• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 07 Қыркүйек, 2024

Дүниежүзілік көшпелілер ойындары басталады

201 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниенің назарын аударған көшпелілер ойындарының ертең салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Апта бойы елорда төрінде этноспорт дода­сы қызып, мәдени, ғылы­ми бағыттағы іс-шара­лар елдігімізді әйгілей түсе­тіні сөзсіз. Он жылдан бері жүлгесі үзілмей келе жат­қан Дүниежүзі­лік көшпелі­лер ойындарында алты құр­лыққа са­уын айтылды. Әлемнің таңдаулы ақ­парат құрал­дары Арқа төсі­нен тікелей хабар таратады.

Намыс пен жігер әйгіленбек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дүбірлі додаға дайындықты пы­сықтаған кеңесте байрақты бәсеке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, халқымыздың терең тарихы мен мәдениетін, қонақ­жайлық қасиетін көрсетуге тиіс екенін, меймандар мен спортшыларға қажетті жағдай жасау аса маңызды екенін ескерт­ті. Сайыстарды қабылдайтын ин­фрақұрылым жаңғыртылып, спорт кешендеріне күр­делі жөндеу қар­қынды жүр­гізіл­ді. Ұлттық ойындарды қабылдайтын кешендер маңынан жаңа нысандар да соғылып, сайыстар ғана емес, мәдени іс-шаралар өтетін этноауыл бой көтерді.

Елімізде бұған дейін қысқы Азия ойындары, студенттер ара­­­сында бүкіләлемдік қысқы Универсиада сынды дүбірлі дода­лар жоғары деңгейде ұйым­дасты­рыл­ды. Енді міне, этноспорт алам­а­ны­­ның түңлігі түрі­летін де сәт жақын.

Қашанда «тойдың болға­нынан боладысы қызық». Жұмылған жұдырықтай ынты­мақпен өр­біген әзірлік жұ­мыстары да тия­нақталды. Ұйым­­­дас­тыру алқасы барлық шараны жүйелі жүр­гізілгенін айтты. Көшпелілер ойындарында сайысқа қосылатын аттар мен құсбегілік додасында қырағылығы сыналатын құс­тарды ұстайтын орын қажетті ве­теринарлық-санитарлық стан­дартқа сай келеді. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте V Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарын дайын­дау және өткізу жөніндегі ди­рекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев пен «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры Бақдәулет Сә­би­тов ұйымдастыру алқасы да, қаты­су­шылар да сақадай-сай әзір ек­енін жеткізді

Суретті түсірген – Ерлбол ЕРДЕНБЕК

А.Қондыбаев дүбірлі аламанға жалпы саны 560 ат әкелінгенін атап өтті. Оның ішінде 114 жүй­рікті ат спорты ойындарына қа­тысатын ұлттық құрама мү­шелері мініп шықса, 300-ге жуық қылқұйрық көшпелілер ойындарына қа­тысатын шетелдік ко­мандаларға уақытша беріледі. Қырғызстан, Моңғолия, Қытай сынды елдерден келетін делегация өз аттарын мініп шығады. Этноспорт аламанына қатысатын аттардың барлығы да «Арғымақ» ат спорты кешенінде және «Қазанат» ипподромында арнайы соғылған қорада тұрады.

Ал дәстүрлі аңшылық өнер са­йы­сында («Құсбегілік») көрер­мендер 45 қыранның өнерін тамашалайды. Бұл ұлт­тық құраманың құстары, сондай-ақ Моң­ғолия мен Қырғызстаннан қырандар, сұң­қарлар мен қаршығаларын құсбегілер өздері әкелмек. Бір аптаға ұласатын айтулы іс-шарада 1 300 ерікті жұмылдырылады. Абы­лай Қондыбаев еріктілер бір­­неше бағыт бойынша қызмет атқаратынын айтты.

