Көне тарихымыздың көмбесіндей болған құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау маңызды міндет. Бірегей мұралар бүлінбей, келешекке қаз-қалпында жету үшін кәсіби мамандардың күтімі қажет. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен Мемлекеттік орталық музейде «Ашық қалпына келтіру орталығы» есік ашып, «Мәдени құндылықтарды қалпына келтіру жолдары» деген атаумен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны салтанатты түрде ашқан Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова «Ашық қалпына келтіру орталығын» құрудағы басты мақсат – тарихи мұраларды қаз-қалпында сақтау және музей құндылықтарын қалпына келтіруші мамандар тапшылығына байланысты болашақ реставраторлар легін қалыптастыру екенін атады. Музей басшысы орталықта шеберлік сабақтарын өткізу арқылы осы мамандыққа жастардың қызығушылығын оятып, көрермендер арасында музей жұмысына деген оң көзқарас қалыптастыру қажет деп есептейді.
Жалпы, орталық музей қоры ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан қалыптаса бастаған. 200 жылға жуық тарихы бар тағылым ордасында реставрациялық жұмыс 1978 жылдан бастап жүргізіледі. Ал «Ашық қалпына келтіру орталығы» сала бойынша білім алаңын ұйымдастырып, реставратор мамандар, тарихшылар мен өнер сүйер қауым арасында іскерлік қарым-қатынас орнатуға сеп болмақ. Мұндай орталықтарды қоғамдық өмірге енгізу мәдени нысандар мен музей қорларындағы музейлік заттарды сақтаудың маңыздылығын көрермендер арасында жан-жақты насихаттауға ықпалын тигізетіні де анық.
Көне жәдігерлерді сақтаудың заманауи мүмкіндіктері мен тың тәсілдері сараланған басқосуда тақырыпқа орай бірнеше баяндама көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, ЮНЕСКО және Еуроодақтың «Жібек жолы» жобасының үйлестірушісі Маджер Масанов «Жібек жолы бойынша ЮНЕСКО жобалары аясында жүзеге асырылған қалпына келтіру жұмыстары», Қазақстан қолөнершілер одағының төрағасы, материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі әрі сарапшысы Айжан Бекқұлова мен «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының дизайнері және реставраторы Элина Алтынбекова «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оюлы есігінің қайта жаңғыруы: консервациялау және қалпына келтіру» тақырыбында баяндама жасады.
Мамандар музей қорындағы бұйымдарды күтіп-баптаудың ғылыми тәсілдеріне тоқталса, Орталық музей қызметкерлері бұл бағыттағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік дәрісін өткізді. Керамикалық бұйымдарды, кілем мен тоқыма өнімдерін, киім және мата бұйымдарын, металдан жасалған жәдігерлерді, бейнелеу өнері туындыларын қалпына келтірудің бірегей әдісімен бөліскен А.Құрақбаева, Д.Ибраева, Г.Мекебаева, О.Перова, Б.Шайкенова, Ш.Заманбекова қатарлы музей мамандары кәсіби шеберліктерін паш етті.
Реставрация орталығының ашылуы ғылыми ортадан бөлек, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен еліміздің тарихи-мәдени мұрасына қызығатын қарапайым көрермен үшін де таптырмас олжа. Таныстырылым аясында бірегей экспонаттар – белгілі зерттеуші, өнертану ғылымдарының докторы, Орталық Азия мен Қазақстанның сәулет өнерін зерттеуші ғалым Лия Маньковскаяның Қожа Ахмет Ясауи кешенін қалпына келтіру жұмыстарына даярлаған сызбалары, Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі Молдахмет Кенбаевтың (1925-1993) Қожа Ахмет Ясауи кесенесі есігінің қарындашпен салған сызбасы ұсынылды.
Сондай-ақ шара барысында Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің студенттеріне металл және керамика бұйымдарын қалпына келтіру бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
АЛМАТЫ