Павлодар қаласында қоқысты сұрыптайтын зауыт құрылысы қолға алына бастады. Жобаға сәйкес кәсіпорын тұрмыстық қатты қалдықтар төгілетін полигонда орналасады.
Павлодар қаласының аулаларындағы контейнерлерден күніне мыңдаған тонна қоқыс жиналады. Билік тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, жинау тәсіліне көшуді ойға алды. Бұл үшін қалдықтар төгілетін полигонда арнайы зауыт құру жобасы басталып кетті.
– Шаһарда ескі қоқыс контейнерлерін еуроконтейнерлерге ауыстыру жобасы жалғасып жатыр. Былтыр қоқыс төгуге арналған 800 еуроконтейнер сатып алған едік. Биыл Химқалашық шағын ауданынан бастап 133 заманға сай контейнерді орналастырдық. Бұл үшін контейнер ыдыстарды қоюға арналған алаңдар құйылды. Жыл соңына дейін қосымша шамамен 1 мың еуроконтейнер сатып аламыз деген жоспар бар, – деп мәлімдеді қалалық әкімдіктен.
Жаңа қоқыс контейнерлеріне «Спецмашин» ЖШС жаңадан 18 қоқыс таситын машина сатып алған. Қалада қоқысты сұрыптау зауытының жобасы іске аса бастады. Ол тұрмыстық қатты қалдықтар тасталатын полигон аумағында орналасады. Жобаға сәйкес кәсіпорында түсті және қара металдар, картон, полиэтилен, пластик қалдықтары, резеңке, ағаш, тоқыма-мата өнімдері, шыны қалдықтары жеке-жеке жиналады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын шаһар билігі қала тұрғындарына жақын арада қоқысты бөлек-бөлек жинау әдісі енгізіледі деп уәде еткен. Олардың жоспарынша сұрыпталып алынған құрғақ қалдықтар мен пластиктер қайта өңделіп, ал органикалық қалдықтар жойылуға тиіс еді. Алайда белгісіз себептермен жоба сөз жүзінде қалып қойды. Арнайы бағдарлама да болмай, бұл жұмысты кезінде «Оператор РОП» компаниясы жүргізеді деген сыбыс та шыққан. Осылайша, бүгінде Павлодарда еуроконтейнерлер мен еуропалық стандарттағы арнайы қоқыс көліктері бар да, еуропалық әдіспен қоқыс жинау, өңдеу ісі жоқ. Алдағы уақытта жоба толыққанды жүзеге асады деген сенім зор.
Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыстағы бірнеше елді мекен полигондар құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын кешенді сараптамадан өткізіп жатыр. Атап айтқанда, Тереңкөл, Ертіс, Баянауыл, Майқайың кенттерінде бұған маңыз берілген. Басқарма басшысының орынбасары Дияр Қайыркеновтің айтуынша, олар кейіннен қолданыстағы полигондарды рекультивациялау арқылы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын құруды көздеп отыр. Сонымен қатар облыс әкімдігінің жобалар пулына Павлодар қаласында қалдықтарды өңдеу кешенінің құрылысы енгізілді.
– Қалалар мен аудандарда контейнерлерді сатып алу, орнату жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыс бойынша 2,5 мыңнан аса контейнер орнатылды. Оның ішінде пластик қалдықтарды жинауға арналған 891 контейнер, қалдықтардың қауіпті түрлерін жинауға арналған 200 контейнер (құрамында сынап бар шамдар үшін) бар. Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында, сондай-ақ жеті ауылдық аумақта тұрмыстық қалдықтарды басқарудың жеке бағдарламасы әзірленді. Бұл стратегияларға қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, қайталама шикізатты жинау пункттерін салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуге арналған жабдықтарды алу, жаңа контейнерлер мен қоқыс шығаратын көліктер сатып алу кіреді, – дейді басқарма өкілі.
Павлодар облысы