«Додаға дейін үміткерлерден 4 500-ден аса өтінім келіп түскен, оның ішін­де Қырғызстан, Өзбек­стан, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Түрікменстан, және Гана Рес­публи­касынан да ерікті бо­лу­ға ықылас таныт­қандар бар. Ірік­теуден өткен көмек­шілер енді қо­нақтарды қарсы алу, спорттық алаң­­­дарда жұмыс істеу, транспорт, тамақ­тандыру бағыттары бо­­йын­ша жұмыс атқарады», деді ол.

Аталған дирекция өкілі ер­тең салтанатты ашылу рәсімі өтетін «Астана Арена» стадионына қа­тысушыларды автобуспен жеткізу қызметі іске қосылатынын айтты. Көрермендерге этноауы­л, «Қазанат» ипподромы, «Ар­ғы­мақ» ат спорты кешендеріне өз көліктерімен баруға рұқсат етіл­мейді. Ойындар кезінде қоғамдық автобустар еш кедергісіз өз кес­те­сімен қатынайды. Сондай-ақ 7–13 қыркүйек аралығында, яғни жарыс күндері көрермендер үшін арнайы шатл басс ұйым­дастырылады.

«Әр күні сағат 08.00-ден 21.00-ге дейін «Астана Арена» стадионы, ЭКСПО және республикалық Бас мешітте автобустар жан­күйерлерді осы спорттық ны­сандарға ақысыз тасымалдайды. Одан басқа қала­лық қоғамдық көліктер ақылы түрде атал­ған үш нысанға барады», деді спикер.

2014 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан көшпелілер ойындарында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Астана төрін ұсынатын дүбірлі додаға 89 елден 2 430 қатысушы тіркелген. Оның ішінде жаттықтырушылар, спорт­шы­лар, мәдени және ғы­лыми жо­баларға қатысатын ға­лымдар, зерттеушілер де бар. Медальдің жалпы саны – 581 дана. Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарының жүлде қоры – 250 млн теңге. Сый­ақы қаражаты ойындардың бас серіктесі «Халық банк» тарапынан бөлініп отыр.

Ғылыми бағдарламаға 12 елден 75 қа­тысушы тіркелген. Конференция 9 қыр­күйек күні өтсе, мәдениет бағыты бойынша Этноауылда 100-ден аса мәдени іс-шараға 5 600 қатысушы үлес қосады. Оның ішінде этностық мәдени топ өкілдері мен дәстүрлі һәм эстрада әншілері, бишілер бар. Этноауыл бүгіннен жұмысын бастайды.

А.Қондыбаев іс-шараға дайын­­дықтың соңғы кезеңі қар­қынды жүргізілгенін атап өтіп, ақпа­раттық қолдау көрсетіп, ма­ңыз­ды оқиғаны насихаттап жүр­ген БАҚ өкіл­деріне дирекция ұжымы атынан алғысын білдірді.

«Біз Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының ашылуын асыға күтіп отырмыз. Осы айтулы оқи­ға қарсаңында дайын­дық қызу жүріп жатыр және біз қаты­су­шы­ларды жоғары деңгейде қарсы ала­тынымызға сенімдімін», деді ол.

Қонақтарды қабылдау үшін елорда­дағы 20 қонақүй мен 331 көлік құралы жұмыл­ды­рылады. Қатысушылар үшін қо­нақүйлерден спорттық нысан­дарға арнайы шатл басстар ұйымдастырылады.

«Ертең Қазмедиа орталы­ғында журна­листердің ақпарат таратуына ыңғай­лы бо­луы үшін ойындардың ашылу салтанаты тікелей эфирден көрсетіледі. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпелілер ойындары кезінде «Қазанат» ипподромында, Ж.Үш­кемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз айдыны кеше­нінде баспасөз орта­лықтары жұмыс істей­ді. Этно­ауылда арнайы студия ретінде жаб­­дық­­­талған киіз үй құ­рылады», деді А.Қондыбаев.

Спикер ойындардан ақпарат таратуға тек отан­дық қана емес, ха­лықаралық БАҚ өкіл­дерінің де қызығушы­лығы жоғары екеніне тоқталды. Баспасөз ак­креди­тациясына жалпы саны 64 елден 1 185 өтінім түскен. Олардың ішінде CNN, BBC, Euronews және т.б. әлемдік жетекші ақпарат құ­ралдарының өкіл­д­ері де бар.

