• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 05 Қыркүйек, 2024

Сессия жұмысына сенім жоғары

69 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалық етуімен өткен палатаның жалпы отырысында 8 қаулы мен 2 заң жобасы қаралып, мақұлданды. Оның ішінде тұтынушылар құқығын қорғау, салық пен республикалық маңызы бар қалаларды дамытуға байланысты құжаттар да бар. Сондай-ақ аймақ халқының айтарына құлақ түрген депутаттардың да Үкіметке жолдаған сауалы аз болмады.

Атқаратын шаруа көп

Президент Жолдауында депутаттық корпустың белсенді жұмысы ерекше атап өтілгенін тағы бір рет еске салған Палата спикері жаңа сессияда да атқаратын шаруа шашетектен екенін жеткізді. Өйткені бірқатар тапсырма тікелей депутаттарға арналғанын айта келіп: «Бұл Президенттің көп­теген мәселелерде депутаттық корпус­қа арқа сүйеп, сенім артатынын көр­сетеді. Сонымен бірге Мемлекет бас­шысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының дұрыстығын әрі пәрменділігін дәлелдейді. Жолдауда айтылған көптеген мәселе заңна­ма­лық тұрғыдан қолдауды талап ететі­нін көріп отырмыз. Мәселен, қолданыс­тағы «Банктер туралы» заң 1995 жылы қабылданған. Бүгінгі күннің талаптарына толық сай келмейді. Сондықтан біз банктер туралы жаңа заң қабылдауы­мыз керек. Сонымен қатар алдымызда еліміздің салық жүйесін қайта електен өткізу міндеті тұр. Президент Салық кодексін қабылдау мерзімін келер жылға ұзартты. Бұл шешім асығыстық танытпай, кодексті мұқият қарауға мүмкіндік берді. Ең бастысы, кодексті сарапшылармен, мамандармен, кәсіпкерлермен бірге тағы да жан-жақты пысықтай аламыз. Салық кодексі экономикалық тұр­ғыдан белсенді азаматтардың барлы­ғына түсінікті болуы керек. Осы кодекс бойынша алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оған барлық депутат, барлық фракция атсалысуы қажет», деді.

Бұдан басқа, Мәжіліс төрағасы Пре­зи­денттің «Экономиканы ырықтан­дыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясындағы жұмыс жал­ғасын табатынына тоқталды. Оның айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қабылдау кезінде бұл мәселе жан-жақты талқыланған. Енді осы тақырыпқа қайта оралатын кез келгенін жеткізіп, мемлекеттік кәсіпорындарды басқарудың оңтайлы саясатын заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігін алға тартты.

«Осы сессияда біз активтерді қайтару бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмысты жалғастырамыз. Қайтарылған қаражат та, активтер де ел халқының игілігіне жұмыс істеуі қажет. Бұл үшін ел экономикасына қаражат салу – капиталға амнистия жасаудың міндетті шарты болуға тиіс. Бұл – Президенттің берік ұстанымы, біз оны нормативті түрде бекітуіміз керек», дейді Е.Қошанов. Сондай-ақ ол Жолдаудың басым бөлігі қоғамның нақты қажеттілігі мен сұраныстарына негізделгенін атап өтті.

«Біз өңірлерде халықпен кездес­тік. Пре­зидент айтқан мәселелер жұрт­шы­лықты толғандырып жүргенін біле­міз. Соның ішінде кейінгі жыл­дары жол апаттарының артуы, соның салдарынан адамдардың опат болуы алаңдатпай қоймайды. Әскер қатарында жарғыға сай келмейтін заңсыздықтардың жиілеп кетуі халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Заңнаманы қатаңдатқанымызға қарамастан, халық арасында есірткі тұтыну әлі де қиын мәселе болып қалып жатыр. Сан түрлі өршіген алаяқ­тық әрекеттермен халық күн сайын бетпе-бет келіп отыр. Осы мәселелерді шешуге депутаттық корпус – біз атсалысуымыз керек», деді Палата спикері.

Президент Жолдауында 2025 жыл­­ды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаудың маңыздылығына тоқталған Мәжіліс төрағасы: «Өйткені елімізде инженерлер, құрылысшылар, биологтер, ветеринарлар, су саласы ма­мандары тапшы. Қазір бізге зауыт, жол, үй салатын кадрлар көбі­рек қажет. Сондықтан біз оларды заңнама­лық тұрғыдан қолдау мәселесін де қарастыруымыз керек. Алдағы уақытта осы тақырыпқа арнап Үкімет сағатын өткізген жөн деп санаймын», деді.

