Ақмолалық диқандар бітік егіннің әр дәнін шашау шығармай, жерде өскенді жерде қалдырмай жинап алу қамына кіріскен. Қауырт қимылдың нәтижесінде жауапты науқан өрмек жүзінен ауды.
Толассыз жауыннан зәрезап болған диқандар күн райын бақылап отыр. Әрбір ашық сәт – алтыннан қымбат. Ұтымды қимылдауға тырысқанымен, тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ. Таңертең шық кепкенше кідіріп қалады. Қанша асыққанмен жұмыс күндізгі сағат 10-11-лерде ғана басталып жүр. Ымырт үйіріле тағы да ылғал молаймақ. Қолбайлау болып отырған негізгі жайт – осы. Ылғал мол жылы астықты кептіру – бір мұң. Қазір облыста сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын элеваторлар іркіліссіз жұмыс істеп тұр.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарында сыйымдылығы 2,8 млн тонна төңірегінде астық сыятын қоймалар бар. Егін орағы басталғалы Бұланды ауданындағы «Арна» серіктестігінің астық қабылдау кәсіпорны тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен. Сыйымдылығы 120 мың тонналық элеваторға төңіректегі төрт ауданның диқандары астық пен майлы дақылды тасымалдайды. Кәсіпорын басшысы Клара Меңдібаеваның айтуына қарағанда, тамыздың 25-інен бастап ауысыммен жұмыс істеуге көшкен.
Жауапты науқанда жұмысшылар демалыс күндері де бір тынбайды. Қыруар еңбекпен өсірілген астықты ысырапсыз сақтап қалуға өз үлестерін қосып жатыр. Таңғы сағат жетіден түнгі үшке дейін 2,5 мың тонна астық қабылдап үлгереді. Іле ұшыру, тазалау, кептіру жұмыстары жүргізіледі. Егін орағы басталғалы алғашқы бетте ылғалдылық көрсеткіші 25 пайыз болса, күн ашылып, танаптағы дән біршама кепкен соң ылғалдылық көрсеткіші 16-19 пайыздың төңірегінде болып тұр. Бұл жай элеватордағы еңбекті сәл де болса жеңілдетеді.
Жеткізілген астық зертханадан өткізілген соң бірден кептірілуге немесе атжалдап үюге жіберіледі. Астық қабылдау кәсіпорнындағы зығыр сабанымен жұмыс істейтін кептіргіш құрылғы күні-түні тоқтаған емес. Қазір үш мың тоннаға жуық дымқыл астық жинақталып қалған. Әйтсе де, кәсіпорын директорының айтуынша, бұл соншалықты қорқынышты емес.
Бір жақсысы, 87 адам еңбек ететін кәсіпорында жұмыс күші жеткілікті. Тіпті жан алып, жан беріскен науқандық жұмыс кезінде де сырттан көмек шақырмапты. Бар жұмыс механикаландырылғандықтан, қол күшін қажет ететін тұс сейілген. Қазір бар шаруа көзді ашып-жұмғанша атқарылады. Бір жүк машинасындағы дәнді түсіру үшін небәрі бес минут уақыт кетеді. Сөз арасында астық қабылдау кәсіпорны «Бота 2015» серіктестігінің зауытына қажетті шикізатты сақтайтынын және Макинка құс фабрикасы да құс азығын осы жерде өңдейтінін айта кетсек, артық болмас.
Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігі – ірі шаруашылықтың бірі. Олар 116 мың гектар жерге дәнді дақыл тұқымын сіңірген. Серіктестіктің бас директоры Ерлан Тоқановтың айтуына қарағанда, астық сапасы әртүрлі. Үшінші, төртінші класс та бар. Ылғалдылығы сортына және егін орағын жүргізу уақытына байланысты. Жауын көп болғандықтан, кейбір алқаптағы ақық дән піспей жатыр. Сондықтан жауапты науқанның мерзімі мейлінше шектеулі. Қазір дәннен басын көтере алмай, теңіздей толқыған егістік алқаптарда жүзге жуық астық комбайны жұмысқа тартылған. Оның басым көбі – заманауи алымды комбайндар.
– Биылғы көктемгі егіс кезінде жауын-шашын көп болып, уақыт өткізіп алдық. Сондықтан қоңыр күзде дән піспей, қолбайлау болып тұр. Бұл жай бидайдың сапасына да әсер етуде, ал көлемінде кемістік жоқ. Серіктестік бойынша гектар берекесі 30 центнерден айналып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Соңғы тәуліктерде бидайдың ылғалдылығы 17 пайызға жетті, – дейді «Журавлевка – 1» серіктестігінің директоры Ерлан Тоқанов, – астықты «Арна» элеваторына тасымалдап жатырмыз. Өзіміздің қырмандарымызда да кептіргіш құрылғылар бар.