А.Қондыбаев көшпе­лілер ойындарын тамашалаушылар үшін наурыз айының соңын ала билеттер сатыла басталғанын айтты. Ересектерге ар­налған би­леттерінің құны 500-ден 15 000 теңге аралығында сатылады. Ал билеттердің орташа бағасы – 3 600 теңге. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жан­дарға, оқушыларға жеңіл­діктер қарастырылып, билет бағасы арзан­датылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлт­тық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов Қазақстан құра­масындағы 216 спортшы 21 спорт түрінен де додаға қосы­латынын атап өтті.

«Биыл ақпан айынан бері 11 ұлттық спорт түрлері бойынша 42 оқу-жаттығу жиындары өтті. Астана қаласында барлық 21 спорт түрінен команда мүшелері әзір­лік­терін пысықтап, ертең бас­талатын дүбір­лі додада ел үмітін ақ­тайтынына сенім білдіреміз», деді Б.Сәбитов.

Бүгін «Көшпелілер ғаламы» этноауыл­дың сал­танатты ашылу рә­сімімен басталатын дү­бірлі дода 13 қыр­күйек­ке дейін жалға­сады.

 

Жорықтың мәнді мәресі

Көшпелілер ойында­рының қарсаңында бас­талған халық­ара­лық ма­рафон-бәйге бүгін мәресіне жетеді. Сол­түс­тік Қа­зақстан облы­сының Ботай қо­нысынан басталған бес күндік бәйге елордада аяқталады. Күн сайын 100 шақырымды өндірген қаты­сушылар аттарының тасыр­қамауын тілеп, жүлде қоры қо­мақты до­даның бәй­гесін ол­жалау­дан үмітті.

«Ұлы дала жорығы» халық­аралық марафон-бәйге биыл тұңғыш рет ұйым­дастырылып отыр. Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарына орай атқа қонған шабандоздар жер апшысын қуырып көмбеге таяп келеді. Халықаралық марафон-бәй­геге қосылған Қырғызстанның құрама ко­ман­дасының қарқыны қатты болған еді. Топты бастап, үш кезеңді де өзгелерден оқ бойы озып келген Қырғызстан құрамасы көшбасшылық атақ­тан айырылды. Се­бебі кешегі төртінші кезеңде команда ша­бан­доздарының бір емес, үш аты бірдей сайыстан шығып қалды. Жаңа қырғыз тұқымды жылқыларын мінген шабандоздардан жасақталған команданы бастап келген бапкер Жеңісбек Батырқұлов үш ке­зеңді көштің алдында жүрген шәкірт­терінің талпынысына қуанғанын, бірақ ат­тарының болдырып әлсіздік танытқанына өкі­ніш білдірді.

«Әттеген-ай дейміз, «біл­мейтін жердің ой-қыры көп» деген. Біз мұндай жорыққа тұңғыш рет қатысқандықтан тә­жірибе кемшін түсті. Төр­тінші кезеңде үш атымыз тасырқап са­йыс­тан шығарылды. Өкі­нішті, әрине. 500 ша­қырымдық ма­ра­фон-бәйгенің көп бөлігін еңсеріп, мә­реге жақын қалғанда осындай күйге тап болдық. Десе де Ас­тана қаласына дейін қалған екі арғы­ма­­ғымызбен шауып барамыз», деді бапкер.

Жорық сайысының бас дәрігері Ерке­бұлан Қосаев шабандоз да, олар тақым­даған арғы­мақтар да қатаң бақы­лауда болатынын айтады.