Сонымен қатар жұмыскерлердің осындай санатын жеке мемлекеттік наградамен марапаттау елеулі ынталандыру болмақ. Осыған орай Палата спикері: «Біз, депутаттар Президенттің бұл идеясын өз тарапымыздан заңна­ма­лық деңгейде қолдайтын боламыз. Цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жұмысын да одан әрі жалғастырамыз. Мәжілісте жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі заң жобасы әзірленіп те қойды. Жақын арада Мәжілісте жобаны талқылау бас­талады», деді.

Сөзінің соңында ол қоғамда қызу талқыланып жатқан Атом электр стансасын салу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, атом электр стансасын салу туралы шешім – серпінді жоба. Бұған халықаралық тәжірибе айқын дәлел бола алады. Алайда мәселені түпкілікті шешу үшін қоғамның бірігуі қажет. Сондықтан халық үніне құлақ асу үшін 6 қазанда референдум өтеді. Бұл мәселеде де депутаттық корпус Президенттің осы прагматикалық идея­сын қолдап, жұртшылыққа дұрыс жеткізеріне сенім білдірді.

 

Тұтынушы құқын қорғау – уақыт талабы

Жалпы отырыстың күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан  Республикасының Ұлттық қорынан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы», «2025–2027 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет туралы», «Зағип­тардың және көру қабілеті бұзыл­ған немесе баспа ақпаратын қабыл­дауға өзге де қабілеттері шектеу­лі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заң жобалары қаралды. Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» және «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқық­тарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжаттардың мақсаты мен орындалу барысын талқылады.

Жыл сайын тұтынушылардың шағы­мы көбейіп жатқандықтан «Тұтыну­шы­лардың құқығын қорғау туралы» заңды жетілдірудің қажеттілігі туын­дап отыр. Сауда және интеграция ми­нистрі Арман Шаққалиевтің айтуын­ша, Мемлекет басшысы екі жыл бұрын­ғы Жолдауында «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас­тарды түбегейлі өзгерту тапсырыл­ған. Бұл орайда мемлекет барлығы­на тең мүмкіндіктер мен әділеттілік­ті қамтамасыз етуге міндетті екенін ай­тқан сала басшысы: «Тұтыну­шы­лар­дың құқықтарын қорғау туралы» заңға соңғы түзетулер төрт жыл бұ­рын енгізілген. Бірақ құқық қолдану тәжі­рибесі құжаттың қазіргі уақыт тала­бына сәйкес келмейтінін және тұтыну­шыларды қорғаудың тиімділігіне әсер ететін құқықтық кемшіліктерін көрсетіп отыр», деді.

Біріншіден, тұтынушылардың ш­а­ғым­дарын қарау мен шешудің төрт кезеңдік тәртібі тұтынушының сотпен қорғауға конституциялық құқығына кедергі келтіреді. Өйткені тұтынушылар сотқа жүгінбес бұрын жоғарыдағы кезеңдерден өтуге мәжбүр. Екіншіден, олардың құқықтарын қорғау туралы заңның қолдану аясы бөлшек сау­да және тұрмыстық қызметтермен ғана шектелген. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұрғын үй-коммуналдық, көлік, медициналық, туристік, байланыс қызметтері және тағы басқа маңызды қызмет салаларында тұтынушы құқықтарының бұзылуына орай іс-шаралар қолдана алмайды. Үшін­шіден, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері әлі де жеткілікті дәрежеде тиімді жұмыс істемейді. Төртіншіден, тұтынушылардың өтініштерін бизнеспен қабылдау және қарау үдерісін автоматтандыру үшін іске қосылған «Е-tutynushy» ақпараттық жүйесі кәсіпкерлердің оған ерікті түрде тіркелгенінен күтіл­ген нәтижені көрсетпеді. Бесіншіден, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін тек ескерту көзделген.

Министр жосықсыз бизнестің іс-әрекеттеріне жыл сайын тұтынушы­лардың шағымы артып жатқанын айтады. Мысалы, 2021 жылы Тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау комитетіне 25 мың өтініш түссе, 2022 жылы 30 мың, 2023 жылы арыз саны 51 мыңға дейін өсті. Сондай-ақ басқа мемлекеттік органдарға түскен өтініштер саны да өскен. Айталық, 2021 жылы 45 мың, 2022 жылы 47 мың, ал 2023 жылы 74 мыңнан асыпты. Тұтынушылардың электрондық сауда саласындағы бұзу­шылықтарға қатысты шағымдары былтыр 7 732-ге дейін күрт өскен.

Қолданыстағы құжаттың осындай олқылықтары оңды-солды сараланып, шетелдік тәжірибеге де ден қойылып отыр. Сонымен бірге заң жобалары барлық мемлекеттік органмен, соның ішінде Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен келісіліп, Мәжілістің барлық комитетінде қаралып, қолдау тапқан. Себебі заң жобалары тұтынушы құқығын қорғау жүйесін күшейтіп, қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов та заң жобасының негізгі мақсаты тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы тәсілдерін жетілдіру екенін жеткізді.