Серіктестік астықты ысырапсыз сақтау үшін жеті жылдан бері жаңа технология бойынша сыйымды астық қаптарын пайдаланып жүр. Бұл әдіс тым ылғалды дәнді сақтауға септігін тигізеді. Мұндай қаптардың сыйымдылығы – 60 мың тонна төңірегінде. Жаңа астықтың 20 мың тоннасы қапталған. Мамандардың айтуынша, ылғалдылығы 20 пайызға жететін 200 тонна астықты жарты жыл сақтауға болады. Суық түскен кезде қаптағы дәнді астық қабылдау кәсіпорындарына жөнелтеді.
Шаруашылықта картоп та өсіріледі. 400 гектар егістік алқап суарылады. Екінші нанның бірнеше сұрыптары отырғызылған. Қазір картоп алқаптарының берекесі 32-45 тонна төңірегінде. Шаруашылық кейінгі үш жыл бойы өз қоймаларын пайдаланып отыр. Картопты үш комбайнмен жинап жатыр. Қазірдің өзінде сұраныс мол. Еліміздің оңтүстігінен, Өзбекстаннан да сатып алуға тілек білдірушілер табылып жатыр. Әр күн сайын 100 тонна өнімді жөнелтуде, қалғаны қоймада сақталады.
Ақкөл ауданының «Урюпин» серіктестігінің астығы жиналған алқаптарында сабан маялары сыңсып тұр. Өткен қыста малсақ қауым осындай сабанға зар болып еді. Серіктестіктің сабанды жинауға кеткен шығыны ел алғысымен өтелмек. Шаруашылықтар өздеріне екі мың тонна сабан жинап алмақ. Серіктестіктің барлық жұмысшысына шөп пен сабан тегін беріледі екен. Жер игілігін көріп отырғаннан кейін ауылдағы ағайынға жанашырлық жасаған жақсы ғой. Серіктестіктің бас инженері Рамиль Фатхиевтің айтуына қарағанда, егін алқаптарының жартысынан астамы жиналды. Көктемде он мың гектар жерге дәнді дақыл тұқымын сіңірген болатын. Мол ылғалдың арқасында егін бітік шықты. Соңғы тәуліктерде күн шайдай ашылып, қауыздағы дән кебе бастады. Қазір дәннің ылғалдылығы 14-15 пайыз шамасында, ал гектар берекесі 17 центнерден айналып отыр.
Ақкөл ауданындағы «Еңбек» серіктестігінің егістік алқаптарындағы ырыздық үшін өрістетілген күзгі дала жорығы нағыз қызған шағында. Серіктестіктің бас инженері Андрей Зинченконың айтуына қарағанда, таңертең бастырылған дәнде ылғал көптеу. Шаңқай түсте дәннің бойындағы ылғал кеуіп, 16 пайызға дейін төмендейді. Алқапта бастырылған астық іле қырманға жеткізіледі. Кептірілгеннен кейін қоймаға тоғытылмақ. Гектар берекесі 20 центнердің төңірегінде. Серіктестіктегі егістік алқаптардан жиналған бидайдың сапасы да тәуір. Сөз арасында серіктестік органикалық тыңайтқышты пайдаланатынын айта кеткен жөн. Бидайдың «орасан» сұрпын өсіреді.
Серіктестік гербицидтерді, өзге де тыңайтқыштарды мүлде пайдаланбайды. Астықты алқаптарда жаз бойы бірнеше мәрте механикаландырылған өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Андрей Зинченконың пікірінше, халық бидайдың бұл сұрпын ауызекі тілде «түйенің тісі» деп атайды екен. Себебі бидайдың өзге сұрыптарымен салыстырған мейлінше қатты әрі түйе тісі тәрізді имектеу пішінде. Өндірілген өнімге алыс-жақын шетелден сұраныс көп.
Осы жылы жүгері де өсіріпті. Қазір кісі бойындай жүгері жайқалып тұр. Шаруашылық алпыс гектар жерге амарант дақылын мал азығына пайдаланамыз деп тұңғыш рет егіп, тәжірибеден өткізіп жатыр.
Уақытпен санаспай, ел игілігі үшін бойындағы бар қуат пен қажырды сарқа жұмсап, жауапты кезеңнің талабын жақсы түсінген ақмолалық диқандар енді бірер аптада ауа райы мүмкіндік берсе, бар жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқарып шықпақ.
Ақмола облысы