«Ботай қонысынан Астана қаласына дейін 500 шақырым қа­шық­тықтың бағыты арнайы картаға сызылып белгіленген. Шабандоздардың әрқайсысына да карта беріледі және аттарға чип орнатылған. Мойын мүшесіне, қалың етіне батырмай терінің астына ор­натылған чип арқылы олардың әр 100 шақырымды қалай жүріп өткенін монитордан бақылаймыз. Қатысушылар карта бойынша қанша шақырымды шауып өтті, болмаса неше уақыт бөкен желіске салғанын, тіпті өрге келгенде өгізаяңмен жүрген уақыттарының барлығын чип арқылы есепке аламыз. Бағыттан адасып қиыс кетсе, кейін ол мәселе де төрешілер алқасының отырысында талқыланады. Чип салудағы мақсат – қатысушылардың орта жолда ат ауыстырып мінуіне жол бермеу. Мәреге жеткен соң келесі кезеңді бастамас бұрын шабандоздардың денсаулығын, аттардың жағдайын ветеринар мамандар жіті бақылап, сыр­қатын байқаса, сайысқа жі­бермейді», деді Е.Қосаев.

Халықаралық марафон бәй­генің бас төрешісі Серік Әбжа­нов сайыс әділетті өтіп жатқанын атап өтті.

«Бұл бәйге емес, жорық. Мұны шатастырмау керек. Басты мақсат командадағы бес аттың да төрт көзі түгел көмбеден көрінуі керек. Бірақ кей команда мү­­шелері уақыттан ұтамыз деп тіпті 50 шақырымды бір сағаттан аса уақыт­та өндіріп, аттарын зорықтырып та алғаны жасырын емес. Төртінші кезеңде қатысу­шылар Жалтыр елді мекенінен шығып, Тоғанасқа дейін 100 шақырым жолды жүріп өтті. Жолай бағыт бойынша бірнеше суат, бақылау пункті ор­­наласқан. Жорық ережесі бойынша қатысушылар аттары шөлдемесе де суатқа аялдауға міндетті. Өйткені шабандоздың жағдайы қалай екенін де бақы­лауға міндеттіміз. Егер адасқан жағдайда осы бақылау пунктіндегі мамандар бағытты көрсетіп жөн сілтейді», деді бас төреші.

С.Әбжанов қатысушы коман­даларға ережені бұзса, айыппұл салынатынын да ескертті. Тіпті бұған дейін бірнеше команда айып арқалап та үлгеріпті. Мыса­лы, әр кезеңді бастар алдында командалар реттік саны бойынша мәреден жорықты бастайды. Сол уақытта дайын болмай кешігіп шықса, айып арқалайды. Ветеринарлық ба­қылау орталығының мамандары тексеретін мезетте аттарын әкелмесе де ұпайы төмендейді.

Халықаралық марафон-бәй­­гесінің ережесі бойынша соңғы мәреге дейін, яғни 500 ша­қырымды команда мүше­лерінің кемінде үшеуі жүріп өтуі міндетті. Егер үш немесе төрт аты орта жолда сайыстан шығып қалса, бәйге беріл­мейді.

 

АҚШ құрамасы келді

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпардан додаға қосылатын АҚШ құрамасы кеше елордаға ұшып келді. Ков­бой­ларды астаналықтар салтанатпен қарсы алып, ән-жырдан шашу шашып, ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызды.

Этноспорт аламанына үшінші мәрте келген ковбойлар бұған дейін қырғыздың көкбөрі ойынынан додаға қосылып ысылды. Америкалық көкпаршылар нау­рыз айында Астанаға арнайы келіп, көкпардан ұлттық құрама мүшелерімен жолдастық кездесу өткізіп, төл ойынымыздың қыр-сырын үйренген еді. Көшпелілер додасына АҚШ құрамасын бастап келген команда капитаны Скотт Симмерман көкпар ойынына бозбала шағынан қызыққанын, ат үстіндегі ептілік пен білек күші сыналатын сайыстың әдіс-тәсі­лін команда мүшелері де тәуір меңгергенін айтты.

«Көкпар спортына деген қызығушылық бізді Қазақстанға бастап әкелді. Ковбой­лардың қалай ойқастайтынын паш етеміз, бастысы, біз мінетін арғы­мақтар әлсіз болмаса екен дейміз. Дүбірлі додада үздік­тер қатарынан кө­рінуге барымызды саламыз. Жан­күйерлеріміздің сенімін ақтап, көрермендерге тартысты ойын сый­лағымыз келеді», деді С.Сим­мерман.