 

Салық саласына да өзгеріс қажет

Сонымен бірге палата отырысын­да қаралған салыққа қатысты құжаттар да халық игілігі үшін жұмыс істеуі қажет. Қаржы және бюджет комитеті­нің төрағасы Татьяна Савельеваның айтуын­ша, салықтар мен бюджетке төленет­ін міндетті төлемдердің саны қысқар­мақ. Әрі салық режімдері оңтайлан­дырылып, жеңілдіктерге талдау жүр­гізілетін болады. «Салық саласында әкім­шілендіруді жетілдіруге қатысты жұмыстар жүреді. Бұл Мем­лекет бас­шы­сының Жолдауда берген тапсырма­ларын іске асыруға бағыт­талғанын айта кеткен жөн», дейді ол.

Бұдан бөлек, Ұлттық қордан транс­ферт және 2025–2027 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы құжат­тар да ратификацияланды. Татьяна Савельева келесі жылы бюджетке 21 трил­лион 700 миллиард теңгеден астам қар­жы түседі деп жоспарланғанын айтты. Ал шығысы 25 триллон 800 миллиард теңгені құрап отыр. Яғни бюджет тап­шылығы 4 триллион теңгеден асуы мүмкін. Сондай-ақ Ұлттық қордан аударылатын қаржы 5 трил­лион теңгеден асты.

Депутаттарды халықтың жағдайы қатты алаңдатады. Депутат Болатбек Нажмет­динұлы Үкімет назарын ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі­не аударуды сұрады. Оның айтуын­ша, ветеринарлық бақылау комитетін­де қалыптасқан мәселе көп, шегірткен­ің таралуына қарсы күреске дайындық­тың сәтсіз аяқталуы да көп жағдайды түсіндіреді. Алайда осындай олқылық­тар үшін басшылықтың жазаланбауы жағдайдың түзелуіне жол бермей отыр.

Ал Мархабат Жайымбетовтің са­уал жолдауына экологиялық апаттың бар қиындығын бастан кешіп отырған Арал халқының Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегі арқау болды. Оның сөзінше, «САТ» жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтерумен жүзеге асты. Бір әттегенайы, «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынған. Салдарынан Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен теңіз жағына қарай 48 млрд текшеметр шамасында су зая кеткен. «Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе? Тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат нұсқаның мақұлдануына жергілікті халық алаңдаулы», дейді депутат. Сондай-ақ ол айдыны қашқан теңіздегі халық Су ресурстары ми­нистрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Ең қызығы, жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 миллион доллар бөлінген. Тіпті жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей, қаражат игеріліп қойған.

Бұдан басқа, депутаттар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Бұған дейін де Қазақстан Халықтық партиясының фракциясы ТжКБ-дағы жүйелі проблемалар туралы құзырлы министрлікке жүгінген. Олардың айтуынша, ТжКБ-ны жеткіліксіз қаржы­ландыру, мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудегі диспропорция, дуалды оқытуда колледждердің кәсіпорын­дармен өзара әрекеттесу деңгейінің төмендігі, түлектердің құзыреттері мен дағдыларын объективті, халықаралық деңгейде бағалай алатын тәуелсіз сертификаттау жүйесінің болмауы, заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларын енгізудің төмен деңгейі секілді мәселелер уақыт күттір­мей шешілу қажет.

Сонымен қатар депутаттар автомобиль жолдарының жай-күйі мәселесін көтерді. Шынында да, жыл сайын айтарлықтай қарыз және бюджеттік қаражат бөлінгеніне қарамастан, жолдардың сапасы жақсармай отыр. Ескірген техника, құрылыс маусымында битум тапшылығы, жолдарды бұзатын ауыр жүк көлігінің басымдылығымен күрес және жол бойындағы сервисті дамыту әлі де өзекті. Олардың пікірінше, мем­лекеттік сатып алу шарттары ар­қылы автожол жұмыстарын ұйымдас­тыру­дың қолданыстағы әдістері сыбайлас жемқорлыққа, жолдардың сапасыз­дығына және жыл сайынғы жол жабын­дарын жөндеу қажеттілігіне әкелді. Мұн­дай шарттар бойынша мердігер­лер көздейтін жалғыз мақсат – қысқа мерзімге жету және мемлекеттен ақша алу, ал жолдардың сапасы мәселесі екінші орынға шығады. Сол үшін МЖӘ арқылы бюджет қаражатын үнемдеу тетігі қажет.