ілушілердің әбжіл екенін, алтын алудан олардың да үміті зор дейді.